КӨЗ АЛДЫҢДА ҚАС-ҚАҒЫМ СӘТ
Қала әкімдігіне су жаңа фотоаппараттың енді алынған кезі. Заманауи үлгідегі штативі бар құрылғы көздің жауын алады. Мұндай дүниенің бағасы арзан болмайтыны белгілі, екінің біріне бұйыра бермейтін құрылғының құны шарықтап тұрған уақыт. Сол фотоаппаратпен қала әкімнің қимылын қалт жібермей таспаға басу жас фототілші Нұрболатқа жүктелген. Оңай жұмыс емес. Бірақ жас маман қорабынан енді шыққан жақын «досын» қолға асып, әрі-бері жүгіріп жүр. Маңызды шара жалғасып, әкім-қаралар нысандарды аралап келеді. Сондай бір асығыс сәтті сырт еткізіп, өзге операторлар сынды штативін арқаға асқан Нұрболаттың фотоаппараты жерге құлап түспесі бар ма?! Қас қылғандай қала әкімінің дәл алдына шашылған... Қайтпек керек?! Әкімнен бастап бәрі оқыс оқиғаға аңтарылып қалыпты. Енді бірі шашылған құрылғыны құрастырмақ болып жерге иілген сәтте... Әңгімені осы жерден тоқтата тұралық...
Бұл бүгінде нағыз маманға айналған Нұрболаттың он жыл бұрынғы бейнесі еді. Араға талай жыл салып, талай тәжірибеден өткен хас маманның қазіргі қызметі тым бөлек. Қашанда ширақ, өзінен бұрын суреттері сөйлеп тұратын фототілші Нұрболат Нұржаубай жақында пандемия кезіндегі еңбегі үшін «Халық алғысын» иеленді. Суреттері мақалаға әр беріп, газет бетін әп-сәтте түрлендіріп жіберетін әріптестің қызық пен қиындыққа толы қызмет жолын асықпай әңгімелейік.
Ең бірінші фотограф
Мектепте оқып жүріп суретке түсірем деп ойламаса да сурет салуды жақсы көрді. Еңбек сабағына ерекше қызығып, гипстен жасаған елтаңбасы облыс бойынша бас бәйгені алған сәтте де болашағын фотоаппаратпен байланыстыра қоймаған. Кейін тәртібі жақсы оқушы Қызылорда агротехникалық колледжінің «компьютерді жөндеу техникалары» мамандығына өз қалауымен оқуға түсті. Мектепке әкелінген компьютерді алғаш көргенде техникаға деген қызығушылығым оянды дейді өзі. Қазір кез келген адамның қолынан табылатын компьютер ол тұста тек мекемелерде болатын, соған сай қат дүниенің тілін білетін маманның аз болуы да заңды құбылыс еді. Колледж қабырғасындағы үш жыл үш күндей зулап, техниканың барлық функциясын үйренген Нұрболат оқу орнын бітірісімен Белкөл әкімшілігіне іс-тәжірибеден өтуге бел байлады. Ол кез теңгенің құны бар уақыт. Сосын ғой жас маманның айына алатын алты мың теңгесі үйіне де, өзіне де жетіп артылып жүргені. Үш мың теңгесін үйге беріп, үш мыңын өзі жұмсайды. Еңбегі өнімді, өзі көңілді...
Арада бір жыл өткен соң қала әкімдігінің ақпараттық талдау бөліміне жұмысқа орналасқан. Бұл уақытта жас маманның беталысы бұрынғыдан өзгерек... Шаруаның алды-артын ертерек қамдайды, бәріне үлгереді, жұмысы да бұрынғыдай жеңіл емес, күн сайын жаңа жауапкершілік артып жүрген кез. Бағына орай сол уақытта қала әкімдігінің баспасөз қызметінде фото және бейнеоператор бөлімі ашылды. Телеарна қызметкерлерін шақыртпай, жылдам ақпарат тарату үшін әкімдік осы бастаманы қолға алған. Мұндай жауапты қызметке маман іздеген сәтте бәрінің аузына алдымен Нұрболат түсті. «Бітер істің басына, жақсы келер қасына» дегендей жас маман да әкімдіктің жаңа ұсынысынан бас тартпай, компьютерді қоя тұрып, бейнекамераны жақын тарта бастайды. Сырт көзге бейнетаспаға түсіріп, суретті шығарып беру оңай көрінуі мүмкін. Шындап келгенде олай емес, оператор қызметіне үйрену үшін бір жыл уақыт керек болды дейді Нұрболаттың өзі.
Қала әкімдігінен қауырт басталған қызмет арада біраз жыл өткен соң нағыз шығармашылықтың ортасы «Сыр медиада» жалғасты. Бірақ фотограф қала әкімдігінен байланысын үзген емес. Ауық-ауық журналиспен бірге ірі жиындарда төбе көрсетіп, маңызды сәттерді таспаға басып қоя береді. Бірақ ең маңыздысы ол емес. Көпшілік Нұрболат Нұржаубайдың қала әкімдігіндегі ең бірінші фотограф екенін біле бермейді. Ал бұл фототілші үшін ең әдемі естелік екені сөзсіз. Сол үшін де болар фотограф әлі күнге қолы қалт етсе қаланың көркем бейнесін суретке түсіруге құмар. Ықыласпен жасалған дүние болған соң, қала тақырыбындағы суретін көрген адам да таңдай қақпай кетпейтіні бар...
Суреттері сөйлеп тұр
«Сыр медиа» орталығы сырттай үнсіз көрінгенмен, іштей ақпараттар үздіксіз жаңарып, қызу қайнап жататын орта. Аймақ халқы үшін апта сайын ақпарат тарататын төрт газетке де Нұрболаттың суреттері басылады. Қиындығы сол, қай редакцияға сурет керек болса да Нұрболатқа қолқа салады. Кейде журналистердің шарасы мен сұхбаты бір-біріне қат-қабат келіп, фототілшінің фотоаппараты кімді, нені түсіретінінен жаңылысып та жатады. Бірақ сырбаз суретші ондай сәтте асып-саспайды. Бір орында байыз таппайтын журналиске шараның да, сұхбат кейіпкерінің де суретін табыстап, өзі әрмен қарай кезекті түсірілімге кете береді. Кейде қаланы қойып, аудан мен ауылды нысанаға алады. Сосын апта айналып өтпейінше «Сыр медиа» газеттері су жаңа суреттермен толығып тұрады. Таң қаласыз, таңдай қағасыз содан. Осыдан соң фототілшінің еңбегін қалай бағаламайсыз?!
Нұрболаттың кәсіби фототілшіге айналуына ықпал еткен адамның бірі ‒ Болат Омарәлиев. Талай тау тұлғаларды таспаға басқан Болат ағаның жас маманға үйреткені көп. Бірде Болат ағаның жаяу жүргінші жолында өтіп бара жатқан «ақылды» итті суретке түсіргенін естіген Нұрболат та сондай жағдайға тап келеді. Талай жылдар адамның досына айналған кәдімгі ит көшені кесіп өтпей, дәл жолақпен кетіп барады. Қайталана бермейтін сәт екенін фототілішінің де іші сезіп тұр. Қас-қағым сәтті фотоаппартқа енді ала бергенде, көлік артына келесі бір жолаушының қинала тоқтамасы бар ма?! Сонда барып көше жиегіне рұқсатсыз тоқтағанын түсінді. Амал бар ма, «ақылды» ит те сол сәт жаяу жүргіншілер жолынан өтіп кеткен... «Кейде осылай қас-қағым сәттер көз алдыңнан жылдап өтіп кетеді», ‒ дейді фототілші.
Бір қызығы, фотографтарда арнайы жоспар болмайды. Журналист тәрізді «ертең ана тақырыпты, бүгін мына тақырыпты қаузаймын» деп теңселіп жүрмейді. Тек маңызды сәттерде нені нысанаға алу керегін біледі. Фототілшіге соның өзі жеткілікті. Тақырып басында Нұрболаттың «Халық алғысын» алғанын айттық. Екінің біріне берілмейтін марапат десе, фототілшінің карантин кезінде дамылсыз жұмыс істегені еске түседі. Жұрт қашықтан қызмет етіп, үйде отырып үріккенде фотограф аурухана мен блок-бекеттердің арасында жүрді. Онда қорқыныш болмады емес, болды. Тіпті үйіндегі кішкентай ат ұстарына ауру жұқпасын деп, жұмыстан қайтар уақытта қолын қайта-қайта жуып, қорғанып жүрді. Бірақ жұмыс жауапкершілігін өзгеге артпады. Кейде блок-бекеттен өте алмай тұрған халықпен бірге қиналды. Енді бірде дәрігерлердің тоңып жүріп, жүгіре қызмет еткенін көріп жігерленді. Келесі сәтте дертпен арпалысқан науқасты көріп жаны түршікті. Сонда да азаматқа лайық болмысымен сыртқа сыр білдірмей, күндіз-түні тарихи сәттерді таспаға түсіре берді. Елдің қиындықпен қалай күресіп жатқанын бір ауыз сөз айтпастан, айна-қатесіз басылым беттеріне ұсынды. Оның суреттері сөйлеп те, әлемге ортақ қиындықты сездіртіп те тұрды...
***
Бүгінде фототілшінің талай жылғы жинағында он мыңдаған сурет бар. Мақала басында әкім алдына құлаған фотоаппарат жайлы айтқан едік, енді осы жерде аяқтаудың орайы кеп тұр. Бәрі аңтарылып тұрғанда, әкім ғана тыныштықты бұзып: «Ақшаң көп пе?», ‒ деді сонда. Құрылғының қаншалықты қымбат екенін астарлап айтқаны ғой. Сол сәт маманды ерекше ширатты, есейтті. Фотоаппарат та жөнделді. Содан кейін Нұрболат қызметінде өрескел қате жіберген емес.
Нұрболат биіктікті жақсы көреді. Кезінде облыс әкімімен бірге Ми-8 ұшағымен сегіз сағат ұшып, қала мен даланы рахаттана таспаға түсіргені бар. Содан болар «Сыр медиа» үшін фотографтың өзі де, сурет «сөзі» де биік көрініп тұрады...
Гүлдана ЖҰМАДИНОВА