Әдептің басы – байқап сөйлеу
Ашығын айтпас бұрын, әңгіменің төркінін әріден бастасақ. Бізде мынадай әзіл бар. Шымкентке келін боп түскен қай жақтың қызы болсын, шешесін сағындырмай, есіне түсіріп тұрады деген. Тұрпайы анекдот болса да, түрпідей тиер шындығың осы. Бірақ боқтампаз адам жер таңдайды деймісіз. Ондай адам барлық жерде кездеседі.
Рулас жігіттер әкеңнен жасы кіші болса, сені туған шешең оларға жеңге ғой. Белгілі. Жаман сөздің «ең тәуірін» осылардан естисің. Мынауың ішкен бе деп ойлайсың, жоқ сауы да қалысар емес. Ашуына тиіп алдым ба деп бетіне қарасаң, ыржиып тұрып өзіңе тиесілі сөзді лек-легімен тастайды. Талай жаға жыртысып, төбелесіп те көрдік, әкеме де айттым. Жай кезде де өзінен сұрайсың, басқа сөз құрып қалды ма? «Ағаң емеспін бе?» деп шіренеді. Тіпті біреуі «боқтайтын ағаң барына қуан, сен бала» дегені. Күйесің бе? Ағасың ба, алдымен ақылыңды айт, сөздің асылын үйрет. Алдыңғы арба дөңгелегі қайта тартса, кейінгісі ізін басатынын білмей ме, бұлар? Ана деп ардақтағаның осы ма еді, ағайын?!
Шешеден келістіре алмай діңкесі құритындар да бар. Нағашы деген халық әсіресе. Әкеңнен көсіліп, рахаттана сыбағанда айызы қанады шіркіннің. Жай ша ма дейсің ғой баяғы. «Немене, нағашыңа қарсы шықпақсың ба, біле білсең, менен шығып отырғаныңды ұмытпа» деп кеуде қағады. Ұмытпайын, нағашеке, тек есті сөз айта көр маған...
Осылай өз бәйтерегімізді өзіміз сұлатып жүрген жоқпыз ба?
Екінші бір айта кететін жайт. Қазақ әйелдерінен басқа өзге халықтың әйелдері құдайын қарғай алмайды. Бұл менің сөзім емес. Ұлы жазушы Ғабең-Ғабит Мүсіреповтің сөзі. Шындық па? Рас, жүгі ауыр шындық. Қу құдай. Шұнақ құдай. Күн жауса да, ашылса да құдайын қарғайды. Мынау тағы не бықсытқалы жатыр демеңіз. Өресі жеткендер не айтқым келетінін жақсы аңғарып отыр.
Елдегі кейбір жеңгелеріміз, мейлі жасы үлкен шешелеріміз болсын, қарғыс түрін қарша боратқанда дәтің шыдамас. «Қара жер тартқыр», «жер ғана тартқыр», «көргенсіз», «қарабақ болғыр», «мақау болғыр», «аты өшкір», «көрбақ бол, еште», т.т. Аза бойың қаза. Ең ішіндегі сорақы сөзі «көрбақ». Осындай бізде. Мағынасына мән беріп жатпайды, айқай-ұрыс кезінде төгіп-төгіп тастайды. Сосын мамыражай кесесіндегі шайын ұрттап отыра береді. Түк болмағандай. Жергілікті халық үйренген, ал сырттан келген кісі естісе, денсаулығына «төшні» зиян тиетініне мен кепіл болайын. Бұл мен айтқан кейіпкерлердің қанына сіңіп кеткен қасиет. Өзгерту үшін көп жұмыс қажет.
Жастар арасында ше? «Есек екенсіңнен» бастап, түрлі хайуан мен аң-құсқа теңеп, тобеңнен қойып қалғанда, теңселмей гөр.
Бәріне жала жабудан аулақпын. Кемшілікті ел болып түземесек, күлетіндер көп екенін менсіз де білесіз. Отыз тістен шығатын әр сөзге абай болсақ қайтеді? Әсіресе, әлеуметтік желіде тегін ақыл айтқанда «төбе бидей» көсіліп, алдымызға жорға салмаймыз. Желіге жазған сондай жағымды, жақсы сөзді құдайдың құтты күнінде айтсақ, ешкім тонымызды шешіп алмас. Әлде әріптесім Ерхан Ақын айтпақшы, «өзімізге қарағанда, желідегі парақшамыз имандырақ па?» Жаныңды жаралайтын да, жадырататын да жалғыз ауыздан шыққан сөз. Байқайық!
Ержан ҚОЖАС