» » Инвестжобалардың тежелуі

Инвестжобалардың тежелуі

 Әлем бойынша инвесторлардың қарқыны қайтып, 40 пайызға дейін төмендеуі мүмкін деп әлемдік сарапшылар болжам жасады. Демек мына пандемия мен адамдардың оқшаулануы инвестжобалардың жүзеге асуын біршама тежейді.
Дағдарыс
Ұзақ уақытқа дейін өндіріс пен сауда тоқтап, жұмыссыздар саны артып, жалақы азайып, қарапайым жұртшылықтың өмір сүру деңгейі кедейшіліктің шегіне жететін экономиканың қазіргідей жағдайы экономика тілінде стагнация – құлдырау деп аталады. Шетелдік инвестицияның осындай құлдырауы жақын екі жылда әлемдік экономиканың бас ауруына айналады. Инвестициялық активтердің 540 миллиард долларға дейін құлдырауы соңғы бес жылда ең көлемді жоғалту болып отыр. Шетелдік капиталдың көрсеткіші жағынан Қазақстанның қарқыны онсыз да бәсең, 2020-2021 жылдарды тіпті есепке алмасақ та болады.
Сауда және даму бойынша БҰҰ конференциясы «Әлемдік инвестиция – 2020» деген баяндамасын жариялады. Мұнда тікелей шетелдік инвестицияның соңғы бес жылына және 2022 жылға арнап болжам жасалған. UNCTAD сарапшыларының мәліметі бойынша 2020-2021 жылдары инвестицияның ғаламдық масштабы 40 пайызға дейін құлдырайды.
«Пандемия инвестиция нарығы үшін нағыз соққы болды. Көптеген елдегі қатаң тәртіпті оқшаулану жұмыс істеп тұрған инвестжобалардың қарқынын баяулатты. Экономикалық өсім мен өндірістің сын көтермейтін жағдайында болашақта халықаралық корпорациялардың жаңа жоспарын қайта бағалауға тура келуі мүмкін» делінген баяндамада.
Әлемдік статистика көрсеткеніндей, 2020 жылдың 1 кварталында трансшекаралық түсімдердің саны айтарлықтай қысқарған (2019 жылдың көрсеткшімен салыстырғанда 53 пайыз минусқа кеткен).  Көптеген дамыған елдердің өзінде жағдай мәз емес: Еуропадағы инвестицияның толқыны – 30-45 пайыз, АҚШ – 35 пайыз.   
Масштаб
Сарапшылардың болжауынша,  Қазақстан сияқты дамушы елдердің өтпелі экономикасы айтарлықтай зардап шегеді. Мұның негізгі себептері  шикізат секторы аясының тарылуы, тасымал қызметінің саябырсуы, банкроттың алдын алып, нарықтағы өнімдердің әртүрлілігіне назар аударатын, сөйтіп экономикалық тиімділікті арттыратын жаңа қадамдардың ғаламдық мәселелері болып отыр.
Дамушы Азия елдерінде шетелдік инвестиция орташа есеппен 38 пайызға қысқарады. Табиғи ресурстарға негізделген жобалардың жүзеге асуы күрт төмендейді. 2019 жылы шетелдік инвесторлардан түсетін табыс көлемі 55 млрд доллар болса, 2020-2021 жылдары бұл сандар 30-40 млрд долларға дейін азаяды.
 UNCTAD сарапшыларының дамушы елдер арасында жасаған рейтингі бойынша 2019 жылы тікелей шетелдік инвестициядан түсімі жағынан Қазақстан үшінші орында тұрды. Дегенмен биылғы динамикаға қарасақ, бір жылда 17 пайыз минусқа кеткен. Соңғы алты жылды талдасақ, тікелей шетелдік инвестиция тартудан үш жыл қатарынан төмендеу байқалады. Егер Қазақстан 2013 жылы шетелдерден 10,3 млрд доллар инвестиция тартса, алты жыл өткен соң бұл көрсеткіш 3,1 млрд долларға дейін үш есеге төмендеген. Шетелдік қаржыландырудың 38 пайызға дейін төмендеу болжамы бойынша 2020 жылы шетелдік капитал үлесі 1,17 млрд долларға тең болады екен.
ҚР Ұлттық Банктің статистикасы бойынша былтыр Қазақстанға 49 мемлекеттен инвестиция тартылып, жекелеген шетелдік инвесторлардан 6,5 млрд доллар түскен. Бұл қаржы Гонконг, Нидерланды, Швеция, Қытай, Ұлыбритания, т.б. елдердің есебінен аударылған. Қазақстанда шетелдік инвесторларды қызықтыратын ең әуелі өңделмеген мұнай мен табиғи газ (4,8 млрд доллар), екінші орында – көтерме және жеке сауда (694 млн доллар), үшінші орында – металлургиялық өндіріс (648 млн доллар).    
Қайта құру                                                                                          
UNCTAD сарапшыларының ұйғарымы бойынша шетелдік капиталдан түсетін болжам емес, нақты сумма әрбір елдің жеке дамуы мен инвестициялық саясатына тікелей байланысты. Соңғы жылдардағы тенденцияны ескерсек, 50-ден аса мемлекет инвестклиматты жақсартуға күш салған, шетелдік капиталға кері әсер ететін жағдайларды жұмсартуға тырысқан. Мұнымен қоса соңы сиырқұйымшақтанып кетпес үшін стратегиялық салаларға тиесілі  инвестжобалар арасында қатаң түрде іріктеу жүргізген.
Шетелдік инвесторлар арасындағы мұндай жоғары бәсекелестік сөз жоқ халықаралық өндіріске оң әсер етеді. Көптеген елдерде пандемия дәуіріндегі трансформация, яғни өзгеріске бейімделу жаңа проблемалармен қоса жаңа мүмкіндіктер де алып келеді. Робототехниканы пайдалануды автоматтандыру, цифрландыру аясын кеңейту және аддитивті өндіріс (соңғы технологияларды 3D қағидасы бойынша пайдалану) – дамудың басты бағыты болады. Басқаша айтқанда, енді инвесторлар өндірісте экономикалық шығын мен жұмыс күшін азайту мақсатында өндірістегі жоғары технологияларды тиімді пайдалануға көшеді. Бұл тенденция COVID – 19 дағдарысына қарсы жауап ретінде жүзеге асады.
 UNCTAD директорының инвестиция және кәсіпкерлік бойынша орынбасары Джеймс Жанның айтуынша, халықаралық ұйымдардың «жаңа сценарийі» инвестиция тарту ісінің стратегиялық дамуына және өндірістік инфрақұрылым мен қызмет көрсету секторының дамуы, т.б. жағдайларға бағытталады.
Енді өндірісті дамыту мақсатында ұлттық ресурстарды ұйымдастырудың экономикалық, әлеуметтік және саяси процесіне, яғни ұлттық экономиканы тірілтудің нәтижелі процесіне баса назар аударылады. Бұдан былай шетелдік капиталды қызықтыратын ел, ең алдымен өндірістік технологияны, сосын қайта өңдеу өнеркәсібін дамытуға ден қояды.

Ж.САҒИДА
16 шілде 2020 ж. 437 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031