Көкек: бөтен ұя – менің ұям
Бала кезде көрген «Союзмультфильмде» көкек қарлығашқа былай дейді: «Мен еркінмін. Бөтен ұя – менің ұям! Қайда барғым келсе, сонда барамын». Міне, қайда барғысы келсе, сонда баратын, бауыр еті баласын көрінген ұяға тастайтын ана – көкек құсы тәрізді емей немене?!
Кез-келген адам ұрпағы жалғасып, өсіп-өнуін тілейді деп ойлаймыз-ау. Бірақ бүгінде бәрі олай емес сияқты, бақытын байлықтан, мансап пен қызметтен іздейтіндер бар. Соның есебінен жетімдер көбеймегенде қайтеді? Кейде таң қаласың, кейбір жандар балаға зар болып, күні түні үмітін үзбей, Алладан жалбарынып тілейді. Енді біреулер Алланың берген сәбиін көрінгеннің қолында қалдырады. Тұрмыс жағдайын, тағдыр тауқыметін сылтау етеді. Көзі қиып, жүрегі шыдап, шырылдаған сәбиін панасыз қалдырған тасбауыр жандар жер басып қалай жүреді екен?
Балаша қуанып, уайым-қайғысыз күн кешудің орнына, көзін тырналап ашқаннан-ақ асыр салып ойнамай, терезеге телміріп, «менің әке-шешем қайда?» деп уайым жейтіндей не жазды екен деп ойлайсың сәбилерді. Үкімет қамқорлығымен қыз бойжетіп, ұл ер жетер-ау, әйткенмен, он сегізге толып, кәмелетке келгенде болашағы не болмақ? Жетімдер үйі шығарып салғаннан кейін бірі жалданып күнделікті нанын тапса, ал енді бірі бұзақылықпен айналысады. Сондықтан түрмеге түсетіндердің көпшілігі жетімдер үйінде тәрбиеленгендер мен ата-анасының қарауынсыз қалған балалар екен. Әрине, бәрі ондай емес шығар, әйтсе де жанашыры жоқ, бесікте анасының әлдиін естімеген, әкесінің тәрбиесін көрмеген бала қандай болмақ?
Біріне бірі тізбектелген бұл мәселе бүгін-ертең шешілмейді. Кеше де бар еді, ертең де солай бола бермек. Ала-құла адамдар, ала-құла тағдырлар. Көкек ана, көңілін шер басқан бала... осылай өмір жалғаса береді, жалғаса береді.
Биназир ЖАХАНША