» » БАЛЫҚШЫНЫҢ ӘҢГІМЕСІ

БАЛЫҚШЫНЫҢ ӘҢГІМЕСІ

   
     Жөн сұрасқанда «Аралдың қызымын» десем, жұрт жапа тармағай балықтың жайын білгісі келетіні бар. Ауданнан алыс Қаратереңде өссем де, кейін қалаға бауыр басқан соң теңіз дегенде іркіліп қала беретінімді несіне жасырайын?! Жақында ел түгел карантинге жабылғанда, біз де қалада қалмай ауылға тарттық. Ойда жүрген олқылықты түземекші болып, ауылда аты шыққан балықшы Күнтуған көкеге арнайылып бардым. Ол кісі Шөмішкөлдің тумасы, теңізден жырақ кетпейін деп Қаратереңге ертеректе қоныс аударған. Жетпісінші жылдан бері ата кәсіпті серік еткен балықшы әлі күнге бес құлаш ауы мен қара қайығынан ажырамаған. Балық аулаудың бейнетін бір кісідей көрген көке сөзге де шебер екен, ә дегенде төгілтіп әңгімелей берді, мен де бір ауыз сөзін қалдырмай жаза бердім...
                                                                                                                                                                               Үзілген кабелдің жыры немесе
 «ажалыма келген шығармын»

   Кеңес үкіметі құлағаннан кейін балық аулауға Шығыс Қазақстанға жіберді деп Күнтуған көке әңгімесін әріден бастады. «Балықшының да бармайтын жері жоқ екен ғой» деймін іштей. Содан...
    Өскемен жаққа барып балық ауладық. Әдепкі барған уақытымыз. Біздікіндей емес тәртібі күшті ол жақтың. Даладағы қостың өзін үйді тазалағандай етіп ұстау керек екен. Пайдаланған затын жүрген жерінде лақтырып тастай беретін біз қайдан білейік оны?! Сүйекке сіңген әдет сол... Бес құлаш ау бір жақта, қазан-табақ бір жақта... Сөйтіп су жағасында көсіліп жүрген  бір күні қосқа инспектор келді. Ол уақытта мен бригәдірмін. Келе сала түрі бұзылып:
‒ Мынау не бардак? ‒ деді.
‒ Ой, аға кешіріңіз, ‒ деймін сасқалақтап. Бұл жақтың тәртібін білмейтінім рас қой. Әңгіменің түйіні сол, инспектор «Мына жерден құдық қазып, қоқысты сонда тастаңдар. Бұл ‒ бірінші ескерту» деп қысқа қайырды. Содан қасыма Балтабай мен  Ер Алтайды алып құдық мәселесін реттемекші болдық. Біздің қара жер сияқты қатты емес. Бос топырақты борпылдатып қазып жатыр екеуі... Қанша жерден келіп отырып, қазылмаған құдық үшін штраф төлеу оңай емес қой енді?! Білекті түріп тастап, тереңге түсе бергенде тізеден келетін жерден кабель шыққан. Анау Балтабай сұрайды ғой сонда:
 ‒ Күрек өтпей жатыр. Мынаны не істеймін? ‒ деп.
   Жарықтық,  Ер Алтай да қарап тұрмайды: «Шап» дейді әй-жайға қарамай. Жіңішке кабель күректің екі-үш ұрғанынан қалмай қиылып түскен. Сабаздар «не кабель» деп қарамайды ғой сонда, екі бөліп тастаған да құдықты қаза берген. Біз білмейміз оны. Бар қызық ертеңіне басталды. Азанда тұрып, жылымға кеттік. Жылымды тартып, балықты тапсырып қайтып келе жатсақ, бір татар жігіт бар еді телефон жөндейтін, сол арқасына жүгін асынып қос маңында жүгіріп жүр.
     ‒ Әй, нағып жүрсің таң атпай?!
       «Осындай да осындай, бір жерден ақау болған ау, бір сөткі бойы Самар ауданы, Өскемен жақта байланыс жоқ. Қайдан болғанын білмеймін, соны тексеріп жүрмін» дейді жаңағы жігіт. Аяқ астынан аңтарылып қалдық, «бір жерде сымы үзіліп кеткен шығар» дедік те қосқа қайттық. Ойымызда ештеңе жоқ, алдымызға шайды енді ала бергенде жаңағы татар жетіп келді.
   ‒ Мына жерден құдық қазған сендер ме? ‒ дейді келе сала ентігіп.
   ‒  Иә, ана мусорды төгеміз деп қазып едік, ‒ дейміз түкке түсінбей.
   ‒ Ойбай, ана кабельді сендер қиып тастаған екенсіңдер ғой онда, ‒ дейді екіленіп.
   ‒ Не кабель?
   ‒ Жүр,  көрсетейін, ‒ деп  татар жігіт тура тартты. Барсам, айтқанындай кабель екі бөлініп жатыр. Кіл быжынаған майда сым. Жан-жаққа телефон байланысы сол жерден тарайды екен ғой.
  ‒ Енді өздерің белгі қоймайсыңдар ма? Жазу жоқ, дым жоқ айдалада. Біз қайдан білейік? ‒ деймін мен. ‒ Біздікі, өзің білетіндей, қазақыбайлыққа салынып, байлап-байлап байланыстырып жіберу ғой.
     ‒ Болмайды, ‒ деп көнбейді жаңағы жігіт. ‒ Оны жөндейтін адам бөлек. Мен себебін тауып тұрмын, енді Өскеменнен жөндейтін адам керек. Сосын органнан адам келеді. Бір сөткінің штрафын да сендер төлейсіңдер, ‒ деп жауды төндірді дейсің...
    ‒  Құдай, тұқымың жайылсын. Ей, мүмкіндігі болса бірнәрсе істесейші...
     ‒ Жооқ, болмайды...
     Содан жоғары жаққа хабар жеткен. Түстің кезінде шақырып жатыр деп бізге де хабаршы келді. Естіген бойда жауапты маманның бәрі жетіп келген ғой. Барсам бір орыс, бір қазақ. Анау ‒ подполковник, мынау ‒ мойор. Тоқтаусыз сөйлеп түсіндіріп жатыр бәрін. Орысша толық білмеймін, айтқандарын түсінемін, бірақ жауап қайтара алмаймын. Соңында шрафтың сомасын айтты. Оған менің шашымның түгі жетпейді. «Мекемеңе хабарлаймын, осыны төлейсің, болмаса сотталасың» дейді. Содан қазақты шақырып алып, айтып жатырмын: «мұсылманның баласысың ғой, мына орысқа айтсайшы. Біз ту алыстағы пәлен деген облыстан келдік. Жер астындағы кабельді біз қайдан білейік. Алдын-ала ескертсе бір сәрі?! Бір білместік болды, кешірмей ме енді, не айтып отыр мынау?» деймін күйгеннен. Сөйтсек айдалада кез келген жерге белгі қоя бермейді екен ғой.
       Қоста бір мәмілеге келе алмай көп отырдық. Бір уақытта орыс «сыртқа шығып темекі шегіп келіңдер» деп рұқсат берді. Мойор да бізбен бірге ілесе шықты. Жағдайымды түсіндіріп, барымды айтып жатырмын енді. Олар біз сияқты емес, адамды танысын-танымасын «бауырым» деп сөйлейді. Бір кезде ойланып отырды да, «Бауырым, тұра-тұр. Мұны реттеудің бір жолы бар. Әнееу тоғайда кескен бөренелерді қанша уақыттан бері әкеле алмай жүр бұлар. Соны әкеп берсең, мүмкін, райынан қайтар» деді.
    ‒ Ойбай-ау, менің астымда жаман  бір ЗИЛ бар. Онда да күші ауылдың арасында ғана жүруге жетеді. Өскеменнің ар жағындағы пәлен километр жердегі бөренені қалай жеткізіп берем? Сөйтсем олар бәрін естіп отырған адамдар  екен ғой.
   ‒  Аралдықтарда пресебімен новый камаз бар деп айтты кешегіде.  Сол бар ма сендерде? ‒ дейді майор.
     ‒ Бар ғой, бірақ бізде емес, пунктте жұмыс істейді, ‒ деймін қалбалақтап. Ауылдан бірге келген Қамбардың камазын біліп отырған ғой.
     ‒ Соны алып бересің бе?
     ‒ Ой, ауылдың баласы ғой, айтайын, бірақ қолдан келеді деп уәде бермеймін, ‒ дедім.
      Содан майор ішке кіріп, орысқа «сенің материалыңды әкеп береді» деп түсіндіріп айтты. Орыс ойланып қалды. Менде шамам келгенше тырысып жатырмын. Содан «қазір келемін» деп пунктке жаман зилмен кеттім. Пункттің бастығы үлкендеу кісі еді, бара сала:
  ‒ Күнтуған-ау, түсің қашып кетіпті ғой, ‒ дейді.
   ‒ Ойбай-ау, біз сондай бәлеге ұшырап жатырмыз.
   ‒ А, не қылды?  Өзі бір сондай үрейлі кісі еді. ‒ Құдай сақтасын, кабелі несі? ‒ деп атып тұрды.
     ‒ Қамбар бос па?
      ‒ Жатыр ғой іште...
    ‒  Онда соны  маған бір жетіге бересің. Сосын маған тұз балық керек.
    ‒ Керегіңше ал...
     Қамбарға барсам, көйкіде шалқасынан түсіп жатыр.
     ‒ Амансыңдар ма?
     ‒ Аманшылық...
    ‒ Біз кәбіл үздік. Бір сөткі болыпты қиылғанына. Штрафының түрі жаман. Сен соған мүмкіншілік жасап, бір жерге бір жетіге барасың, ‒ дедім.
    ‒ Бір жеті емес,  бір айға жіберсең де барамын. Жатыс қой біздікі...
     Содан мәшинаға мініп алып, қосқа қайта бардым. Шаруаның бәрі бітетін болды деймін жүрегім жарыла, сосын «базарлыққа тұз балық» деп орысты да қуантып қойдым. Бәріміз сол орыстың УАЗ мәшинесіне  мініп алып, пункт алдына тоқтадық. Көйкі ішіндегі «перілерді» тұз балық тиейміз деп алып шықтым. Кіл балықшы жігіттер ғой,  тұз балықты қаптап салып жатыр, бір сыпырасын машинаға  тиеп үлгерді. Бір кезде орыс «мына балықтың бәрін не істеймін?» деп ат тонын ала қашты,  аяғында «осы да болады» деп жалынды. Содан кеш қарая Қамбарды алдына салып еліне қайтты. Өскеменге барған бір күннен кейін таң ата бәрі тоғайға кеткен. Ол жақ кіл тау-тас, жолда кедергі көп екен. Соған қарамастан бөренені әкесін  танытып камазға да, пресепке де тиеген ғой.  Қамбар ауылға келгенде айтады, жарықтық: «Өскеменге ажалыма келген шығармын деп қорықтым» дейді. Бір өткелге шыққанда жап-жаңа машина қара түтін болып шаққа жылжыған ғой.  Басшылардың бөренені жолы қиын болып әкеле алмай жүргені содан екен. Бір апта дегенде Қамбар да келді, кабелдің дауы да бітті. Өскеменге балық аулаймыз деп барып, осындай қызықпен қайтқанбыз, ‒ деп кең-кеңк күледі Күнтуған көке. Ауылдың аңқылдақ қазағының Өскеменнің орысынан қалай құтылғанын естіп, менде қосыла езу тарттым... Бірақ қазір айтқанға оңай болғанмен, балықшының сол кездегі жайын бәрібір өзіндей сезінбейміз ғой, ә?!

Түйеге артылған шортан мен
 жайынды тіспен аулаған жұрт

   Құс жастыққа жайлана жантайған Күнтуған көке Қарақалпақстандағы қызықтарын да бір уақ еске түсірді.  Ол кездегі тәртіп солай болған,  ауылда аулайтын балық болса да биліктің айтқан жағына қарай көшуің керек. Қателеспесек, сексенінші жылдардың шамасы...
  ‒ Қарақалпақтар қара қайықты ағаштан соғады. Біз сияқты айқастырып соқпайды, ішіне ылғал тамбасын деп жасайтын өзгеше әдістері бар, ‒ дейді балық пен қайықтың жайын бес саусақтай білетін Күнтуған көке. ‒ Біз ауылдан торта ау, майда-шүйда, арасында ірісі де бар, аралас ау алып барғанбыз ғой. Сөйтсек олар балықты уылдырық шашатын уақытына қарап аулатады екен. «Торта ойнайын деп жатыр ма, оны жауып тастайды, сазан аулайсың» дейді. Сазанның уылдырық шашатын кезі келсе, онда қаяздан несібең бұйырады. Әйтеуір, балықшының бәріне тәртіп бірдей.  Біз сол қаяз аулайтын кезде барған екенбіз. Обалына не керек, теңізде қаяз көп. Содан құлаш-құлаш  ауды суға аямай саламыз, бірақ ертеңіне қарасақ ау орнында тұрмайды. Сөйтсек судың ағысы қатты екен ғой. Теңіздің ағысы бар, оған  дарияның ағысы қосылады келіп... Ол кезде Әмударияның Сырға құйып тұрған күшті уақыты ғой. Содан біздің қолымызда бары төрт тармақты көшкі. Көшкінің не екенін білесің ғой, ә?! Ауды бекітуге арналған құрылғы ғой сол... (Күнтуған көке мені ауылдың қызы болған соң, көшкіден де хабардар деп ойлады-ау. Әңгіменің жүйесін бұзбайын деп білмесем де, басымды изедім) Көшкі әлсіз болған соң, ауды ағыс домалатып алып кете береді екен ғой. Қарақалпақтардың салған ауы орнынан қозғалмайды, «апырмай-ә, мынау қалай тұр» деп барсақ, көшкілерін екі тармақ етіп, айшық қылып жасаған екен ғой. Сосын оны қырықтық капронмен ағытқан. Сол ағысқа жібермейді екен, онысын екі-үш ау сайын тастай берген. Содан тек тұрмай, жаңағылардан қиып көшкі алдық. Ау мәселесі де шешілді солай. Ол кездегі қаяздар қазіргідей емес ірі, кейде бір қаяздың өзі он бес келі шығатын. Тіпті сол уақытта тоқсан келіге дейін жайын алып, қарық болғанбыз» деп Күнтуған көке сәл кідірді. Балық десе ешнәрсеге бой бермейтін жас кезі көз алдына келген болу керек, бір күрсініп әңгімесін қайта жалғады.
       Анау Байтақта жүрген уақыт... Шәменов Тастыбай екеуміз кеш қарая өзеннің ішімен келе жатыр едік, жақын жерде қарайған үй көрінді. Шатаспасам, Нұра совхозінікі. Ау салып келе жатқан бетіміз, «осы бір үйге түсейік, қондыратын шығар» дедік. Барсақ, кең дәлізде кемпірі кешкі ас қамдап жүр екен. Сәлем беріп, амандық сұрасқан соң «Әже, біз қонуға келдік» деп жайымызды түсіндірдім. «Үйде отағасы бар, соған барыңдар» деп жөн сілтеді. Үйде екеуі екен, балалары ер жеткен соң қалаға кеткен ғой. Содан төрде отырған төртпақ денелі ірі кісі ас үстінде әңгімені балықтың жайынан бастады. Сонда айтады «Сендер қазір аулап жүрген шортандарыңды әйдік дейсіңдер. Олар шортан емес, шабақ қой. Біздің заманымызда шортанды  түйенің үстіне артқанда құйрығы жерге сүйретіліп жүретін. Шортандардың үлкендігі сондай, суатқа айдаған жантықтарды жұмырына жұқ көрмей жем қылушы еді ғой, шіркін! Қолдағы бір-жар тоқты жоқ боп кетті, сонда анау әйдік шортан қағып кетеді екен ғой. Кейін білдік оны. Енді есептей бер, түйенің бойы қанша? Соған пара-пар алапат шортан не жемейді дейсің?». Тастыбай екеуміз ана кісінің сөзіне аңтарылдық та қалдық. Біз он бес келі шортан ұстадық деп мәз боп жүрміз,  оның өзі де осал емес бірақ...
     Шортанды айтқанда, жайынды қалай ұмытасың, ә? Кезінде жайынды жылым тартып жүріп, судан тістеп шығарған сәттер де болды. Жас кезде көп нәрсені елемейсің, денсаулыққа да алаңдамайсың, әйтеуір бәрі қызық көрініп тұрады. Қыстың күндері  жайынның құйрығын жоғары тастап, басын төмен түсіріп алатыны бар. Онысы сүзгіге ілінбей, әбігерге салады ғой сосын. Содан мұзға жата қаламыз да жайынның құйрығынан тістеп, кейін қарата тартамыз. Салмағы әжептәуір ауыр. Соған қарамастан талай жайынды судан тіспен тартып шығардық. Кейде құйрығын аямай қағып жібереді, солай талай балықшының тісін жұлып кеткен...
       Ол да бір қызық дәурен екен ғой. Қазір айтсаң, өтірік сияқты... Күнтуған көке әжім торлаған бетін талай бейнет көрген қолымен бір сипап, тағы күрсінді сонда...

Қайық ығып барады...
        Мынау Аралда Заурхан деген өзімді оқытқан ихтиолог жігіт болды. Үш комбинатта оқыдым ғой мен. Бір күні үйде алаңсыз демалып
жатыр едім,  таң атпай Заурхан кіріп келді. «Жоғары шық, төрлет» деп амандасып, «дастарқан  жайыңдар» дегенімше болған жоқ, «шайды қоя тұр, одан да бізге көмек жасап, балық аулап бер» деді үстемелете. Ақбастының жігіттерін жинап, Қаратереңнен Тілепбай екеумізге келген беті осы екен. Тілепбай екеуміз  бірге оқығанбыз. «Жарайды, онсызда үйде бостан-бос жатырмын ғой» деп  керек-жарағымды түгендеп, теңізге кеттік. Ақбастыдан Алдаберген деген жігіт бар екен. Алдаберген баласы екеуі. Баласының қасына Кеңес үкіметі  кезінде атақты балықшы атанған лауреат қосылыпты. Сонымен бас-аяғы алты-жеті адам болып балық аулауға кірістік.  Кешке таяу ауды енді салып болдық ау деген тұста қатты дауыл басталды. Көкке қара бұлт үйірілді де, ұқшатып тұрып соқты дейсің... Таңертең тұрсақ жаңбыр құйып тұр, шаң аралас дауылы тағы бар. Бет қаратпайды, әйтеуір... Мен ауымды жиекке жақын жерге салғанмын. Қайықта мотор жоқ, ескекпен амалдап келем. Содан  ауды суырып қарасам, түнімен соққан дауылдан шалаң басып қалыпты. Ауды қайыққа салып алып, жиекке шықтым. Алдаберген мен Қуанышбай деген ихтиолог жігіт теңізге қарап тұр екен. Жаңбыр басылмаған, жел  тынбаған, толқын дегенің қатты... Сөйтсем Алдабергеннің баласы дауылға қарамай лауреат атанған жолдасын ертіп, ау қарауға кеткен екен ғой. Астарында моторы бар казанның қайығы. Содан не болар екен деп жиекте тұрмыз... Ауға енді жақындай бергенде су тиген болу керек, мотор сөніп қалды. Алдаберген баласын дауыл іліп әкете ме деп қорқып, байыз таппай жүр.  «Күннің райын біліп тұрып несіне жібердің?» деп мен кейідім мұнда. Мотор әлі от алмай жатыр, енді қайық ығып кетеді-ау деп ескертейін десем, уайымдап тұрған әкесін одан әрі шошытқым келмейді. Бірақ көз алдымызда қайық ұзап бара жатыр. Ау қалды орнында. Жалауы толқыннан бір көрінеді, бір көрінбейді. Ақыры айтпасқа  болмады. Жиекте менің қайығым бар, Тілепбайлар дарияның ішінде отырған. Анау Аралдан келген Сақи дейтін жігіт бар, бәрі бірге палатканың ішінде карта ойнап жатыр екен. Ай, анау Тілепбайға айт,  бала кетті ғой ығып деймін айқайлап. Бір кезде уайымнан Алдабергеннің жүрегі ұстап, жерге жантая құлады ғой. Қайта Қуанышбайдың қалтасында дәрі бар екен, соны аузына ала жүгірді. Менің қасымда Ақбастының бір жас жігіті бар. Өзім батпақтан аяғымды ала алмай келе жатсам, етігімнің қонышынан ұстап алып тартады. Өзі ұйыққа батып кеткен ғой. «Ой, айналайын-ау, өзім батпақтан шыға алмай келе жатсам, мені тартқаның не қылғаның» деймін демігіп. Содан екеуміз дария ішінде отырған Тілепбайға бардық.
  − Ана Алдаберген жиекте құлап жатыр, баласы ығып кетті. Моторлы қайықтарың бар ғой, алып шықсаңдаршы, − дедім палаткаға кірген бойда.
− Өй,  мына дауылда кім барады оған?
− Әй, сенің денің сау ма? Ана бала суға кетсе, бәріміз жауап береміз ғой. Қайығың бар ғой тым болмаса. Онда маған бер, өзім-ақ барамын.
− Берейін. Бара аласың ба дауылдан?
− Барамын....
Содан Аралдың баласы Бақәділ деген жігітті ертіп алып, теңізге беттедік. Ойпырмай, ыққан қайық жеткізбейді екен ғой. Толқын деген алапат. Ыққа қарай қуып бара жатыр. Әупірімдеп жүріп ұстадық, әйтеуір. Қайық ығып бара жатқан соң ауға көшкі тастапты, онысы қысқа болған ғой, ұстамай кеткен. Екеуінің де түстері боп-боз. «Ағай, енді бес минут кідіргендеріңізде суға секіріп кетейін деп отыр едім» дейді. Әбден қалжыраған, қол-аяғы дірілдеп тұр. Содан олардың қайығын өзімізге тіркеп алып, жиекке қарай жаймен жүрдік. Палаткаға келсек, Алдаберген басын енді көтеріп отыр екен. Баласын көре сала, көңілі босады. Шамалы көңілі бірленген соң баласы да тілге келіп: «Әке, мені осында өлтіруге әкелген екенсің ғой» деп жылап жібергені бар. Сол күні мына дауылда біреуіміз жазым болармыз, балығы құрысын деп ауылға қайттық...

     Балық аулаудың бейнетін балықшыдан артық кім білсін?! Содан болар қыстың суығы, жаздың жауыны демей теңіз үстінде жүрген ауыл адамының қай-қайсысы да маған Еңбек еріндей көріне береді...
  Гүлдана ЖҰМАДИНОВА
Әңгіменің жалғасы келесі санда
22 қазан 2020 ж. 1 314 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031