FACT CHECKING
Кейде ақпараттың анығы белгілі болмай-ақ не біреуден естіген сөздің жартысы ұмытылып, ел арасына беймәлім күйде таралатыны бар. Оның ақиқатын ешкім тексерместен отыз рулы ел құлақтанып, әркім өзінше пікірін жалғап, түрлендіреді. Оны бірі – білім, бірі – жай әңгіме, келесі адам – ақиқат деп қабылдайды. Осындайда «дүмше молда дін бұзар» деген мәтел еріксіз еске түседі...
Дүмше молда дегенді «сауаты кем, білімі таяз адам» деп түсініп жүрміз. Бірақ бұл сөздің шығу тарихы басқада екен. Ертеректе молдалардың үйіне көз көрген ғұлама, атақты ғалым кісілер қонаққа келгенде, шәкірттері құманмен су құйып, ас-шай тасып қызмет етеді. Мұндағы мақсат – әлгі шәкірт үлкендерге құрақ ұшып қызмет етсін, қонақтардың өнегелі әңгімесі құлағында қалсын дегені ғой. Ал оқушылар аузы дуалы кісілердің кеңесін, өсиетін кіріп-шығып жүріп тыңдайды да, ертесіне ауыл адамдарына айтады. Ең қызығы сол, шәкірттердің кейбірі әлгі айтылған өнегелі өсиетті соңына дейін тыңдап үлгермейді. Олар бұл олқылықты өз ойымен жалғап жіберіп, әңгіменің түйінін түсінбесе де өзінше қорытып, басқаларға айтатын болған. Солай ауылдың қарапайым халқына қате ақпарат тарап кете береді екен. Бізде дүмше деп құманды айтады. Сонда мәтелдің мағынасы молданың шәкірттері дүмшемен қолға су құйып жүріп, естігенін анық түсінбей, мағынасын ұғынбай елге таратушы дегенге саяды. Осы әңгімені елге сыйлы бір аға айтып бергенде, бүгінгі қоғамда да «дүмше молдалардың» аз еместігі ойыма оралғаны бар.
Жалпы ақпаратты сараптауда Сократ айтқан үш сүзгі бар екенін білеміз. Әңгімені өзгеге айтпас бұрын тыңдаған дүниенің шынайылығы, пайдалылығы, ізгілігін ажыратып алу бұрыннан бергі қағида. Демек сол ақпаратты жеткізуші маңызды рөл атқарады. Бұл тақырыпта және бір мағыналы әңгіме бар.
Өткен заманда бір байқуатты кісі баласын ілім үйренсін деп ұстазға беріпті. Алайда ерке бала оқуға енжар екен. Бір күні баланың жалқау болмысына ашуланған ұстаз «Оқы әкең сияқты, есек болмай» деп кейиді. Сол сөзді естіген бойда бала үйіне жүгіреді. Бара сала әкесіне оқытушының сөзін жеткізеді. Бірақ осы арада сөз мағынасы өзгеріп кетеді. Маған ұстаз «оқы, әкең сияқты есек болмай деді» деп бұртияды бала. Оқиғаның қалай аяқталғаны белгісіз, алайда айтылу барысында интонацияның өзгеруі, ақпараттың бұрмалануы ұстазға ауыр тигені анық.
Бүгінде қою мазмұнды, сұңғыла сөз айтатын жан сирек. Есесіне алып қашпа әңгіменің, талғамы жеңіл, талабы төмен ақпараттың дәуірлеп тұрғаны рас. «Дүмше молда дін бұзардың» кебі. Бүгінде ақпарат таратушы құралдың саны артты, әсіресе оқыс оқиға, төтенше жағдай кезінде сайттар мен әлеуметтік желі «желпілдейді». Айталық, Астанада көпбалалы отбасында болған қайғылы оқиғадан кейін әлеуметтік желілерде «көпбалалы отбасыларға тегін үй беріледі», «жәрдемақы өседі» деген әртүрлі мәтіндегі спам-хабарламалар тарай бастаған. Белгілі тұлға, танымал әншілердің өмірлеріне қатысты да осындай алдамшы ақпараттар жиі кездеседі. Интернет мүмкіндігі артқан сайын, мұны тоқтату мүмкін емес. Мұндайда Сократ секілді кез келген хабарды оқып, тыңдар алдында «пайдалы ма, шынайы әрі жақсылық хабар ма» деп анықтап алған жөн секілді.
Гүлдана ЖҰМАДИН