» » Нағыз зиялы адам

Нағыз зиялы адам

    Қоғам қайраткері Нұрлан Ерімбетовтің дүниеден озғанына да жүз күнге таяп қалыпты. Рас, ол қоғамның ең белсенді, сергек те сезімтал, үлкенді-кішілі барлық мәселелерге өзіндік көзқарасы бар, ой-пікірі ашық, іскер әрі азаматтық позициясы орнықты адам ретінде есімізде қалды. Ол еліміздегі барлық саяси науқан мен мемлекеттік деңгейдегі ірі іс шаралардың бел ортасында жүретін. Өзі негізін қалаған әрі модераторы болған қоғамдық-саяси, интеллектуалды «АйтPARK» клубы арқылы өзі сияқты азаматтардың бір топ буынын тәрбиелегенін ел біледі.  
Қызылорданың бас идеологы болып тұрған жылдарда ол кісінің асқан мәмілегерлігін ел аңыз етіп айтушы еді. Әсіресе бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін арттыру ісіне Нұрлан Кенжебекұлының сіңірген еңбегі орасан зор. Қызылорда облысы әкімінің идеология жөніндегі орынбасары болып қызмет істеген жылдары тәуелсіз қоғамдық-саяси «Халық» газетінде бір топ әріптестермен бірге редакцияда Нұрлан Кенжебекұлымен кеңінен сұқбаттасудың сәті түскен. Бас-аяғы жиырмадан аса сұрақ дайындағанбыз. Сонда қандай сұрақ болмасын ұқыптылықпен, асқан білімділікпен, сонымен қоса мемлекеттік кей мәселелердің өткелінен «арбаны да сындырмай, өгізді де өлтірмей» өтетін және барынша таза шеберлікпен тігісін жатқызып жеткізетін дегдарлығына тәнті болып едік. 2002 жылғы сол жүздесудегі әңгіменің ең бір әсерлі тұсы оның отбасы жайында «Менің әйелім – кәріс қызы. Бірақ ол ұлты басқа болса да екі ұлыма қазақтың қызын алатын болыңдар дегенді жиі айтып отырады» дегені есімде қапты.
Ол өзінің ішкі цензурасын жеңген адам. Бұл туралы өзі де: «әуелі адам өзінің ішкі цензурасын жеңіп алу керек. Цензураны жеңбей ашық әңгіме айту мүмкін емес. Мен өзімнің ішімдегі цензураны түгелдей болмаса да, біраз жеңген адаммын. Менде мүлдем цензура жоқ деп айта алмаймын, қазір ол кеудемнің бір қуысында жылап жатыр» деген екен осыдан жеті жыл бұрын «Жас қазаққа» берген сұқбатында. Өзі айтқандай, кешегі жыраулар мен билердің дәстүр жалғастығындай мемлекеттік мүдде жолында, қазақ мүддесі үшін қызмет қылу жолында мақтаса да, сынаса да негізсіз емес еді.
Алматының Сейфуллин даңғылындағы жезөкшелерді қамшымен жасқаған рэпер Жан Ахмадиевтің ісі әлеуметтік желілерде тарағанда, марқұм, Нұрлан Ерімбетов еріксіз есіме түсті. 2010 жылдары болу керек, Қазақ радиосына сұқбаттасуға шақырдық. Жеңіл жүрісті қыздардың жолын заңдастыру керек деген төңіректе қоғамдық пікір қызу талқыланып жатқан уақыт еді. Жиырма минутқа жуық әңгіме орайында осы тақырыпқа да қатысты пікірін сұрадық. «Жеңіл жүрісті қыздардың жолын қалай тыямыз? Ол былай ғой. Біз ру намысы десе жанып кететін елміз. Егер анау Сейфуллин, Сайн көшелерінен әрбір қазақ жігіті сұрастырып жүріп, өз руының қызын сол жерден алып кетсе, онда жеңіл жүрісті қыз қалмаған болар еді. Қыздарды көшеден тыюдың бір ғана жолы сол» деп жауап берді Нұрлан Кенжебекұлы. Біз ойланып қалдық, жаны бар сөз екен деп. Иә, Нұрлан Ерімбетов жан дүниесімен қазақ еді. Ол өмірін өзі жақсы көретін іске арнаған, азаматтық позициясы айқын, ат төбеліндей нағыз зиялы қазақтың бірі еді.
                                                                  Айжан ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ
21 маусым 2018 ж. 1 188 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031