» » Тағы да праймериз туралы

Тағы да праймериз туралы

   Апта басында елімізде алғаш рет өткізген саяси доданың нәтижесі шықты. Ресми дерекке сүйенсек, төрт күнге созылған дауыс беруге 662 687 адам қатысқан. Бұл – ақпараттық жүйеде тіркелген партия мүшелерінің 84%-ына тең. Ал сайлаушылардың басым бөлігі, яғни 581 104 адам онлайн дауыс берсе, 81 583 партиялық дәстүрлі әдіспен сайлау учаскесінде өз таңдауын жасаған. Праймеризге қатысушылардың 36,7%-ы әйелдер, 29%-ы 35 жасқа дейінгі жастар. Орташа жасы – 43.
Облыс бойынша көрсеткішке тоқталар болсақ, Сыр өңірінен партияішілік іріктеуге қатысуға 502 кандидат тіркелген. Оның 32%-ы әйелдер, 28%-ы 35 жасқа дейінгі жастар. Тіркелген азаматтардың 153-і бастауыш партия ұйымынан, 348-і өзін-өзі ұсынушылар. Үміткерлер ережеге сай бағдарламасын әзірлеп, өңірді дамытудың алдағы 5 жылға арналған сайлауалды бағдарламасы халық назарына ұсынды. Саяси додада жастардың белсенділігі байқалды. Атап айтсақ, облыстық Жастар ресурстық орталығының басшысы мен «Мағжан и К» компаниясының директоры Мағжан Ералиевті таңдаушылар көп. Нәтижесінде екі үміткер де үздіктер қатарынан көрінді.
– Биыл елімізде алғаш рет партияішілік сайлау яғни праймериз ұйымдастыру практикасы қолға алынды. Бірер күнде ол өз нәтижесін берді. Қала бойынша 12086 партия мүшесі болса, оның 10671-і, яғни 88 процент партия мүшесі дауыс беріп, кандидаттарына қолдау білдірді. Осы додада маған сенім артып, дауыс берген жастарға, партияластарыма ризашылық білдіремін. Қатысушылар жаңа бастамаға ұйытқы болды және үздіктер іріктелді. Халықтың сөзін сөйлейтін, елдің жоғын жоқтайтын азаматтар алдағы уақытта бағдарламасын сәтті жүзеге асыра алады деп білемін. Праймериздің бір ерекшелігі, дауыс беру процесін арнайы бағдарлама арқылы қарап отыруға болады. Бұл шынайы болды, – дейді облыстық Жастар ресурстық орталығының директоры Бауыржан Мәстеков.
– "Додаға қатысуың – бірінші жеңісің" демекші, алқалы аламанға қосқандардың барлығы осал адамдар емес, толымды тұлғалар. Халық алдында, ат үстінде жүрген тұлғалармен бірге елге адал қызмет етемін, халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтаймын деген жаңа есімдер де танылды. Олардың тау көтерер талаптары мен тәуекелдері тектіліктің туындай желбіреді. Әсіресе жастардың жалыны алыстан-ақ сезілді. Праймериз мен үшін – үлкен мүмкіндік, – деді жас кәсіпкер Нұрболат Ибраев.
Рас, бізге әкімдерді мақтайтын емес, халықтың мұң-мұқтажын билікке жеткізетін азаматтар қажет. Қоғамда праймериз мықтыларды іріктейді деген пікір өзін-өзі қаншалықты ақтай алды?
– Тұжырымдасақ, біріншіден, партия праймериздің арқасында өз қатарластары арасынан елдің қолдауы мен сеніміне ие болған үздіктерді іріктеді. Екіншіден, праймериз өткізу барысында партияның ауызбіршілігі артып, ортақ мақсат жолындағы мұраттас жандардың біртұтас күшіне айналды. Праймериз барысында халықтың назарына ұсынылған 216 сайлауалды бағдарламаның жобасы ой елегінен өткізіліп, оған 20 мыңнан астам ұсыныс жиналды. Бұл жерде жеңген мен жеңілген деген жоқ. Бәрі де ұтты. Праймериз ең алдымен еліміз үшін игі іс болды. Бүкіл праймериз өткізу кезеңі бойы Партиялық бақылау комитеті тыңғылықты жұмыс жасап, тәртіп бұзғандарға жедел назар аударып, тиісті шаралар қабылдады. Атап айтқанда, 30-дан астам арыз бен өтініш қаралды. Праймериз өткізу ережесін бұзғаны үшін партияның 20 мүшесі жауапкершілікке тартылды, дауыстарды бұрмалау фактілері үшін 7 кандидат, праймериз өткізу ережесін сақтамағаны үшін 27 үміткер тіркеуден шығарылды, – деді партия хатшысы Арман Қырықбаев.
Осы көрсеткіштердің өзі-ақ елімізде ғана емес, бүкіл Орта Азияда тұңғыш рет ұйымдастырылған жаңа саяси құрал – праймеризге жұрттың ерекше қызығушылық танытқанын және оның өз деңгейінде өткенін айқын көрсетті. Елбасы саяси доданы өткізер алдында «Праймериздің міндеті – халықтық партиялық тізімдерді қалыптастыру» деген еді. Сондай-ақ саяси сынға түскендер арасында жастар мен әйелдерге басымдық берілді.
– Саяси шараның ең маңызды сатысының бірі дауыс беру кезеңі де қорытындыланды. Дауыс беру онлайн және бюллетеньдер арқылы жүргізілді. Партияластарымызға таңдау жасау үшін облыс бойынша 133 арнайы дауыс беру орны тиісті талапқа сәйкес қажетті құрал-жабдықпен жабдықталды. Дауыс беру 103 орында онлайн форматта, интернет жылдамдығы төмен елді мекенде қағаз бюллетень арқылы жүргізілді. Соның ішінде Қызылорда қаласы мен Шиелі ауданындағы партияластар толық онлайн форматта дауыс берді. Жалпы дауыс беруге 43742 партия мүшесінің 39394-ы қатысты, – деді Nur Otan партиясы Қызылорда обыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ләйла Төрешова.
Дауыс беруге партия мүшелері белсенді қатысқанына куә болдық. Одан бөлек, үміткерлерін қолдау мақсатында халық арасында партияға мүшелікке өткендер саны да көбегені де жасырын емес. Мысалы, тамыз айының өзінде 25 мың адам партия қатарына қабылданған. Көрсеткіштің шамадан тыс артуына байланысты қыркүйек айында партияға мүшелікке қабылдау тоқтатылды.
– 11 қыркүйек пен 4 қазан аралығында Nur Otan партиясына мүшелікке қабылдау уақытша тоқтатылды. Бұл – партияішілік іріктеуде «өз» кандидаттарына дауыс бергізу үшін азаматтарды партияға кіруге мәжбүрлеу фактілері жайлы шағымның жиілеуіне байланысты қабылданған шешім. Әрине, біз Nur Otan партиясының қатары жаңа адамдармен толыққанына мүдделіміз. Өйткені партия құрамының кәсіби мамандармен жаңарып отыруы аса маңызды. Алайда партия қатарына қосылу әрбір азаматтың саналы түрде, өз қалауымен жүзеге асуы тиіс. Партияға қабылдауды уақытша тоқтату шешімі шыққанға дейін 17,3 мың өтініш келіп түсті. Оның ішінде 16,2 мың адам Nur Otan партиясына қабылданды. Ал 1,1 мыңға жуық өтініш мақұлданбады. Оның әртүрлі себебі бар. Мәселен, ұсынымдардың болмауы мен бағдарламалық құжаттарды білмеу, тіпті мәжбүрлеу фактілеріне дейін жіті зерделенді. Партия өз құрамын қолдан көбейтуге үзілді-кесілді қарсы. Керісінше, соңғы уақытта партиямен байланысты үзген, қоғамдық белсенділігі төмен және басқа да себептермен партиядан шығарылғандар бар, – деді партия хатшысы Әлібек Әлденей.
Мәжбүрлі түрде партияға мүшелікке өту тоқтатылғаны халықтың сенімін оятты. Дегенмен мұндай әрекетке барып дауыс жинау кандидаттарға қаншалықты ұтымды екені белгісіз. Өйткені мәжбүрлі түрде партияға қызметкерді тіркегенмен, оның сізге міндетті түрде дауыс беретініне ешкім кепіл бола алмайды. Сондықтан бұл әдіс үміткерлер үшін тиімді дей алмаймыз. Ал үміткерлердің барлығы жоғары дауыс жинауға барын салуы заңды құбылыс.
– Мысалы, Парламенттен 10 орын ала қалса, бес орынды праймериз арқылы партияға мүше адамдардың көпшілігінің қолдауын алған партия мүшелері алады да, қалған бес орынды партияның басқа адамдары алатын сияқты. Қысқасы, праймеризден өткен адамдарға 50 пайыз ғана орын беріледі. Ал қалғаны… Осы мәліметті көргенде ғана бұл жаңалықты Nur Otan партиясы өмірге алып келді дегенге сене бастадым. Мұндай жартылай праймериз ешбір елде, ешбір партияда болмаған сияқты. Меніңше, праймериз партияның демократиялық сипатын көрсетеді, ал жартылай праймериз ше? «Жартылай демократия» деген ұғым жоқ сияқты еді. Праймериз технологиясын енгізген партия басшылары мүшелеріне сенбейді немесе жартылай ғана немесе мұны демократияның декорациясы деп түсіну керек. Меніңше, бұл сақтық. Партия мүшелері біздің сырттай белгілеп, таңдаған үміткерімізді қолдамаса, алдыңғы орындарды көпшілік көңілінен шыққан адамдар алса қайтеміз деген ой ғана. Мақсатқа жету үшін, нақтырақ айтқанда, Парламентке, мәслихатқа бару үшін, праймеризді пайдаланып қалайық, ал барғаннан кейін өз ойымды айтамын, өзімнің көзқарасымды өзгертпеймін деушілерді де көрдім. Бірақ кез келген партияның темірдей тәртібі бар екенін ұмытпайық. Партия – қозғалыс емес, ол жерде сен өзіңнің ойыңды емес, партияның ой-пікірін айтасың, партия мақсатына ғана қызмет етесің. Праймеризге түсу үшін ғана партияға кірген жаңа мүшелер осы шындықты да білуі керек, – деді саясаткер Дос Көшім.
Алғаш рет өткізілген саяси додада біршама қателіктер орын алды. Дауыс берудің бірінші күні артық жүктемені көтере алмай, портал істен шықса, екінші күні тапсырма бойынша тізімдегілерге ғана дауыс беру керек деген әңгіме тарады. Дегенмен депутаттық мандатқа үміткерлер арасында белсенді жастарға басымдық берілгені көңіл көншітеді. Бұл орайда праймериз қатысушылар үшін саяси мектеп болды.
Айгүл ҚАРЖАУБАЙҚЫЗЫ
08 қазан 2020 ж. 660 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031