Жемқорлықпен күрес шаралары 3 есеге артқан
Елбасы биылғы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты жолдауының тоғызыншы бағытында жемқорлықпен күрес және заңның үстемдігіне тоқталып өтті. Онда жемқорлықтың алдын алуға бағытталған күрес жалғаса беретінін және соңғы 3 жыл ішінде жоғары лауазымды шенеуніктер мен мемлекеттік компаниялардың басшыларын есептегенде 2,5 мыңнан астам адам сотталғанын атап өтті.
– Жемқорлықпен күрес мәселесі қашанда өзекті. Осы орайда өңірде бірқатар шаралар қолға алынды. Мәселен, мемлекеттік органдарда, үкіметтік емес ұйымдар мен этномәдени бірлестіктерде ауқымды акциялар ұйымдастырылды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы иммунитетті мектеп қабырғасындағы оқушылар белсенді қалыптастыруда. Коммуналдық қызметтердің ақы төлеу түбіртегіне тіркелген сыбайлас жемқорлыққа қарсы 784398 флаерлер таратылып, қоғамдық көліктер мен халық көп шоғырланған орындарда 332478 дана жемқорлыққа қарсы парақша таратылды, – деді Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті басшысы Абзал Мұхимов.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл заңнамаларын түсіндіру мақсатында былтыр 1399 іс-шара өткен. Яғни, 2016 жылдың қорытындысымен салыстырғанда, 2017 жылы іс-шаралар саны 3 есеге артқан. Сонымен қатар, мектеп оқушылары арасында рухани-адамгершілікке және отансүйгіштікке тәрбиелеу мақсатында облыс аумағындағы 284 мектепте «Адал ұрпақ» ерікті оқушылар клубы құрылып, жүйелі насихат жұмыстары жүргізілуде. Аталған клубқа 9 395 оқушы тіркелген. Өткен жылы аталған клуб түрлі тақырыпта 2500-ден астам ауқымды шаралардың өтуіне септігін тигізген. Мысалы, «Парасыз болашаққа. Бірге» жобасы аясында мобильді топ құрылды. Нәтижесінде 325 кездесу мен 116 қоғамдық қабылдау өткізген.
Айгүл ӘЛІШЕРОВА