» » Жас мамандар жұмысқа кірісті

Жас мамандар жұмысқа кірісті

   Қызылорда облыстық психикалық денсаулық орталығының ұжымы жас мамандармен толықты. Оқуын аяқтаған дәрігерлер ендігі кезекте наркологиялық заттарға тәуелділігі бар және жүйке жүйесі дертімен сырқаттанатын науқастарды емдейді. Ақ халаттыларға жүктеліп отырған жауапкершілік жүгі ауыр. Емдеу мекемесінің тәжірибесі мол мамандары жаңа әріптестеріне қолдау көрсетіп, жұмыстың қыр-сырын үйретуге дайын.
Облыстық психикалық денсаулық орталығына жаңадан жұмысқа қосылған дәрігерлердің бірі – Алтынай Барақбаева. Жас дәрігер С.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медициналық университетінің түлегі. Бала кезінен медицина саласында еңбек етіп, халыққа сапалы қызмет көрсетуді армандаған маман. Бүгінде Алтынай Қанатқызы орталықтағы №1 бөлімшеде нарколог болып жұмыс істейді. Ішімдікке тәуелділігі бар азаматтарды дертінен сауықтырып, олардың жаңа өмір бастауына септігін тигізеді.

– Негізінен ішімдікке тәуелділігі бар азаматтарды дәрі-дәрмектермен емдейміз. Бұл ретте ағзаны зиянды заттардан толықтай тазартып алу өте маңызды. Науқас сырқатынан айығуы үшін алдымен өзінің ниеті болу керек. Бұл ретте психолог мамандардың көмегі орасан зор. Мен 2019 жылдың қыркүйек айында жұмысқа орналастым. Университеттен кейін резидентураны тәмамдадым. Жинаған білімімді тәжірибеде қолданып, білікті дәрігерлердің қатарын толықтыруды мақсат етемін, Медицина саласының қызметкері ретінде өзіме жүктелген жауапкершіліктің салмағын түсінемін, – дейді нарколог – дәрігер.
Дәрігер мамандығын таңдау екінің бірінің қолынан келе бермейді. Себебі адам өмірінің жауапкершілігін арқалау, өмірін аман алып қалу –дәрігерлердің міндеті. Бүгінде бұл міндеттің жүгін арқалап жүрген абзал жандар аз емес.
Орталық ұжымына жаңадан қосылған мамандардың бірі – Жазира Әбенова. №6 бөлімшенің психотерапевт – дәрігері медицина саласын үлкен қызығушылықпен таңдаған. Жалпы жас маман білімін толықтыруға көп көңіл бөлуге тырысады. Осы мақсатта медициналық университеттен кейін Санкт-Петербург қаласындағы Н.В.Бехтерев атындағы психоневрологиялық институттың екі жылдық клиникалық ординатурасында білімін шыңдады. Бүгінде үздік оқытушылардан алған дәрісін практика жүзінде пайдаланып, нәтижелі жұмыс істеуде.


– Дәрігер болу үшін жауапкершілікті сезіну керек. Өйткені науқастың өмірі мен денсаулығына жауап бересің. Медицина – қателікті кешірмейтін сала. Мен күнделікті орталықта ем алушылармен тілдесіп, оларды жылы сөзбен емдеуге тырысамын. Зиянды заттарға тәуелді азаматтарды емдеуде психологиялық қолдаудың маңызы ерекше. Ем алушының жағдайына немқұрайлы қарауға болмайды. Маскүнемді емдеуге болады. Бұл жерде төзімділік пен шыдамдылық өте қажет. Мен орталық ұжымына алғыс айтқым келеді. Көп жылдан бері жұмыс жасап келе жатқан дәрігерлер ерекше ықыласпен қарсы алды. Мұнда тәжірибесі мол, өте білімді және біліктілігі жоғары мамандар көп. Алдағы уақытта әріптестерімізден көп нәрсе үйренетінім анық, – дейді Жазира Сәкенқызы.
Психиатр – дәрігер Гүлхан Мырзатаеваның да алға қойған мақсаттары ауқымды. Қазір жас маман облыстық психикалық денсаулық орталығының психиатрия саласының диспансерінде қызмет атқарады. Биыл қызметке орналасқан дәрігер жүйке жүйесі ауруына шалдыққан науқастарға қызмет көрсетеді. Басты мақсаты – денсаулығы сыр берген азаматтардың қоғамға оралуына көмектесу.

– Жалпы жүйке жүйесі зақымдалған азаматтарды емдеу оңай жұмыс емес. Университет қабырғасында жинаған білімімді мақсатты пайдаланғым келеді. Мемлекет бізге жағдай жасап отыр, біз өз кезегімізде үмітті ақтап, нәтижелі жұмыс жасауымыз керек. Қызмет барысында науқастардың жағдайына алаңдаймын. Мамандығымды сүйіп таңдаған соң абыройлы еңбек еткім келеді. Жас маман ретінде тәжірибе жинақтау өте маңызды, – дейді дәрігер.
Облыстық психикалық
денсаулық орталығының баспасөз қызметі
19 қараша 2020 ж. 440 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031