ХАТ «ҚАНАТЫ» ТАЛМАСЫН
9 QAZAN – DÚNIEJÚZILIK POSHTA KÚNI
«Айшылық алыс жерлерден көзді ашып-жұмғанша, жылдам хабар алғызған» заманның бүгінгі беталысы басқаша. Күн сайын түрлі мекен-жайға сәлемдеме жеткізетін пошта қызметінде көңіл қуантар өзгеріс көп. Пошташылардың төл мерекесі қарсаңында саланың жан-жақты қызметі мен жаңалықтарын толығырақ білуге тырыстық.
Көгершін-тарих
Тарихқа көз жіберсек, алғашында адамдар маңызды хабарды дауыс арқылы жеткізген. Бұл б.з.д. 6 мың жыл шамасы екені белгілі. Бертін келе от немесе түтін арқылы, сондай-ақ шартты сигналдар көмегімен келесі елдімекенге хабар беру тәсілдері қолданылған. Ең қызығы, африкалық тайпалар тум-там барабандарын әлі күнге дейін пайдаланады. Осыдан соң адамзат тарихына келесідей «пошта» байланысы ене бастады: Ежелгі Месопотамия, Египет, Греция, Персия, Қытай, Рим империясында эстафета негізінде жаяу және ат хабаршыларымен жазбаша хабарламалар тасымалданды. Кейін жазу өнері пайда болған сәтте пошта қызметі жан-жақты дами түсті. Алғаш рет пошталық хабарлама 5000 жыл бұрын Месопотамияда саз түрінде жазылған ақпаратты беру үшін жазылды. Бастапқыда мұндай қызмет түрі қарапайым тұрғындар үшін емес, тек әскери мақсатта ғана қолданылды. Осы тұста бір айта кетерлігі, тасымалдаушы көгершіндер де сол уақытта хабарды жеткізу үшін үйретілді.
Ал еліміздегі пошта қызметінің тарихына көз салсақ, жылдар бойы бірнеше даму сатысынан өткенін байқауға болады. Тұңғыш рет 1860 жылы Алматы қаласында (Верный қаласы) пошта бөлімі ашылса, арада 133 жыл өткен соң пошта және электр байланыстары жеке бөлінген. 1995 жылы мемлекеттік пошта байланысы мекемесіне ауысып, төрт жылдан кейін РМПБМ “Қазпошта” АҚ болып қайта құрылған. Осы тұста айта кетейік, Қазақстандағы пошта жолының жалпы ұзындығы 105400 км-ден астам, оның 95 пайызы автокөліктерге тиесілі.
Біздегі басты жаңалық: әлеуметтік карта
Енді облыстағы пошта қызметінің бүгінгі тыныс-тіршілігіне тоқталсақ. Қазіргі таңда «Қазпошта» АҚ бойынша аймақта 189 байланыс бөлімшесі жұмыс істейді, оның ішінде қала бойынша 18 қалалық бөлімше 12280 зейнетақы, әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақы алушыларға қалтқысыз қызмет көрсетеді. Қалған 31704 қызмет алушыны аудан тұрғындары құрайды. Бір ескеретін жайт, облыстық пошта филиалы төтенше жағдай уақытында да жұмысын тоқтатқан емес. Бұл жөнінде толығырақ білу үшін «Қазпошта» АҚ Қызылорда филиалының логистика және өндіріс бөлімінің басшысы Бақыт Құттыбаевамен тілдестік.
‒ Ел аумағына карантиндік шектеулер қойылған уақытта пошташылар өз өмірін қатерге тігіп, тынбай жұмыс істеді. Зейнеткерлердің қауіпсіздігі үшін және қызмет сапасын арттыру мақсатында 65 жастан асқан зейнеткерлерге зейнетақыны тікелей үйге жеткізіп беру қызметі ұйымдастырылды. Осылайша облыс бойынша жалпы саны 12280 зейнеткерге жеткізу қызметі көрсетілді. Ол үшін арнайы құрылған байланыс орталығы арқылы өтінімдер қабылданып, жеткізу қызметін атқарушы 4 мобильді топ жасақталды. Бүкіләлемдік пандемияға қарамастан қызметкерлер 42500 теңге әлеуметтік төлемді алушы азаматтарға шұғыл желі арқылы қашықтан шот ашу және төтенше жағдай кезінде жәрдемақыларды алу үшін аянбай қызмет көрсетті. Бұл шараның барлығы тұтынушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жасалған, осы уақыт аралығында шұғыл желі телефондары арқылы 33 588 шот ашылды. Төтенше жағдай режимі басталғаннан бері 47 мың азаматқа 42 500 теңге төленді, 57,8 млн теңге сомасына 34 850 бірыңғай жиынтық төлем қабылданды.
Қала маңындағы елдімекен тұрғындарына (Талсуат, Ақсуат, Абай, Қарауылтөбе, Байтерек, Сабалақ, Эдельвейс, Ягодка) төтенше жағдай кезінде қойылған блок-бекеттерден арнайы рұқсатпен өтіп, тұрғындарға мобильді қызмет көрсету ұйымдастырылды. Барлық бөлімшелер дезинфекциялау құралдарымен қамтылып, тиісті санитариялық-эпидемиологиялық талаптар сақталды, ‒ дейді Б.Құттыбаева.
Осыдан соң білікті маманнан пошта қызметіне қолданылатын заманауи технологиялық жабдықтар жөнінде сұрадық. Әзірге дрон мен робот қызметі қолданысқа ене қоймаса да, «Қазақстан азаматының әлеуметтік картасы» жобасының мүмкіндігі көп екенін айтады.
‒ Қазір Қазпошта 40 000-ға жуық тұтынушыға почталық, қаржылық, агенттік қызмет түрлерін онлайн-режимде жүзеге асырады, яғни интернет арқылы Post.kz порталында барлығы қолжетімді. Оның ішінде БЖТ төлеу, мемлекеттік көмек алу үшін виртуалды карта ашу және де басқа да қаржылық, пошта қызметтері көрсетіледі. Жыл басынан бастап Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірлесіп, «Қазақстан азаматының әлеуметтік картасы» жобасы іске қосылды. Жоба аясында барлық әлеуметтік төлемдерді алушылар, мектеп оқушылары, студенттер әмбебап көп функционалды төлем карточкасын пайдалана алады, ол банктік карта немесе көлік картасы бола алады. Бұл картаның ең басты ерекшелігі карта иесінің әлеуметтік мәртебесін анықтайды, өйткені бірыңғай әлеуметтік тіркеліммен интеграция бар. Алдағы уақытта да компания тұрғындар қауіпсіздігі үшін жаңа қызмет пен жобалар ұсынады, ‒ дейді бөлім басшысы.
Әлем: хат тасыған жүйріктер
Бүгінде тауарларды пилотсыз ұшу аппаратының көмегімен жеткізу қызметі ешкімге таңсық емес. Оператор дронға жеткізу мекен-жайын көрсетеді және ол бірнеше минут ішінде салмағы бес келіге дейінгі пакеттерді жеткізе алады. Пошта арқылы жеткізудің бұл әдісі дәстүрліге қарағанда арзан әрі жылдам. Алайда тек ірі қалаларда ғана қолданылатын дрондар әзірге ауылдық жерлер үшін мүмкін болмай отыр.
Қазіргі таңда пошташы дрондарды DHL курьерлік қызметі, сондай-ақ Amazon интернет-дүкені жиі қолданады. Сондай-ақ Amazon-ның ең үлкен пошта қоймасы да максималды жағдайда автоматтандырылған. Аумағы ондаған мың шаршы метрді құрайтын алып логистикалық орталықта сіз бірде-бір қызметкерді кездестіре алмайсыз, өйткені онда Кива және Робо-Стоу аталатын мыңдаған робот қызмет етеді.
Кива ‒ шағын, бірақ қуатты робот, ол үлкен сөрелерді салмақты пакеттерімен орнынан қозғалта алады. Мұндай құрылғылар қойманың айналасында үнемі бір-біріне кедергі келтірмей жүгіріп жүреді, бұған олардың күрделі алгоритмі ықпал етеді. Робо-Стоу ‒ бұл ауыр заттарды көтеріп, қозғалта алатын робот. Бұл ‒ әлемдегі ең қуатты робот түрі. Жоғарыда сипатталған роботтар жарты сағат ішінде сәлемдемені толық жүк машинасынан түсіруге немесе жүктеуге мүмкіндік береді.
Сондай-ақ әлемде посылкаларды қабылдау және беру үшін автоматтандырылған қондырғыларға сұраныс артып келеді. Сырттай олар супермаркеттегі жеке заттарды сақтайтын жәшікке ұқсайды. Басқа қалаға хат немесе сәлемдеме жіберуді қаласаңыз, сәлемдеме машинасындағы бір ұяшықтың ішіне хатты салып, алушының ұялы телефон нөмірін көрсету қажет. Сәлемдеме нақты мекен-жайға келгенде адам қалаған ұяшықтан бірегей коды бар мәтіндік хабарлама ала алады. Бір жақсы тұсы, мұндай құрылғы қызметінде кезек жоқ, пошта қызметкерлерімен жеке байланыс та болмайды. Мұндай құрылғыны мемлекеттік пошта байланысы ғана емес, жеке курьерлік қызметтер, сондай-ақ өз филиалдарының базасында посылка терминалдары желісін орналастыратын банктер де белсенді қолданады.
Ал таймер конверттерінің қызметі тіпті ерекше. Хаттың иесіне жылдам баруы үшін және жұмыс сапасын арттыру мақсатында Израильдегі курьерлік қызметтің бірі жіберетін әр хат немесе сәлемдеме жарық диодты дисплейі бар арнайы таймермен жабдықталған. Клиенттен хатты қабылдаған сәтте жеткізілім уақыты алдын-ала белгіленеді. Егер алушы хатты немесе сәлемдемені алып, жеткізу уақытының бұзылғанын анықтаса, пошта қызметі үшін төлемді қайтарады. Осы жаңашылдықты енгізгеннен кейін бұл қызметтегі жұмыс жылдамдығы едәуір артқан.
Гүлдана ЖҰМАДИН