» » Есірткісіз өмір ғажайып

Есірткісіз өмір ғажайып

Қызылорда ОПД ЕҚҚІҚБ тарапынан жарияланған байқауға

Мен өмірді қалаймын! Бұл менің өмірлік ұстанымыма айналған сөз. Мектеп жасында болсам да, өмірдің қаншалықты қымбат екендігін жете ұғынамын. Өмір адамға өмір сүру үшін беріледі, сол өмірді адами құндылықтармен мәнді де мағыналы сүру әр адамның өз қолында. Мен ата-анамның, ұстаздарымның, достарымның ортасында нағыз тұлға болып қалыптасуға, үздік білім алуға құқылымын. Өз мақсаттарыма қол жеткізу үшін ең алдымен саламатты өмір салтын ұстанған, саламатты Қазақстанның келешегі болып өсуім қажет.
 Сыныпта, мектепте саламатты өмір салтына байланысты іс-шаралар жиі өтіп тұрады. Ақпарат қарыштап дамыған заманда күнделікті әлеуметтік желілерден, ғаламтордан түрлі қорқынышты жайттарды естіп, көріп отырамыз. Мен әрине, адам ретінде сол оғаш қылықтардан бойымды аулақ салып, өз денсаулығыма жете көңіл бөлуге ден қоямын, спортпен үзбей шұғылданамын. Ғасыр дерттері: шылымқұмарлық, нашақорлық, ішімдікке тәуелділік, түрлі аурулар дендеген қоғамда өз-өзіңе бекем болып, жаман ортадан, жат қылықтан аулақ болған абзал дер едім.
Бірде мектепте бізге нашақор жастар, олардың өмір салты, көрген қиыншылығы жайлы қойылымның бейнеүзігін көрсетті. Жас жігіт өмірдің аздаған сынағына төзе алмай, морт сынып, нашақор атанып, есірткіге тәуелді болады және сол "жасыл шөпті" табу үшін барлығын сарп етеді. Ақшасынан, дүние-мүлкінен, барынан, жолдастарынан айырылады. Нашақорлармен бірге денсаулығын құрдымға жібереді. Жас жігітті тек бала кезінен бірге өскен дос қызы ғана қолдап, сол кеселден арашалап, өмір құндылықтарын түсіндіре отырып, спортпен шұғылдануға үндеп, аман алып қалады. Осы қойылым маған үлкен әсер қалдырып, ой салды. Қазіргі қоғамда "Есірткі есіңді алмасын!", "Нашақорлыққа жол жоқ!" деген сияқты нашақорлыққа қарсы акциялар жиі өткізіліп, үндеулер айтылады. Дәрігерлер тарапынан ақыл-кеңестер беріліп сол кеселдің зияны, алдын алу туралы насихат жұмыстары жүргізіледі. Дегенмен осы жұмыстар ұлттық құндылықтар негізіне сүйене отырып жасалса, нұр үстіне болар еді. Ата-бабамыздың тарихында болмаған масқарадан ұлттық тәрбиені көбірек арқау ете отырып, есірткінің түп-тамырын жойып, арылуға болар бәлкім?...
Есірткіні тұтыну психикалық және тәндік тәуелділікке, адам тұлғасының өзгеруіне, денсаулығының нашарлауына, құлдырауына әкеліп соғады және өміріне қауіп төндіреді. Есірткі тұтынатын жасөспірімдер мен жастар өздерін құқық бұзушылыққа, заңсыз әрекеттерге итермелейді, олардың болашағы жоқ. Нашақорлыққа шалдыққан науқас өмірінің орташа ұзақтығы 2-3 жыл ғана екендігін естен шығармаған жөн. Есірткі құрамындағы заттар оның осы тажалға тәуелділігін арттырып, күйзеліске түсіреді. Жас буынның ғасыр дертіне тәуелді болуының себептері: отбасындағы келеңсіз көріністер, ата-аналардың спирттік ішімдіктерге немесе нашақорлыққа салынуы, өмір сүру деңгейінің төмендігі, жанұя мүшелері арасында көтеріңкі көңіл-күй қатынастарының болмауы, жанұяда әкенің немесе шешенің болмауы немесе жай еліктеу сезімінен туындауынан болуы мүмкін. Кейде дендеген кеселге дәрігерлер де араша түсе алмай қалатын жайттар кездеседі. Сондықтан әр азамат өмірінің өз қолында екендігін ұмытпау шарт.
Мен ересектерге, жасөспірімдерге, жастарға, жалпы азаматтарға өз тарапымнан және замандастарымның атынан үндеу жариялағым келеді. Адам Қазақстанның қымбат қазынасы екенін ұмытпайық. Ұлтымыздың, деніміздің саулығы үшін, саламатты өмір салтының салтанат құруы, сау ұрпақтың ұзақ өмірі үшін нашақорлыққа жол бермейік! Есірткі атты тажалдың түп-тамырын жою үшін спортпен айналысып, бос уақытты бағалайық. Біз – мемлекетіміздің бір бөлшегіміз. Туған жеріміздің, еліміздің гүлденіп өркендеуі үшін өмірді бірге таңдайық. Біз үшін есірткіге жол жоқ! Өз қатарластарыма айтар ойымды жүрекжарды өлең жолдарымен түйіндеймін.
Кінә артамыз тіршілікке, қоғамға,
Жаңғырады түрлі сауал санамда.
Небір зұлмат жайлаған бұл заманда,
Ең бірінші сенім керек адамға.

Десек-дағы бақыттымыз, күштіміз,
Күйінерлік күйге келіп түстік біз.
Дерт боп бүгін жастарыма жабысты,
Ғасыр дерті нашақорлық, ішімдік.

Есті жиып, еңсені де тік ұстап,
Денсаулықты күтейікші дұрыстап.
Есірткінің тамырынан шабайық,
Есті алып жүрмесінші құрықтап.

Жат қылықтар арбамасын адамды,
Уламасын тап-таза, пәк санамды.
Күресейік, нашақорлық жойылсын,
Ғасыр дерті жауламасын ғаламды!

Саламатты өмір салтын таңдайық,
Спорттан біз тысқары боп қалмайық.
Оғаш қылық жат болсыншы санаға,
Есірткісіз өмір, достар, ғажайып!

Нұрай ЗИАДИН,
№7 мектеп-лицейінің 9 сынып оқушысы,
Қызылорда қаласы.

("Ұстаз мәртебесі" газетінде жарияланған)


16 қараша 2020 ж. 796 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031