Балалар әдебиетінің бағы ашылмай тұр

Балалар әдебиеті дегенде ең алдымен Мүбәрәк Жаманбалинов, Мұзафар Әлімбаев, Әнуарбек Дүйсенбиев, Бердібек Соқпақбаев сынды қаламгерлер ойға оралады. Өйткені, бұлар ғұмырын балалар әдебиетіне арнаған. Одан бөлек, «Ұлан» газетін, «Балдырған», «Ақжелкен» журналдарын балалар сүйсіне оқитын. Кейін бұл басылымдардың тиражы айтарлықтай азайды. Балалар әдебиетін дамытуға ықпал еткен «Дарабоз», «Балауса» бәйгелері де жарияланбайтын болды. Балалар әдебиетінің қаламақысы жазушылардың қалтасын майламайтын болды. Өйткені, балаларға арналған шығармалар көлемі шағын болғандықтан қаламақының көлемі азайды. Ертегілерді көркем безендіретін графика саласында жұмыс істейтін суретшілер де аз ақшаға жұмыс жасамайды. Сөйтіп, бұл сала біржола ақсады. Есесіне елімізде орыс тілінде шығатын шетелден келетін балалар әдебиетінің саны артты. Көркем дүниелердің саны саусақпен санарлықтай деңгейге жетті. Осыдан келіп "балаға неге кітап оқымайсың" деп айып тағудың өзі артық.
Балалар шытырман оқиғаға толы кітапқы қызығушылығы зор. Оған дәлел –Джоанна Роулинг секілді авторлар бір ғана «Гарри Поттермен» әлемді өзіне қаратып, миллионер атануына септігін тигізді. Бүгінде бұл туындыны білмейтін бала кемде-кем. Осыған қарап, балаларға арналған кітаптар әлемде сұранысқа ие екеніне көз жетеді. Өзгелер бала тәрбиесіне ерекше ден қойып, миллионер жазушылардың санын еселеуде. Мәселен, Forbes журналы 2016 жылы табысы мол жазушылардың есімін жариялады. Көш тізгінін америкалық Джеймс Паттерсон ұстап тұр. Оның жылдық еңбекақысы 95 миллионға бағаланған. Джеймс Паттерсонның қылмыстық триллерлері мен балаларға арналған шығармалары әлемдік әдебиетте жоғары деңгейде бағаланды. Тіпті, «Өрмекші адам», «Бэтмен», «Тор», «Гарри Поттер» сынды кейіпкерлер қазақ балаларының қаһармандарына айналды. Ал өзіміздің батырларымыз тиісті деңгейде насихаттай алмай отырмыз.
Кезінде балалар әдебиетінің білгірі С.Маршак «Балалар балалық пен даналықтың екі ортасында өмір сүреді» деген екен. Демек, қазақ балаларының рухани әлемі жұтаң тартпас үшін балдырғандардың санасына патриоттық тәрбиенің нәрін себетін, жаңа ғасыр ұландарының психологиясын, болмысын ашатын, әдемі безендірілген қызықты әдебиеттердің саның арттыру маңызды. Өйткені, нашар кітапты оқу – ештеңе оқымағаннан да зиянды.
Айгүл ӘЛІШЕРОВА