Сапалы сот жүйесі деген не?
Маман мінбері
Тәуелсіз сот билігі – мемлекет пен азаматтық қоғамның арасындағы өзара үйлесімді байланыстарының принципті кепілі, адамдардың Конституциямен баянды етілген құқықтары мен бостандықтарының қорғалуы. Осы тұрғыда, тәуелсіз еліміздің өркені өсіп, одан әрі дамуында заңның үстемдігін орнықтыра түсу маңызды екені белгілі.
Бүгінде елімізде халықаралық стандарттарға сай сот жүйесі қалыптасты. Мемлекет басшысы тарапынан сот әділдігін жүзеге асыру барысында барлық жағдай жасалған. Мәселен, сот үрдісіне жаңа ақпараттық технологиялар енгізіліп, әділ сот пен ел азаматтарының конституциялық құқықтарының сақталуының негізгі кепіліне айналды. Елбасы Н.Назарбаев судьялардың V съезінде: «Заманауи сот жүйесі – мемлекетті қалыптастырудың бірден-бір басты негіздерінің, әлеуметтік, экономикалық және саяси жаңғырту жолындағы демократиялық даму тетіктерінің бірі. Азаматтардың мемлекеттің құқықтық саясатына деген оң көзқарасы мен қоғам тарапынан билікке деген сенімінің қалыптасуы – сот жүйесінің ахуалына байланысты», – дейді.
Сотқа жүгінетін азаматтар санының көбейгені – сот жүйесіне сенімсіздіктің дәлелі. Соттарда азаматтардың қолжетімділігін арттыру мақсатында соттың істі қарау мерзімі қысқартылды. Айта кету керек, бүгінгі таңда Қызылорда облысы соттарында «Сот кабинеті» белсенді қолданылуда. Осының нәтижесінде сот актілерімен танысу рәсімдері және мемлекеттік баж салығын төлеу айтарлықтай жеңілдеді. СМС-хабарлама мен гибридтік пошта жүйесі сот шығындарын едәуір қысқарта отырып, процеске қатысушыларды хабарландыруды жеделдетуге мүмкіндік берді. Сонымен қатар соттарда құжат айналым жүйесі жетілдіріліп, «Төрелік» ақпараттық жүйесі енгізілді. «Төрелік» ақпараттық жүйесін енгізудегі негізгі мақсат-іс жүргізу ақпаратын, шығарылған шешімдермен танысу, қаулылармен, сот ұйғарымдарымен және басқа да қажетті ақпараттарды сот ісін жүргізуге қатысушылардан шұғыл алу. Бүгінде еліміздің сот саласында жүріп жатқан қарқынды жұмыстардың бірі сот қызметінің ашықтығын жолға қою деп айтуға болады. Осы мақсатта заманауи технология негізінде сот мәжілістерінің үн-бейне жазбалары автоматты түрде қалыптасады. Сот істерінің электронды мұрағаттарының бәрі орталықтандырылған жүйеде болады.
Сонымен бірге, ағымдағы жылдың ақпан айында Шиелі аудандық сотында халыққа құқықтық қызмет көрсету үшін әлеуметтік жағдайды ескере отырып, азаматтарға ашық, жариялы түрде көмек көрсету мақсатында құқықтық көмек көрсету бұрышы ашылды.
А.Жолдыбаев,
Шиелі аудандық сотының судьясы