» » БҰЛ ЕСТІ ХАЙУАН БА?

БҰЛ ЕСТІ ХАЙУАН БА?


Ертеректе Қармақшы жеріне қарасты «Жылуан» атты каналды қазу жұмыстары жүргізілген. Дариядан басталатын канал арнасын қарапайым жұрт бірден тұп-тура ауылдағы бақшалыққа дейін қазып апармақшы болған көрінеді. Сонда көпті көрген үлкендеуі тұрып: «Әй, осынымыз қате. Біз тура, түзу қазғанмен бұл сағадан шыққан су ауылға бәрібір бармайды. Одан да менің үйдегі есегімді алдырайық. Судың қай бағытпен ағарын білсе, сол есек біледі» депті. Ел ішінде де адамдар бар қызық. Әрі-бері күлкіге айналдырып, тіпті болмаған соң әлгі салпаң құлақты алдырыпты. Көк пішенді қаршылдата шайнап тұрған есекті бір жастауы қарсыласқанына қарамай жетектей жетіп келіпті. Тамағынан айырғанды кім жақсы көрсін. Түкке түсінбеген байғұс есек «біткен жерім осы екен, ала жаздай арқам пышақтың қырындай болып, ауыр жұмысқа жегіледі екенмін» деп ойлайды ғой баяғы. Анадайдан өз иесін көріп, бар даусымен, ішегін тарта ақыра бастаған есекеңді қожайыны өз қасына алдырып, салмағы бірдей құм толтырылған қос қанар қапты екі жағына теңдей артыпты. Сөйтіпті де, басынан ноқтасын сыпырып, (жүгені жоқ, осы кезге дейін жүгендеулі есек не есек жүгендеген қазақ көрмеппін, жүгендегендер бар шығар) сауырынан бір салып, ауылға қарай жібере салыпты. Қуаныштан жүрегі асқақтаған есекең де «құтылған жерім осы екен» деп ызғи жөнелген. Бірақ. Бірақ, сол атаңа нәлет, есек ауылға тура бармапты. Қай жер ылди, қай маң төмен, сонымен жорғалай жөнеліпті. Иесі де бірдеңе сезгендей, есектің жүрген ізімен жас жігіттерге 10-20 метр сайын қада қақтырып, белгі салдырған көрінеді. Сөйтіп, есек ауылдың сыртын айналыңқырап барған. Бұдан не ұғамыз?! Есек ешқашан биікке қарай күштемесең баспайды. Қайда ой, қайда сай бар, соған қарай қиыстай тартады. Әрі «жүгі жеңіл болса, жатаған келетін» малдың нақ өзі осы емес пе?!
Кейіннен сол есек жүрген ізбен арық та қазылыпты. Қазылғанда, тек ені мен тереңдігін бір метр көлемінде шұқылап қоя қойса керек. Есектің төмен саймен жүретінін жаңа ғана айттым ғой. Судың да солай ағатыны белгілі. Әлгі ені тар қазылған арықты судың ағысының өзі кеңетіп алғанға ұқсайды. Бір есектің арқасында ауылға осылай су барған, құрметтім! Ал сіз есекті жамандап, кей жұртты соған теңеп жүрсіз. Жаратушының әр жаратылысқа өзінше бір мүмкіндік сыйлағанын қайда қоясыз сонда...

Ержан Қожас

13 қараша 2020 ж. 260 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930