Әлеуметтік желі шулап жатыр. Әңгіме кешегі Жолдауда Президент айтқан зейнетақы қорында жинақталған қаржының бір бөлігін пайдалану туралы болып отыр. Иә, пікірталас көп, олар әлбетте, сан-алуандығымен ерекшеленеді. Бірақ байқағаным, біз әлі көп нәрсенің байыбына жетпеген сыңайлымыз. Қазір Қазақстанда Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры салымшыларының шоттарында 12,1 трлн теңгеден астам зейнетақы жинағы қалыптасты. Айталық, бір жылдағы зейнетақы жинақтарының сомасы 1,9 трлн теңгеге пара-пар немесе 19 процентке өсіпті.
Ненің, кімнің есебінен? Салымшылар саны артты ма, әлде инвестициялық табыс өсті ме? Оны білу үшін ұзақ талдау жұмыстарын жүргізу қажет.
Әрине, зейнетақы жинақтарының негізгі сомасы міндетті зейнетақы жарналары есебінен қалыптасатыны белгілі, бүгінде оның мөлшері 11,8 трлн теңгені құрайды. Бұл – 2019 жылғы республика бюджетінен жоғары қаржы. Ал міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары бойынша зейнетақы жинақтарының сомасы 287,8 млрд теңгені, ерікті зейнетақы жарналары 2,1 млрд теңгені құрайды. 2020 жылдың басынан бастап 1 тамыздағы жағдай бойынша қор салымшыларының шоттарына 752,98 млрд теңге таза инвестициялық табыс есептелді, бұл 2019 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 389,77 млрд теңгеге артық.
Түсінген адамға бұл – жақсылықтың нышаны. Аз да болса табыс, демек, бос жатқан ақша табыс тауып жатыр.
Жуырда Үкімет отырысында алдағы 3 жылда Ұлттық қордан бөлінетін кепілдендірілген трансферттің әлеуметтік міндеттемелерді қаржыландыруға бағытталатынын жеткізген Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев жыл сайынғы индекстеуге және зейнетақы мен жәрдемақы алушылар контингентін ұлғайтуға келесі жылға қосымша 265 млрд теңге қарастырылғанын айтқан болатын.
Яғни, Үкімет қолдау көрсету мүмкіндігін арттырып отыр. Әрине, осының барлығы дағдарыс жағдайында өте-мөте маңызды. Бұл көмектің зейнетақы салымын ұлғайтуға қатысы бар екенін атап өткім келеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында осы зейнетақы жинақтарының бір бөлігін пайдалану мәселесіне тағы да тоқталды. Тура бір жыл бұрын Президент алғашқы Жолдауында жұмыс істеп жүрген адам өзінің зейнетақы жинағын зейнетке шыққанға дейін де пайдаланғысы келетінін, сондықтан жұмыс істейтін азаматтар өздерінің зейнетақы жинағының бір бөлігін белгілі бір мақсатқа, соның ішінде баспана сатып алуға немесе білім алу үшін пайдалану мәселесін жыл соңына дейін пысықтауды Үкіметке тапсырған болатын.
Алайда арада бір жыл өтті. Бұл мәселеде мемлекеттік орталық органдар мен қоғамдық сарапшылар ортақ тоқтамға келе алмады. Бұл мәселеге байланысты арнайы сөз алған сарапшылар зейнетақы жинағының белгілі бір бөлігін пайдалануға көптеген салымшының қолы жетпейтінін, ал жинағы қордаланып қалған азаматтардың тұрғын үйге мұқтаж емесін алға тартты.
Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында азаматтардың әлеуметтік әл-ауқаты, ең алдымен, баспана мәселесіне тікелей байланысты екенін еске салып, нарық жағдайында тұрғын үйдің қолжетімділігі адамдардың табысына және осы міндетті өздігінен шеше алу қабілетіне орай жүзеге асатынын жеткізді.
Президенттің айтуынша, бұл реформа еңбек қатынастарын ашық әрі заңды жүргізіп, зейнетақы жүйесіне қатысуға ынталандыратын пәрменді құралға айналады. Шын мәнінде, қазір көптеген кәсіпорын еңбеккерлерінің айлығы төмендетіліп көрсетіледі. Ал біз Қазақстанда келісім-шартсыз ауызша келісіммен жұмыс істеп жатқан мыңдаған адамдармен не істейміз? Олар туралы заң жоқ, көлеңкелі экономиканың айналымын өсіріп жатыр.
Осы орайда кеше Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов 2021 жылы кімдердің өз зейнетақы жинағының белгілі бір бөлігін тұрғын үй сатып алуға, емделу ақысын төлеуге немесе қаржылық компаниялардың басқаруына беруге мүмкіндігі болатынын айтты.
Мемлекет басшысы жыл соңына дейін барлық қажетті нормативтік-құқықтық актілерді қабылдауды және зейнетақы салымдарының бөлігін мақсатты жұмсауға дайындық жұмыстарын жүргізуді тапсырды. Мамандар жүргізген есептеу бойынша қазір 721 мың адам аталған мақсаттарға зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдалана алады. Бұл шамамен 1,4 трлн теңгені құрайды. Жұрттың әлеуметтік желіде шулап жатқанындай, бұл инфляция тудыратындай ақша емес.
Үкімет отырысында сөйлеген сөзінде Б.Нұрымбетов 530 мың жұмыс істейтін азаматтың зейнетақы жинағы «жеткілікті шектен» асатынын, сондай-ақ зейнетақы жинағы бар 178 мың зейнеткер және 13 мың адамның сақтандыру компанияларымен аннуитетті зейнетақы келісімі бар екенін атап өтті. Министрдің айтуынша, зейнеткерлерге қолдағы жинағының 50 проценттен аспайтын бөлігін алуына болады.
Жыл басында 30 жасқа толған ер-азаматқа жеткілікті шек 6,7 млн теңгені, ал әйелдерге 9,6 млн теңгені құрады. Алайда министр сол кезде жеткілікті шектің көлемін қайта қарауға уәде берген болатын. Себебі мұндай сома жинағандар Қазақстанда өте аз. Былтыр Президент тапсырмасынан соң Үкімет бекіткен талаптарға сәйкес, 200 мың адамның зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдалана алатыны айтылған еді. Алайда Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында бұл орайда алғашқы қадам жасалғанын айтып, жарнаны пайдаланушылардың ауқымы артатынын жеткізді.
Бірақ мәселе әлі күрделі, Президент сөзінен кейін бірқатар азаматтар жинақтаушы зейнетақы қорындағы қаржының алдағы жылдары инфляциядан кейінгі құнын қаншалықты сақтап қалатыны туралы ойланатын болды. Бұл енді Үкіметтің ақша-несие саясатын қаншалықты дәйекті жүргізуіне байланысты мәселе. Зейнетке шығу жасын төмендету әзірге шындығын айтуымыз керек, бірқатар қиындықтарға байланысты орындалуы күмәнді. Ол зейнет жасындағы адамдар мен жастар санының арасындағы айырмашылыққа байланысты болады. Қазір көптеген елдерді халықтың қартаю үдерісі алаңдатады. Ресейде соңғы дерек бойынша барлық 85 аймақтың 15-де ғана туудан өлім төмен болған. Қазақстанда мұндай проблема туындамағанымен, алдағы жылдары халықтың қартаю үдерісі әсіресе, солтүстік облыстарда біршама жылдамдауы мүмкін. Ал екеуінің арасында үйлесімді қатынас орнықпай, зейнетке шығу жасы төмендемейді.
Дегенмен жүйе жаңғыртылып жатыр. Өзгеріске деген талпыныс бар, бұл – әрине, жақсылықтың нышаны.