ЖАСТАР ЖЕМҚОРЛЫҚСЫЗ ҚОҒАМДЫ ҚОЛДАЙДЫ
Бүгінде біз мүлде жаңа қоғамда өмір сүріп жатырмыз десек те, сол қоғамды жегідей жеген дерт – сыбайлас жемқорлықты түбегейлі жоя алмай келеміз. Дегенмен, жең ұшынан жалғасқан жемқорлықпен күресу жолында жаңа стратегия қабылданып, заңнамалық өзгерістер орын алуда. Тиісті жұмыс қолға алынған. Тұрғындарға, соның ішінде жастарға «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл» Заңдары нормаларын түсіндіру шаралары жиі жүргізіледі. Жуырда Ә.Тәжібаев атындағы облыстық кітапханада да «Сыбайлас жемқорлық – әлеуметтік міндет» тақырыбында пікір алмасу кеші ұйымдастырылды. Шараға ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Қызылорда облысы бойынша департаментінің қызметкері Анар Сәлімжанқызы, Қорқыт Ата атындағы ҚМУ «Құқықтану» кафедрасының оқытушысы, заң ғылымдарының кандидаты, доцент Мадина Жүсіпбекова мен «Болашақ» колледжінің құқықтану пәнінің оқытушысы Дәурен Серкебаев қатысып, жас буынға діттеген дертпен қоғам болып күресу қажеттігін жеткізді. Сондай-ақ, спикерлер Елбасының дәстүрлі Жолдауларындағы жемқорлықпен күрес тәсілдерін жетілдіру, оның жолын кесетін заңдарды күшейту мәселелеріне қатысты ой қосты.
– Еліміздің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаты халықаралық стандарттарды ескере отырып құрылған. Тұтастай алғанда Қазақстанда сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің пайдалы тәжірибесі жинақталды деп айтуға болады. Десе де, әлемнің өзге елдеріндегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы жұмыстың табысты тәжірибесін зерттеп, өзімізде қолданудан қашпауымыз керек. Президент Нұрсұлтан Назарбаев сыбайлас жемқорлықпен күрес туралы айтқанда, оны қоғамның көмегінсіз жеңу мүмкін еместігін бірнеше рет атап өтті. Расында, жемқорлықтың жолын кесуде қоғам қарсылығын қалыптастырудың маңызы өте зор. Әсіресе, сіздер секілді жас ұрпақ «Жемқорлықпен күрес – баршаға ортақ парыз» екенін естен шығармауы тиіс, – деді А.Сәлімжанқызы.
Жастар да маңызды мәселеге қатысты пікірлерін ортаға салып, жемқорлықсыз қоғамды қолдайтындықтарын айтты. Жиын соңында ұйымдастырушылар көпшілік назарына «Сыбайлас жемқорлықсыз ел – өркендеуші ел» атты кітап көрмесін ұсынды.
Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ,
«Сыр бойы».