» » » Қалдық орындары космостан түсіру арқылы анықталды

Қалдық орындары космостан түсіру арқылы анықталды

 Толыбек Тәженұлы, Қызылорда облыстық экология департаментінің мемлекеттік экологиялық бақылау бөлімінің басшысы:

Қалдық орындары космостан түсіру арқылы анықталды

 Биыл экология саласына, әсіресе қоршаған ортаның тазалығына ерекше мән берілуде. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында мектеп бағдарламасына «Балалардың экологиялық білімі» атты жаңа пән енгізуді тапсырды. Сондай-ақ халықтың экологиялық мәдениетін қалыптастыру бағытында тиісті жұмыстар атқару керегін атап өтті. Осы бағытта аймақта атқарылып жатқан шаралардың жай-күйін білу үшін облыстық экология департаментінің мемлекеттік экологиялық бақылау бөлімінің басшысы Толыбек Тәженұлымен тілдестік.

‒ Қоршаған ортаның тазалығы аймақ тұрғындарының денсаулығы үшін аса маңызды екені белгілі. Дәл қазір осы бағытта қандай жұмыстар атқарылуда?
‒ Қоршаған ортаны зиянды қалдықтардан қорғау және ірі табиғат пайдаланушылардың жұмысын бақылау – біздің негізгі міндетіміз. Өзіңізге белгілі, жақында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев экологияны жақсарту үшін стихиялық қалдықтардың бей-берекет шашылу мәселесін жою бағытында жұмыстар жүргізу керегін айтты. Осы бағытта департамент қала аумағындағы, халық көп шоғырланатын демалыс орындарындағы, елді мекендер аумағындағы қалдықтардың орналасу дерегін анықтауда. Қазір елімізді цифрландыру жұмыстары қарқынды жүргізіліп келеді. Осыған орай Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі мен «Қазақстан Ғарыш Сапары ҰҚ» АҚ арасында қалдықтар орналасқан жерлерді қашықтан зондтаудың ғарыштық түсірілім қызметін көрсету бойынша келісімшарт жасалды. Жоба барысында ірі көлемде жиналған қалдық орындарын космостан түсіру арқылы анықтауға болады. Осы тұста келесідей маңызды әрі жақсы жаңалықпен бөліскім келеді. Келісімшарт аясында салалық «Геопортал» геосервистік жүйесі іске қосылып, мониторинг арқылы космостық бейнесуреттерді зерделеумен қаланың 50 км-лік радиусы аумағында 228 рұқсатсыз қалдық орындары анықталды. Оның ішінде Қызылорда қаласы аумағында 114, Сырдария аумағында 113 және Шиелі ауданында бір заңсыз қалдық орны бар. Осыдан соң нақты шешімдер қабылдау нәтижесінде біз республика бойынша бірінші болып 228 заңсыз қалдық орындарын түбегейлі жойдық.
‒ Заңсыз қалдық орындарына ғарыштық түсірілімге дейін бақылау жүргізілмеген бе?
‒ Жалпы аймақ бойынша қалдық орындарын қадағалау жергілікті атқарушы органдардың жауапкершілігінде. Экологиялық кодекстің 292-бабында «жергілікті атқарушы орган тұрғындар үшін арнайы қалдықтарды тастайтын орын дайындап беруге міндетті» делінген. Алайда кейбір елдімекендер типтік жобаға сәйкес келетін палигондармен қамтамасыз етілмеген. Қазір департаменттің бірнеше жыл бойы мәселені көтеру нәтижесінде 147 елдімекенде қоқыс тастайтын жер бөлінді. Бірақ бұл мәселе түбегейлі шешілді деген сөз емес, полигон құрылысын салудың өзі қаржыға келіп тіреледі. Осы ретте айта кетейін, департамент соңғы сегіз айда қоршаған ортаны қорғау саласында 18 субьектіге бақылау шарасын ұйымдастырды. Оның ішінде бес профилактикалық бақылау және қадағалау, алты жоспардан тыс және біліктілік талаптарына сәйкес жеті субьектіге бару арқылы профилактикалық бақылау және қадағалау жүргізді.
‒ Ал қоқыс орындарын түбегейлі жоюға қанша уақыт жұмсалды?
‒ Барлық жұмыстың сапалы атқарылуына бір жылға жуық уақыт берілді. «Қазақстан Ғарыш Сапары ҰҚ» АҚ аймаққа қайта ғарыштық түсірілім жасағанда жұмыстың 99 пайыз орындалғанына көз жеткізді.
Қазір біз Президент бастамасымен халықтың экологиялық сауаттылығын көтеру мақсатында шаралар ұйымдастырудамыз. Экологиялық мәдениет тұрғындар өміріне бірден еніп, тез арада қалыптасып кететін дүние емес. Бірақ жаймендеп жүргізілген жоспардың өзі бүгінде нәтиже беруде. Айталық, біз бір-екі апта бұрын еріктілермен бірлесіп тазалық акциясын жүргіздік. Қазір біздің қатарымызға әлеуметтік желідегі белсенді блогерлер де қосылды. Жақында ғана бәріміз дарияның сол жағалауына тазалық жұмыстарын жүргіздік. Сырттай елеусіз көрінсе де, мұның өзі экологиялық мәдениеттің қалыптасуына ықпал етері сөзсіз.
‒ Сұхбаттасқаныңызға рақмет!
Гүлдана НҰРТАЙҚЫЗЫ
25 қыркүйек 2020 ж. 677 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031