ҚАУІПСІЗДІК ҚҰРЫЛҒЫСЫ
Startup жобалар
Асқар Әбу, Шахмардан Мұхаммедқожа, Мағжан Бекетов облысымызда өткен Hackday фестивалінде «IT» бөлімі бойынша III орын иеленді. «Адам өміріне қауіпті газдардың мөлшерін бақылауға арналған құрылғы» авторларының бірі Асқар ӘБУ жобаның ерекшелігі мен мақсаты туралы баяндап берді.
– Бұл жобаның идеясы қалай туындады?
– 2012 жылы үйге газ орнаттық. Оны орнату барысында мамандар құбырдың ашық тұрғанын ескермей, газды қосып жібереді. Сол кезде үйде жарылыс болып, отбасымызбен қиын кезеңді бастан өткердік. Мен сол сәтте мұндай жағдайдың өзге жанұяда қайталанбағанын қаладым. Сондықтан санамда адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін құрылғы жасасам деген арман туындады. Осы Hackday жобасы туралы естіп, бір күнде топ жасақтап, құрылғының үлгісін жасадық.
– Қауіпсіздік құрылғысының мақсатына келсек...
– Құрылғысының ішіне газ кірген кезде микрожарылыстар болады. Құрылғы жарылыстың температурасын өлшеп, қалыпты деңгейден асып кетсе, үй иесіне
хабарлайды. Мәселен, газдың үстіне шай қойып, өшіруді ұмытып, дүкенге шығып кеттіңіз делік. Бөлмедегі құрылғы шамадан тыс бөлінген газдың жоғарғы деңгейін анықтап, сізге «Газды сөндіргіңіз келе ме?» деген хабарлама жібереді. Егер келісіміңізді берсеңіз, құрылғы автоматты түрде газдың тетігін жабады.
хабарлайды. Мәселен, газдың үстіне шай қойып, өшіруді ұмытып, дүкенге шығып кеттіңіз делік. Бөлмедегі құрылғы шамадан тыс бөлінген газдың жоғарғы деңгейін анықтап, сізге «Газды сөндіргіңіз келе ме?» деген хабарлама жібереді. Егер келісіміңізді берсеңіз, құрылғы автоматты түрде газдың тетігін жабады.
– Ерекшелігі қандай?
– Құрылғы тек газды емес, жарықтың және жылудың деңгейін бақылай алады. Бүгінде баспаналарда шамдардың қызып кетуінен де өрт болып жатыр. Осының алдын-алу үшін құрылғының тиімділігі басым. Сондай-ақ, жылудың да деңгейін бір қалыпта ұстап тұруға мүмкіндік береді. Ендігі мақсатымыз – құрылғыны ары қарай дамыту. Мәселен, көпқабатты үйлерде су алып кету жағдайы жиі орын алады. Осындай шығындардың алдын-алу үшін қосымша қызмет енгізуді қолға алдық.
– Құрылғы қолданысқа енгізілсе, бағасы қанша болады?
– Тек газдың деңгейін бақылайтын қызметі бар құрылғы 7 мың теңге, ал су, жарық, газдың деңгейін реттейтін түрі 20 мың теңге болмақ.
– Жоспарыңыз қандай?
– Оқуымды абыроймен аяқтап, осы жобаны жаппай қолданысқа енгізгім келеді. Дипломдық жұмысымның тақырыбы ретінде толық қауіпсіздікпен қамтылған «Ақылды» үйдің үлгісін (макет) жасадым. Болашақта осы үлгіні шындыққа айналдырып, «Ақылды» үй құрылысын жүзеге асыру жоспарда бар.
Әсел БЕГМАН