ТЕРЕЗЕ
Бақытсыздық пен мұң, кедей мен жетім, әділетсіздік пен зұлымдық жоқ әлем барына сенесіз бе? Ондай әлемді мекендейтін тұрғындардың жүзі қуанышқа толы. Ол жаққа бару кез келген жанның өз қолында.
Ол жалдамалы үйінің есігінің алдына келгенде кілт тоқтады. Есіктің тот басқан тұтқасына қарап, күрсінді. Қазір есікті ашқаннан кейінгі күйбең тіршіліктің қайталанатынын, күнделікті шешімі жоқ ұрыс-керістің жалғасарын іші сезіп тұр. Ұялы телефонының шыр еткен дауысы мұңлы ойын үзіп жіберді. Жылы дауыс жақсы жаңалықты хабарлады.
Әр ай сайын қаладағы қайырымдылық қоры кездейсоқ 100 адамға ерекше әлеуметтік жобаға қатысуға мүмкіндік сыйлайды. Сол тізімге енгенін естіп, қуанып қалды.
Таңертең үйінің алдына арнайы көлік келіп, ғылыми орталыққа қарай жол тартты. Сәулеті өзгеше ғимарат бірден көзге түседі. Сырты айнадан жасалғандықтан екі қабатты нысанға күн сәулесі шағылысып, алғаш келген адамды екіұдай ойға қалдырады. Жол бойы үндемеген жүргізуші көлікті тоқтатып, жолаушының түскенін күтті.
Арнайы шақырылған қонақтың алдынан ешкім шықпады. Ғимараттың есігіне жақындап, қоңырауын басты. Есікте сенсорлы экран көрінді. Оған саусағын тигізе бергенде кенеттен шыққан дауыс оны селк еткізді:
– Сәлеметсіз бе? Сізді көргенімізге қуаныштымыз. Кірмес бұрын мына құжатпен танысуыңызды сұраймын.
Есіктің жанынан кішкене сөре шықты. Ішінде қағаз бен қалам бар.
– Бұл ақпаратты жарияламау келісімшарты. Сіз бұл ғимаратқа келгеніңізді ешкімге айтпауға міндеттісіз. Егер бұл шартты орындаудан бас тартсаңыз, жобаға қатысу құқығынан айырыласыз.
Ол құжатқа қолын қойған сәтте есік ашылды. Оны ақ халат киген, ұзын бойлы, көзілдірігі бар әйел қарсы алды. Ең қызығы, ғимараттың ішінде екеуінен басқа жан жоқ.
- Қош келдіңіз. Төрлетіңіз.
- Рахмет.
Олар үлкен залдың ортасындағы екі орындыққа жайғасқаннан кейін, әйел сабырлы кейіппен сөзін бастады:
- Көптен бері көңіліңіздің тыныштығын ұрлаған ойдың барын білемін. Бұл ғимаратта сіз бен менен басқа ешкім жоқ. Сондықтан сырыңызбен бөліскіңіз келсе, мен тыңдауға дайынмын.
Оның жүрегінде екі сезім арпалысып жатыр. Бірі «алғаш көрген жанға сенбе» десе, енді бірі «шаршадың ғой, жеңілдеп қаласың» деп сыбырлауда.
- Неден бастарымды да білмеймін. Жұмысымнан шаршадым. Таңертеңнен кешке дейін тігін машинасына телміріп отырамын. Күнде қайталанатын бір дүние. Әріптестерім менің жағдайымды түсінбейді. Отбасым бар. Жұбайыммен шаңырақ көтергенімізге он жыл болды. Бастапқыда бәрі жақсы еді. Қазір ара-қатынасымыз суып кетті. Жалдамалы үйде тұрамыз. Соңғы уақытта оған тұрмысқа шыққаныма өкінетінді шығардым. Ол маған көңіл бөлмейді. Ол үшін барым не, жоғым не бәрібір секілді. Бір ұлымыз бар. Сабақ оқуға құлқы жоқ. Не істерімді білмеймін?! Оның үстіне... – деп төмен қараған көзін көтерместен, көз жасына ерік берді.
- Қысылмаңыз, құлағым сізде...
- Сізге күлкілі көрінуі мүмкін, бірақ мен үшін қиын мәселе. Маған дене бітімім ұнамайды. Бір орында отыра бергендіктен қатты толып кеттім. Осыдан болар, тез ашуланамын. Өз-өзіме көңілім толмайды, – деп сөзін аяқтады.
Жүзі де, дауысы да сабырлы әйел оның қолынан ұстап, басын изеді.
- Уайымдамаңыз, бәрі жақсы болады.
Біршама уақыттан кейін, көлік оны қайтадан үйіне әкелді. Көптен бері көңілін басып тұрған ауыр тас көз жасымен ерігендей бір жеңілдік сезінді.
Таңертең жұмысына барса, барлық қызметкерлерді басшылық жиналысқа шақыртыпты. Қаржылық қиындықтарға байланысты цех өз жұмысын тоқтатқан. Елу адам бір сәтте жұмысынан айырылды. Заттарын жинап, ұзақ уақыт жұмыс істеген орнына, әріптестеріне қарап, көңілі босады. Жұмысына бауыр басып қалғанын енді сезді.
Жұмысынан шаршап келген жарына жағымсыз жаңалықты қалай айтарын білмей, қатты қамықты. Алайда, жағдайды түсінген жұбайы барлығы жақсы болатынын айтып, қолдау білдірді. Жарының бұл әрекетіне риза болса да, қарыздарды, пәтерақыны ойлап, әл-ауқаты нашарлады. Уайымның салдарынан ауыр дертке шалдықты. Дәрігер анорексия диагнозын қойды. Қатты жүдеді. Өзінің келбетінен қорыққаны соншалық үйдегі айнаның барлығын сындырып тастады.
Болашағынан түк шықпайды деп ойлаған ұлы үйді жинап, анасына қамқорлық көрсетті. Түрлі тамақ істеуді үйренді. Үйреніп қана қоймай, бар ынтасымен кірісіп, әлемге танымал аспазшы болуды мақсат етті. Қиын сәтте жұбайы да қолдау көрсетті. Қосымша жұмысқа орналасып, жанұясын шамасы келгенше бақты.
Таңертең көзін ашса, бөлменің іші ерекше жарық екен. Ешкімнің көмегінсіз өзі тұратын, ұжымымен жұмыс істеген күндерді, отбасымен кешкі ас дайындап, бірге әңгімелесетін сәттерді есіне алды. Егер мүмкіндік болса, он екі мүшесі сау болғанына, түсініспеушілік болса да, қамқоршы отбасы болғанына, қиындығы болса да, жұмысы болғанына, жалдамалы болса да, баспанасы болғанына шүкіршілік етер еді... Осы ақырғы сәті екенін сезіп тұр. Себебі жүрек соғысы бәсеңдеп, көзі қарауытып, дем алысы да әлсіреді. Бір ғажайып күткендей, көзін әлсіз жұмды. Жанарынан бір тамшы жас үзілді.
Бір сәтте көзін біреу сүртіп жатқанын сезді. Көзін ашса, алдында ақ халат киген, әлгінде танысқан әйел отыр.
«Екінші мүмкіндік» әлеуметтік жобасы – адамның психологиялық әлеуетін жақсартатын тың тәжірибе. Тәжірибе бойынша арнайы қондырғы арқылы адам терең ұйқыға кетіп, түс көреді. Түстің оқиға желісін тәжірибелі мамандар құрастырады. Нәтижесінде адам түсін өңім деп ойлап, белгілі бір уақыт аралығында өз өміріне деген көзқарасын түбегейлі өзгертеді.
Әсел БЕГМАН