ОЛИМПИАДА КИІМІН НЕГЕ ЖАПОНДАР ТІКТІ?
Әлем назары – Кореяда. Бірер күннен кейін Пхенчхан қаласындаХХІІІ қысқы Олимпиада жүлделері үшін бәсеке қызбақ. «Кіл жүйрікте кім жүйріктің» анықталар сәті. Қазақ елінің намысын қорғауға аттанған спортшылардың дайындығы ғана емес, киім үлгісі де ел назарында болмақ. Осы жолы Ұлттық құраманың киім үлгісін анау-мынау емес, Жапонияның атақты Mizuno компаниясы тіккен. Кез келген ауа-райында спортшыларға ыңғайлы болуы үшін Breath Termo технологиясын пайдаланыпты.
Талас жоқ, Mizuno компаниясы 1906 жылдан бері нарықта. Спорттық киімдерді өндіруші әлемдік ірі компанияның бірі. Олимпиадаларда бірнеше рет жапон ұлттық құрамасының киім үлгісін әзірлеген. Танымал әлемдік спорт жұлдыздары да осы компанияның өнімін алады екен. Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитетінің өкілі Жігер Әзбергеновтің айтуынша, спорттық киім үлгісін дайындауда жоғары деңгейдегі технологиялар қолданылған. Киімнің спортшыларға ыңғайлығы мен ауа-райының ерекшелігі де ескерілген. Алайда осы уақытқа дейін олимпиадаға қатысатын спортшылардың киім үлгісін әзірлеген отандық дизайнерлердің ұсынысы бұл жолы неге өтпей қалды? Мәселе жоғары сапалы жапон технологиясында ма, әлде бөлінген қаржыға тіреле ме? Бір спортшының киім үлгісін әзірлеуге қанша қаражат кетті? Әзірге оның бюджетін Ұлттық Олимпиада комитеті ашып айтқан емес.
Жә, енді формаға келейік. Спорттық киімдер жиынтығы парадтық жылы куртка, кеудеше, шалбар, жаттығуға арналған жеңіл костюм, сүлгі, бас киім, сөмке мен аяқ киім секілді бірнеше «комплекттен» тұрады. Байқасақ, бұған дейінгі олимпиадаға тігілген формалардан аса бір ерекшелігі жоқ. Жапон дизайнерлері көп ойланып, бас қатырмаған секілді. Ашық көк, қара, ақ түстерді үйлестіріп, аздаған ою-өрнекті араластырған. Әдеттегі көз үйренгенспорттық киім үлгісінен көп айырмашылығы байқалмайды. Бәлкім, бар құпия – сапасы мен тігу технологиясында болар. Мүмкін Олимпиада ойындарында «үздік киім үлгісі» атанар деген үміт бар.
Жалпы, отандық дизайнерлердің ұсынған киім үлгісін жоққа шығара алмаймыз. Мәселен, Ванкуверде өткен ХХІ Қысқы Олимпиада ойындарында Қазақстан құрамасының киім үлгісін ресейлік басылымдар ең үздік деп таныған. Ал 2008 жылы Бейжіңде өткен Олимпиаданың ашылу салтанатында қазақтың туын ұстап шыққан ұлттық нақыштағы Бақыт Ахметовтың киім үлгісі «ең үздік киім» деп мойындалған. Оны әзірлеген отандық дизайнер Құралай Нұрқаділова мен Аида Қауменова болатын. Кейіннен ол костюмді Бейжіңдегі мұражай мамандары арнайы сұратып алдырған.
Жалпы, бұған дейін Олимпиада спортшыларының киімі Түркия мен Қытайда тігілген, бірақ оның эскизін өзіміздің дизайнерлер әзірлеп, сапасын қадағалаған. Мәселен, Лондон, Сочиде өткен Олимпиада ойындарындағы спортшылардың киімін отандық мамандар әзірлеген. Тіпті Сочидегі Қазақстан құрамасының спорттық киімі «ең тамаша киім» ретінде бағаланған. Бұл ретте дизайнерлер қазақ территориясынан табылған ескі ескерткіштерді еске түсірер тарихи концепцияны алға тартқан. Содан да болар киімнің дизайны өте сәтті шыққан деседі мамандар. Бір спорттық киімнің жалпы жиынтығы 2300 долларға бағаланған. Оған спортшының бас киімінен бастап шұлығына дейін қамтылған. Әзірлеген –– 20 жылдық тарихы бар қазақстандық Zibroo бренді. Алайда, компания сапалы маталар мен ұсақ-түйектің көбін шетелден алдыртуға мәжбүр болғанын жасырмайды.
Кореяда өтетін ХХІІІ қысқы Олимпиада ойындарына қатысатын спортшылардың киім үлгісін әзірлеу үшін отандық дизайнерлер де өз эскиздерін ұсынған екен. Бірақ Мәдениет және спорт министрлігі мен Ұлттық Олимпиада комитеті жапониялық компанияны жөн көріпті. Спортшылардың мерейін асырып, беделін бекітуде бұл да бір жаңа қадам шығар. Бәлкім, атақты компанияның сапалы брендіне сенген болар.
P.S. «Өзіңді өзің жаттай сыйла, жат бойынан түңілсін». Өзім дегенде өгіз қара күшіміз болмаса, «Қазақстанда жасалды» деп қанша жарнамалағанмен бекер-ақ. Осыдан үш жыл бұрын Мемлекет басшысы жастар форумының ашылу салтанатында «Егер біздің отандық өнім сатылмайтын болса, онда кіріс те болмайды. Бұл ереже барлық салаға ортақ» деген еді. Бірақ осындай ұлт ұпайы түгенделер тұста, өзгеге бүйрек бұрып кете беретініміз-ай.
Лаура КЕНЖЕБЕКҚЫЗЫ, Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз-хатшысы:
– Рас, Олимпиада комитетінің өзіндік ережелері бар. Әр құрамаға брендттік киім үлгісімен шығуды талап етеді. Осы уақытқа дейін отандық компаниялардың киімін кидік. Мысалы, 2014 жылы Сочи Олимпиадасында отандық «Zibroo» компаниясы ұсынған киімді киген болатын. Одан әріге көз жүгіртсек,белгілі дизайнер Құралай Нұрқаділованың ұсынған формасымен шықты. Міне, осы киімдер жапондық «Mizuno» фирмасынан кем емес еді. Сондықтан отандық өнімді толығымен қолдаймын. Егер Пхенчханда киетін киімдеріміз өзімізде дайындалса, салық базасына қаражат түседі. Сондай-ақ, біршама адамдар да жұмыспен қамтылары сөзсіз. Әрі дәстүрлі ою-өрнектеріміз дәріптеледі.
Әділбек ЖАҚАНОВ, Спорт журналисі:
– Ұлттық құраманың спорттық киімін тек отандық дизайнерлер тігуі керек деген қатып қалған қағида емес, менің пікірімше. Неге, қазақ спортшыларының спорттық киімдері әлемдегі озық "Adidas" "Nike" "PUMA" секілді брэндпен тігілмеске? Жапондық "Mizuna" да – спорттық киімдер тігуде ғасырдан аса тәжірибесі мол, жаһанға танылған спорттық брэнд. Бұл жерде мәселе, сол спорттық киімдердің сырт келбеті қазақы нақышқа сай болуында. Ол үшін тапсырыс беруші ретінде еліміздің спорт комитеті түрлі ою-өрнек кескіндемелерін ұсынуы тиіс. Жалпы биылғы олимпиадашылардың киім жарағы көк байрағымыздың түсімен жасалыпты, әдемі-ақ!
– Ұлттық құраманың спорттық киімін тек отандық дизайнерлер тігуі керек деген қатып қалған қағида емес, менің пікірімше. Неге, қазақ спортшыларының спорттық киімдері әлемдегі озық "Adidas" "Nike" "PUMA" секілді брэндпен тігілмеске? Жапондық "Mizuna" да – спорттық киімдер тігуде ғасырдан аса тәжірибесі мол, жаһанға танылған спорттық брэнд. Бұл жерде мәселе, сол спорттық киімдердің сырт келбеті қазақы нақышқа сай болуында. Ол үшін тапсырыс беруші ретінде еліміздің спорт комитеті түрлі ою-өрнек кескіндемелерін ұсынуы тиіс. Жалпы биылғы олимпиадашылардың киім жарағы көк байрағымыздың түсімен жасалыпты, әдемі-ақ!