» » ҚЫСТЫГҮНГІ ҚҰРЫЛЫС ТАЛАПҚА САЙ МА?

ҚЫСТЫГҮНГІ ҚҰРЫЛЫС ТАЛАПҚА САЙ МА?


Кешегі кеңестік кезеңдегі Қызылорда мен бүгінгі тәуелсіздік тұғырындағы  аймақтың ара-жігін салыстыруға мүлдем кел­мейді. Шаруа-шамасында шапшаң дамудың ширақ қозғалысы қалыптасқан. Соған сай аймақта құрылыс жүргізудің озық үлгісі жаңғырып жатыр.  Әрине,өңірінде өсу, өмірінде өркендеу болмаса қатардағы құрылысқа да жан бітпейді. Бұл шындық жайт. Ал, қазіргі құрылыс қарқынын сабақтағанда екпінді еңбектің еселі нәтижесі айқын аңғарылады. Мұны ХХІ ғасырдың ғажайып ғаламаты деуге де болады.
Ия, жан-жақты құрылыс жұмысы мемлекеттік экономиканың дамуына дәнекер десек,  облыс орталығы мен елді мекендердің бір деңгейде дәулетіне сәулет кіріп, ажарына әр кірген әрбір оқиға жаңалықтың жаршысындай. Бұны бүгінгі Сыр өңірінің сипатынан, сан-салалы серпілістен, өміршең өнегеден тани түсеміз. Елбасының «Қазақстанның ширек ғасырдағы жүріп өткен жолын тек Қызылорда облысының өзінен көруге болады» деген сөзі де осындай озық істердің нақты нышаны. Біз сөзімізді құрылыс саласына бұруымыздың да себебі бар. Өйткені еліміз бойынша тұрғын үй салу мен берудің ең жоғарғы көрсеткішіне енген, сөйтіп халықтың әлеуметтік-тұрмыстық ахуалына серпін сыйлаған баспана мәселесінде жыл санап жағымды істердің жаңалығы артуда. Өткен жылдан бастап, дария үстіне алып көпір түсіп,  сол жағалаудан сәулетті шаһар  салынуда. Мұны да ғасыр құрылысы деуге болады. Елордаға еліктеген қала архитектурасы шығыстық үлгіге орайласып отыр. Бір ғажабы, қысы-жазы құрылыс жұмыстары тоқтаусыз жүріп жатыр. Жазды жаймашуақ күн райы десек, қыстыгүнгі құрылысты қалай түсіндіруге болады? Қыстыгүнгі құрылыс сапалы жүргізіле ме? Өйкені қыс мезгіліндегі құрылыс жұмыстарына күмәнмен қарайтын адамдар жоқ емес. Ендеше бұл жөнінде мамандар сөзін сабақтап көрейік.  
Әбдімәлік Ибрагимұлы, Қызылорда қалалық құрылыс бөлімінің жауапты маманы:
– Қаңтар айында көтерілген саршұнақ аяз салдарынан құрылыс жұмыстарын тоқтатуға тура келді. Негізінде  кірпіш қалау жұмыстары белгілі бір температурада ғана жүргізіледі. Күн райы шамадан тыс суық болған кезде жұмысшыларға демалыс жариялаймыз. Қазір жұмыстың заңдылығына сәйкес, бетон құю жұмыстары ғана жасалуда. Бір  ескеретін жайт, қыс мезгілі үшін де қарастырылған мүмкіндіктер бар. Ол – құрылыс өнімдеріне қосатын арнайы сұйықтық. Яғни аязға төтеп беретін, сапасын сақтайтын қоспа қосылады. Мұндай қоспа ғылыми және практикалық тұрғыда дәлелденген. Мәселен, төмендегідей жұмыстарға ықпалы зор:
Тоңған топырақты қопсыту, топырақты қатудан сақтандыру, топырақты жібіту, тез қататын бетонға ерітінділерді қолдану, бетондар мен ерітінділерге химиялық қоспаларды қосу, бетонды қыздырудың электро жəне басқа да əдістерін қолдану, бұйымдарды, құбырлардың ұштарын жəне кабельді қыздыру, металл инструкциялардың жəне құбырлардың монтаждау жапсарларын дəнекерлеу кезінде металды алдын-ала жылыту, белгіленген жылыту кезеңі шеңберінде сұлбасы аяқталған ғимараттарды уақытша жылыту, əдеттегі жылытқыштардың құрылғысы жəне бөлшектеу, жұмыс орындарын бораннан қоршау жəне т.б. секілді жұмыстарда қолданылады – дейді. 
 Ия, бізде құрылыс жұмысы жыл он екі ай жүргізіледі. Оны жаздың аптабы да, қыстың «қаһары» да қыспаққа ала алмайды. Бәлкім, құрыш қолды құрылысшылардың да ерен еңбегі болар. Сонымен қатар мемлекеттік қолдаудың да орасан септігі бар. Осы орайда  «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 2017 жылғы   атқарылғанжұмыстарға назар салған жөн секілді.
Қызылорда қаласы Жаппасбай батыр көшесіндегі 160 пәтер және 50 пәтерлі №8 (9997,42 шаршы метр), №16 (3166,0 шаршы метр) тұрғын үй құрылысы желтоқсан айында мемлекеттік  қабылдау актісімен пайдалануға  тапсырылды. Республикалық бюджет есебінен Сырдария өзенінің сол жағалауындағы  тұрғын үй орамының  жұмыс жобасы мен сыртқы инженерлік желілері жүзеге асты. Мұнымен қоса облыстық бюджет есебінен де бірнеше құрылыс нысаны жүргізілді.
Сол секілді Сырдария өзенінің сол жағалауында үш 60 пәтерлі  тұрғын үйдің мемлекеттік сараптама қорытындысы алынды. Дәл осындай  45 пәтерлі, 60 пәтерлі және  70 пәтерлі тұрғын үйлер құрылысының (ДСК материалдарын қолдана отырып салынатын) жоба сметалық құжаттамасы мемлекеттік сараптамадан өтті.
Әрине, алып құрылыс алаңына айналған қала мұнымен шектелмей «Бәйтерек» тұрғын үй кварталындағы 600 орындық, Жаппасбай батыр көшесіндегі  №2 тұрғын үй кварталындағы  600 орындық, Саяхат м/а  300 орындық, СПМК-70  м/а600 орындық, Арай м/а  600 орындық,  сол жағалауындағы тұрғын үйлер кварталында   м/а  900 орындықмектептер құрылысының жоба сметалық құжаттамасы дайындалып, мемлекеттік  сараптама қорытындысы алынды.
Біз барлық құрылыс орнын тізімге алуды мақсат тұтқан жоқпыз. Өйткені ол өте көп және жұмыстары жалғасып жатыр. Негізгі мәселе – қысқы құрылыстың жайын білу ғана. Оны білгендейміз. Құрылысқа маман болмасақ та сана-түйсікпен оның сапалы болатынына сендік, жауапты тұлғаның жауабына қанағаттанғандай болдық. Ең бастысы, біткен үйде кінәрат болмай, баспана «өз үйім – өлең төсегім» деуге асық тұрғындар талғамынан шықса деген ой еді.
Ерасыл ШӘРІБЕК.
        

08 ақпан 2018 ж. 939 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031