КӨЗІҢЕ ҚАРА
MEZGIL MASELESI
Әлемде көзәйнек кигендер саны артып барады деп дәрігерлер дабыл қағуда. Оның арасында бабалардың үлесі жоғары. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше, әлемде әрбір бес минут сайын бір баланың көру мүмкіндігі жойылады екен. Өйткені бұрынғыдай аулада асыр салып, доп қуалап ойнайтын жеткіншектер азайған. Өйткені ұйқыдан оянған бала соскасынан айырылғандай, соткасын іздейді.
Мектепте білім алып жүргенімізде көзілдірік киетін 3-4 баланы ғана кезіктіретінбіз. Соның өзінде ерсі көріп, балалықпен мазақ қылатынбыз. Сонда мұғалімдер көз ауруын тұқым қуалайтын ауру деп түсіндіретін. Бүгінде бұл ауру тұқым қуалағаннан гөрі жолдан жабысатын сыңайлы. Бесіктен белі шықпай жатып компьютер, планшет, ұялы телефонға әуес баланың көру қабілетінің нашарлайтынын ата-ана ескермейді. Мамандардың айтуынша, әрбір 15 мың тұрғынға бір көз дәрігері болуы шарт. Бірақ бұл талап бізде сақталмаған. Өйткені облысымызда медицина саласында 178 маман жетіспейді. Оның ішінде балалар көз дәрігері де бар. Өткен жылы облысымызда көзі нашар көретін 248 134 бала тіркелген. Жыл бойына орташа есеппен 5000-ға жуық бала тексеруден өтеді. Оның ішінде көздің нашар көруі, алыстан және жақыннан көрмеушілік дертіне шалдыққан 1281 бала бар. Қыликөздік дертінен өткен жылы 350 бала ем қабылдаса, қосалқы көз ауруы бойынша 2654, суқараңғылық дертімен 359 бала тіркеуде тұр.
Ең әуелі, мамандар көз ауруларының жас-кәрі талғамауын экологиялық өзгеріспен байланыстырады. Айнала қоршаған зауыт-фабрикадан таралатын тозаңды жұтып, қаптаған көліктің қара түтінімен тыныстап жүрген адамның ағзасындағы басқа мүшелері секілді көзі де сыр береді. Сондай-ақ, зымырандардың жиі ұшырылуы озон қабатын жұқартып, ультракүлгін сәулесі адамның көзін зақымдап, көру қабілетін нашарлатады екен. Көз дәрігерлерін алаңдататын тағы бір мәселе – балалар арасында миопия немесе жақыннан көргiштiк кеселiнің өсуi. Бұл ауру еліміздегі мектепке баратын балалардың 5 пайызында кездеседi. Демек, бiлiм беру мекемесiне бiрiншi сыныпқа барған 100 баланың бесеуi көзiлдiрiк тағады. Бұл – ұялы телефон шұқылаумен күн өткізіп, таң атыратын жас буынның бүгінгі мәселесі. Бірақ алаңдап, балаға техника құралын пайдалануға шектеу қойған ата-ана жоқ.
Айгүл ӘЛІШЕРОВА