» » Сәбидің иісін аңсап тұрамын

Сәбидің иісін аңсап тұрамын

Гүлбану Жұмабайқызы, он  баланың анасы:

       Бір сәт көзіңізді жұмып, он баланың ортасында көпбалалы ана немесе әке болғаныңызды елестетіп көріңізші?! Бірі былдырлап, бірі құлдыраңдап, енді бірі тәтті күлкісімен кеудеге қуаныш сыйласа да, бұл картинаны көп адам тіпті қабылдай алмауы мүмкін. Болашақ ананың әр күні, сағаты, тіпті секундына дейін қауіпке толы десек те, сұхбат барысында он балалы Гүлбану Жұмабайқызы көпбалалы болу арман атаулының ең биігі екенін айтты.
‒ Дүниеге сәби әкелу, одан кейінгі бала күтімі күрделі ғылым тәрізді. Бұрын көпбалалы болу қалыпты жағдай болғанмен, қазіргі түсінік басқаша. Ал сіз он балаға өмір сыйлауға қалай тәуекел еттіңіз?
Он баланың анасы атану тәуекел емес, Тәңірдің сыйы деп түсінемін. Негізі көпбалалы болуды жиі армандаушы едім (күліп). Бала кезімізде инемен жіп сабақтап ойнаушы едік қой, сол кезде маған үнемі жеті жіп сәйкес келетін. «Менің жеті балам болады екен» деп жақсыға жорып, ырымдаушы едім.
Өзім 18 жасымда тұрмыс құрдым, ол кезде Қорқыт ата атындағы ҚМУ-да І курста оқитын кезім. Үйленген соң енем оқуымды жалғастыруға қарсы болды. Солай 19 жасымда тұңғыш ұлымды дүниеге әкелдім, артынша екінші атқамінер ізін жалғады. Сол арада үйде жүріп-ақ оқуға қайта дайындалып, грантқа түсіп, мамандық алып үлгердім.
      ‒ Бала күтімінде сізге кім көмектеседі? Жалпы үй тірлігіне қалай үлгересіз?
      −Бала қарауға өзімнен бөлек жеке бала күтушісі көмектесті. Ата-енем Сырдария ауданына қарасты Амангелді ауылында тұрады. Өзім «кемпірдің қызы» болып өскен соң, әке мен анадан алыс өмір сүрудің қиын екенін жақсы түсінемін. Сол үшін тұңғышымнан бастап егіздерге дейін өзім қарадым.
      ‒ Он баланың қажеттіліктерін өтеу де оңай емес. Айтыңызшы, сізде осындай қорқыныш болмады ма?
    ‒  Шынымды айтсам, мен өте балажан адаммын. Сәбидің иісін аңсап тұратын қасиет табиғатымнан бар. Нәрестенің іңгәсін есту үшін мен ешқандай қиындық жайлы ойлаған емеспін.
      ‒ Соңғы уақытта мемлекет тарапынан көпбалалы отбасыларға көрсетілетін көмек түрі көбеюде. Ал сіз мемлекет қолдауын қалай бағалайсыз?
      ‒ Әрине Үкімет тарапынан қолдаулар жиі көрсетіледі, бірақ ол көп жағдайда жария бола бермейді ғой. Мысалы, мен алтыншы баламды дүниеге әкелген уақытта мемлекет тарапынан үй берілді. Ал жақында ғана көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға беріліп жатқан 21 мың теңге бізге шынымен де үлкен сенім мен қолдау болды.
      ‒ Сұхбатқа келмес бұрын «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы" облыстық филиалында қызмет ететініңізден хабардар болдық. Айтыңызшы, бала күтімі жұмысқа кері әсерін тигізбей ме?
     ‒ ЦОН-ға жетінші баламды дүниеге әкелген соң ғана жұмысқа орналастым. Себебі, бала тәрбиесі бәрінен маңызды. Жеті балам есін жиып, оң-солын танығанша олардың тәрбиесіне, тазалығына жіті көңіл бөлдім. Содан кейін ғана карьераға ден қоя бастадым.Жалпы үй тірлігімен қатар жұмысқа үлгеру үшін ұстанымың мықты, жоспарың жүйелі болу керек. Білесіз бе, менің төрт ұлым да еркін күрестен спорт шеберлігіне үміткер. Балаларыма өмірде жолы болған, жетістікке жеткен тұлғаларды жиі үлгі етемін. Сосын міндетті түрде таңертең балаларыма бата беремін. Себебі дінімізде ананың дұғасы кері қайтарылмайтыны айтылған. Бұл ‒ үйдегі қалыбын бұзбайтын дәстүр десем де болады.
       ‒ Бала тәрбиелеудің нақты моделі жоқ екені белгілі. Сіздің ойыңызша, әр балаға анасы жеке тұлға ретінде дамуы үшін қанша уақыт бөлу керек? Отбасындағы әке рөлі жөнінде не айтар едіңіз?
      ‒ Жоғарыда айтып өткенімдей, мен балаларымның дұрыс тәрбиесі үшін карьерадан біраз жылға бас тарттым. Бала саны көбейген сайын қажеттіліктер де арта түседі ғой, сол үшін ғана қызметіме қайта оралдым. Жалпы бала тәрбиесінде олардың сыйластығына ерекше мән беремін. Себебі үлкенді аға, тәте деп сыйлау кішінің бойындағы адамгершілікті қалыптастырады. Кейде інілері ағасына шағымданып жатса, «ол сенен үлкен, сен қандай жағдай болмасын оның айтқанын тыңдауың керек» деймін. Сосын үлкендерін шақырып алып, кішілерге не айтқанын жеке бақылаймын. Тұңғышым маған бала болғанмен кейінгілерге аға ғой, сондықтан оның абыройын түсірмеу ‒ менің міндетім. Содан болар менің балаларым бір-бірімен араздасқан емес.
      Отбасында әкеміз көп сөйлемейді. Оның қатаң қабағы мен қатал тәртібі-ақ балаларға үлгі. Сондай-ақ  отбасындағы қаржы мәселесі де  отағасының жауапкершілігінде.  
     ‒ Соңғы дүниеге әкелген балаңыз Әли мен Мәди егіз екен. Жалпы ата текте басқа да егіздер бар ма?      
      ‒ Иә, егізді өмірге әкелу біздің тұқымымызда бар. Менің нағашы атам егіздің сыңары. Әжемнің тұқымынан да егіздер дүниеге келген.
  
P.S. Айдарбек, Райымбек, Сая, Жарасхан, Ерасыл, Жансая, Жанель, Меруерт, Әли, Мәди... Бұл ‒ Гүлбанудың өмірдегі ең үлкен байлығы. Жақында ғана ол он баласын ертіп, Нұр-Сұлтан қаласы мен Бурабайға, одан әрі Павлодарға демалып келіпті. Көп балалы ананың мерекелі өміріне сүйсініп, әр қазақтың шаңырағында осындай бүлдіршіндер бұйырсын деп тілеп қоштастық.
Гүлдана ЖҰМАДИН
07 қыркүйек 2019 ж. 1 886 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930