ҚОҒАМДЫҚ КӨЛІККЕ МІНГЕН ӘКІМДІ ҚАШАН КӨРДІҢІЗ?

Жастарға бағыт-бағдар беріп, жол көрсетер көшбасшылардың осындай қылығы әбестік көрінеді. Қызметі жоғарыласа адам менсінбей кететіндерді көргенде, жер бетіндегі адамның барлығы бір деңгейде екенін ұмытқанына қынжыласың.
Ғаламторда жарияланған қоғамдық көліктегі мына оқиға өзгелерге ой салардай. Автобус ішіндегі әйел кісі жұмыс іздеп, бір компанияға қонырау шалады. Қасында отырған ер кісі телефонын алып «жаңа хабарласқан кісіні жұмысқа қабылдаңдыз, ол жұмысқа лайықты» дейді. Автобус ішіндегілер аң-таң. Сөйтсе қасында отырған кісі Американың ең үлкен үш қаласының бірі – Чикаго қаласының әкімі Rahm Еmanuel екен. Таң қалған халық «неге қоғамдық көлікке міндіңіз» деп сұрақтың астына алады. Сонда әкім «Егер мен өзімнің тонировкалы көлігімді пайдалансам, сіздердің мәселелеріңізді қайдан білемін» деп жауап қайтарады. Құптарлық іс әрине.
Қымбат көлік мініп жүретіндер көп. Мінсін, қарсылық жоқ. Десе де бір уақыт халық арасына шығып, тұрғындардың уәжін тыңдаса болар еді. Ауыл, аудан әкімдері жыл сайын есеп береді. Әрине атқамінерлер «джип» маркалы көлікті тізгіндейді. Қызығы жолдың жайын, ауылдың тіршілігін қалай аңғарады. Көліктің көлеңкелі әйнегінен қанша адам отырғаны, ішінде кім бары белгісіз. Біз оны көрмейміз. Олардың бізді, яки қарапайым халықты көруі екіталай.
Басқа қаланы қойыңызшы, облыста әкім қаралардың автобусқа мініп, тұрғындардың мұн-мұқтажын тыңдағанын көрдіңіз бе? Көрмек түгілі естімедіңіз де! Қайдан естисіз? Директордың өзі автобусқа мінгенін ерлік санаса, басқалар рекорд орнататын шығар.
Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов бір кездерде қоғамдық көлікте жүрді. Ол орынбасары мен қаладағы бүкіл мемлекеттік мекеме басшыларының бір ай бойына қызметтік көлікпен жүруіне тыйым салған. Мақсат – қоғамдық көліктерді тікелей бақылау. «Бір ай бойы қызметтік көліксіз, автобуспен жүретін боламыз. Әкімдіктегі бүкіл басшылық құрам осылайша қоғамдық көліктердің жүрісін, мәдениетін қадағалауы тиіс» – деген еді.
Қызылордада қоғамдық көлікке қатысты айтылар дау-дамай көп. Аудандарда да автобусқа адам сыймай жатады. Оны Арал ауданына іс-сапарға барғанда аңғардық. Қай мәселені болса да халық көреді. Ренжиді, ашынып арыз жазуға тура келеді. Біз оларды «арызқой» деп атап та кеттік. Десе де олардың мәселесіне үңіліп қарауға тырыспадық. Шымкент әкімі секілді әр мәселенің басы-қасында жүрсек, аймақта көп қиындықтың шешімі табылар еді.
Мөлдір САБЫРЖАН