ӘЛЕМДІ БІРІКТІРГЕН БАСТАМА
Озон қабатының жұқара бастауы 1970 жылдар соңында байқалған. Ал адамзат баласы жаңа ғасырға қадам басқан шақта бұл процесс оң нәтижесін беріп, қайта қалпына келе бастады. Оған бірден-бір себеп ‒ Монреаль хаттамасы.
Озон қабатының жұқаруы – әлем ғалымдарын ойландырған мәселе. Сол үшін озон қабатыбұзылуына қарсы халықаралық күрес мақсатында Монреаль хаттамасы әзірленген. Ол 1987 жылы ресми түрде қабылданып, әлем елдері бұл бастаманыбір ауыздан қолдады. 1994 жылы БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы 16 қыркүйек күнін Халықаралық озон қабатын қорғау күні деп жариялады. Соның құрметіне бұл атаулы күн Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының шешімімен 1995 жылдан бастап аталып жүр. Қазақстан бұл хаттаманы мақұлдаған елдер қатарына 1997 жылы қосылды.
Соның нәтижесінде жер атмосферасындағы озон қабаты 2000 жылдан бастап қалпына келе бастаған. Соңғы 10 жылда бұл көрсеткіш 1-3 % аралығын құрайды. Дәл осылай жалғасатын болса, 2060 жылы озон қабаты толықтай қалпына келеді дейді Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымының ғалымдары. Осы тұста айта кетейік, озон қабатының қайта қалпына келуі жаһандық жылынудың алдын алады.