АУАҒА АЛАҢДАМАҢЫЗ
Көзге ілінбейтін, жұтсаң білінбейтін ауаны зерттеудің де өз машақаты бар. Соңғы уақытта ауа тазалығына күмән келтіретіндердің қарасы көп, алайда мамандар жағдайдың қалыпты екенін айтады. Осы аптада тіршілік үшін аса маңызды ауаның қазіргі ахуалын білмекке «Қазгидромет» РМК Қызылорда облыстық филиалына ат басын бұрдық.
Алдымен «Қазгидромет» РМК Қызылорда облыстық филиалының зертхана бастығы Гүлшат Әзілханқызымен бірге қоршаған ортаның ластануын қадағалайтын №2 «Скат» автоматты бақылау бекетіне табан тіредік. Берденов көшесінің бойында орналасқан бекет сырттай қараған адамға елеусіз көрінеді, бірақ атқаратын қызметі біз ойлағаннан да маңызды болып шықты. Сырт құрылысы кәдімгі қорапқа ұқсайтын бекетте бірнеше газталдағыштар орналасқан, ішкі температура салқындатқыш көмегімен қалыпқа келтіріліп тұрады. АИИС-ВП-2 метеостансасы барлық метеопараметрлерді көрсетіп тұр. Облыстық филиалда 13 жылдан бері қызмет ететін Гүлшат Әзілханқызы жұмыс барысын жүйелі баяндап, біз біле бермейтін тақырыпты рет-ретімен талдай түсті.
‒ 2013 жылы қала бойынша екі нүктеге автоматты бекет орнатылды және 2007 жылдан бері бір стационарлы бекет жұмыс жасайды. Екі автоматты бекет адамдар көп шоғырланатын орын ретінде арнайы ескі базар аумағы, облыстық полиция мекемесінің маңына орнатылған. Бекеттің зерттеу радиусы 5 км аумақты қамтиды. Айталық, осы бекеттер көмегімен Белкөл кенті және Махамбет ауылындағы ауа құрамы жайлы ақпарат алуға болады. Бұл жерде әрбір 20 минут сайын азот диоксиды, күкірт диоксиды, көміртегі оксиды және шаң-тозаң көрсеткіші бойынша ауа құрамының жаңа дерегі жазылып отырады. Ай соңында жиналған барлық мәлімет бойынша қорытынды сараптама жасалады. Тағы бір тиімді тұсы, жауын-шашынды немесе басқа да қолайсыз ауа райы кезінде бекет тоқтаусыз жұмыс істей береді, сондай-ақ мұнда жазылған деректің бәрі автоматты түрде бөлімнің компьютеріне келіп тұрады. Автоматты бекеттің жалпы құны 44 миллион теңгеге жуықтайды, сондықтан сапалы қондырғы сыр бермей жұмыс істеуде. Осындай бекеттер Қармақшы ауданына қарасты Төретам мен Ақай кентінде де жұмыс істейді. Ғарыш айлағына жақын орналасқан соң озон құрамын зерттеуге арналған газоанализатор құрылғысы Ақайдағы бекетке қойылған. 3.02 П А газталдағышы атмосфералық және жұмыс аймағының ауасындағы озонның массалық концентрациясы мен көлемдік үлесін анықтайды. Айта кетейін, зерттеулер нәтижесі көрсеткендей, озон көрсеткіші бойынша да көп ауытқу жоқ. Бәрі де қалыпты мөлшерде, ‒ дейді маман.
Сәуір айында «Қазгидромет» мамандары экология департаментімен бірлесіп, карантин кезіндегі ауа құрамы қалай өзгергенін білу мақсатында арнайы зерттеу жүргізген. Көлік қозғалысы азайған, тұрғындар тіршілігі саябырсыған сол уақытта ауаның салыстырмалы түрде тазарғаны байқалыпты. Жалпы аймақ халқы Арал теңізінің экологиялық ахуалы мен Байқоңыр ғарыш айлағының салдарынан қауіптеніп, ауа тазалығына жиі сенімсіздік білдіреді. Алайда білікті маман бұл пікірдің орынсыз екенін алға тартып, тұрғындарды алаңдамауға шақырды.
‒ Республика бойынша зауыт, фабрикасы бар қалаларға қарағанда, біздің аймақтың ауасы әлдеқайда жақсы көрсеткішке ие. Мысалы, биылғы жылдың жарты жылдық қорытындысына қарасақ, облыс ауа тазалығы бойынша бірінші деңгейде тұр. Бұл ластану көрсеткіші төмен деңгей болып есептеледі. Сондықтан жалпы өңірдің ауасын таза деп айтуға болады.
Сондай-ақ қазір Air.kz мобильді қосымшасы іске қосылған. Қосымшаны телефонға жүктеу арқылы ауа құрамын кезкелген уақытта бақылап отыруға болады. Бұл жердегі ақпарат барлық тұрғындар үшін қолжетімді, ‒ дейді Гүлшат Әмірәлиева.
«Скат» автоматты бақылау бекетінің жұмысымен танысқан соң, дәстүрлі түрде сараптама жүргізетін зертхананың жай-күйін білуге асықтық. Мұнда күніне үш мезгіл, таңғы 7.00, түскі 13.00, кешкі 19.00-де ауа сынамасы алынып, талдау жасалады. Көзге көрінбейтін ерекше «құбылыстың» құрамын зерттеу көпке беймәлім болғанмен, мамандар үшін анализ жасау қалыпты дағдыға айналып кеткен. Кез келген адамнан білімді қажет ететін зертхана мектеп күнгі химия пәнін еске түсіреді.
‒ Алдымен аспиратор құрылғысы арқылы түтікше 20 минут бойы ауаны сорып алады. Осыдан соң сорбенттерге (сұйықтарды немесе газдарды сіңіруге арналған зат) реактивтер құйып, әрі қарай сараптама жасалады. Түтікшелерді екі сағат суға қайнатып, бірнеше рет пайдалануға болады. Соңында КФК-3 фотометрі арқылы көрсеткіштер алынып, қорытынды нәтиже алу үшін өңдеулер жасалады. Осы тұста айта кетейін, қала бойынша айына бір рет 5 нүктеден үш мезгіл сынама алынады. Зерттеу жұмыстары қатарынан жеті күн бойы жалғасады. Сондай-ақ әр тоқсан сайын аудандарға барып зерттеу жүргіземіз. Жаңақорған, Шиелі ауданы кен өндіреді, Арал маңында тұздың үлесі басым, ал Қармақшы Байқоңыр ғарыш айлағына жақын орналасқан соң зерттеу нысаны ретінде осы аудандар бекітілген.
«Қазгидрометтің» негізгі міндеті ретінде ауаның, судың құрамына мониторинг жасалады. Зертханада ауа құрамынан бөлек, Сырдария өзенінің және Арал теңізінің су құрамына ай сайын 33 компонент бойынша талдау жүргізіледі. Мұндай сәттерде гидрологтар көмегіне жүгінеміз. Сондықтан екі саланың жұмысы бір-бірімен тығыз байланысты деп айтуға болады. Әзірге аймақтағы ауа мен су құрамы тұрақты көрсеткішке ие. Егер зерттеу барысында ластану көрсеткіші жоғары болса құзыретті мекемелерге хабарлаймыз, ‒ дейді зертхана бастығы.
Әңгімелесу барысында «Қазгидромет» мамандарының ауада өзгеріс бола қалған сәтте күн-түн демей іс-сапарға дайын жүретінін байқадық. Өткен жылы Арыс оқиғасы орын алған уақытта сала мамандары жарылыс аймағында болып, ауаның тұрғындарға әсерін анықтауға жәрдемдескен. Гүлшат Әзілханқызы Арыстағы әріптестеріне көмек ретінде сараптама жасау барысында радиациялық зиянды заттар болмағанын айтады.
Жалпы қазір аймақ бойынша 32 метеорологиялық, агрометеорологиялық, гидрометеорологиялық және экологиялық станциялар мен бекеттерді құрайтын бақылау желісі бар. Осы тұста тарихқа көз жүгіртсек, Қазақстан аумағындағы ең алғашқы метеорологиялық станция біздің өңірде ашылғанын білуге болады. 1848 жылы жұмысын бастаған «Қазалы» метеорологиялық станциясының қызметкерлері 2005 жылы жоғары сапалы бақылау жүргізгені үшін Швейцария, Женева ДМҰ мақтау грамотасымен марапатталған. Осыдан кейін 1884 жылы «Арал теңізі» метеорологиялық станциясы, 1918 жылы «Жосалы», 1941 жылы «Шірік-Рабат», 1950 жылы Қызылорда қаласы метеорологиялық станциясы, 2011 жылы Қызылорда аэрологиялық станциясы құрылған.
Гүлдана ЖҰМАДИНОВА