» » АВТОБУСТАҒЫ ӘҢГІМЕ

АВТОБУСТАҒЫ ӘҢГІМЕ

Өзекжарды
   Күн ерекше ыстық. Аралдың автовокзалында тұрмыз. Жұмыс бабымен аудандарды аралап, ең соңында Қазалыға автобуспен жетуді жөн көрдік. Бір қабатты ғимараттың ішінде касса да, сауда дүкені де орналасқан екен. Әріптесіміз билет алуға кетті.
Жанымызға қолында ала дорбасы бар, басына қызыл шляпа киген, әбден қажыған бір әйел келіп, салқын сусын сатып жүргенін айтты. Біз бас тарттық. Сөмкесінің ауыр екені көрініп тұр. Иығына көтеріп шаршаған болар, жерге сүйретіп жүр. Көзінде реніш байқалады. Мүмкін кезінде жақсы білім алып, бір мамандықты игермегеніне өкінетін болар? Мүмкін осындай жағдайда жүруге мәжбүрлеген күйеуін кінәлайтын шығар?  Күйеуі, бала-шағасы бар ма екен? Неге мұндай жағдайға тап болды? Бұл сұрақтар ойымда бірінен соң бірі туындады.  Десек те жауапсыз қалды. Бірақ жан-жақтағы қозғалысты «Стоп» деген батырмамен бір сәтке тоқтатып, манағы әйелді көлеңкеге отырғызып, сырлассаң, бәрін ашып айтып беретіндей, тіпті ағыл-тегіл жылайтындай көрінді. Себебі жан-жағынан сондай ең болмаса сөзбен қолдау беретін адам іздегендей үмітпен қарап, жиі күрсінгенін байқадым.
Билетті алып, алыста тұрған үлкен сары автобусқа бет бұрдық. Билетті сатып алған адамның көлікте жеке орны болады емес пе? «Әрине» деп жауап беретініңіз сөзсіз. Біз де солай ойлайтынбыз. Бірақ ойымыз өзгерді. Автобусқа жақындай бергенде іші адамға лық толы екенін көрдік. Алдына немересін отырғызған әжелер, аяғы ауыр келіншектер, қолында таяғы бар аталар орындыққа жайғасқан. Ішінде ауа жоқ. Терезесі ашылмайды. Жерде түрлі зат салынған дорбаның арасында балалар отыр. Ыстықтан беті қызарып, қабақтары түйілген. Бізді көріп, қылмыскер сынды жүргізушіге бір, анасына бір жалтақтап, артқы жаққа ығыса бастады.
Біз көліктің жүруіне 5-10 минут қалғанда бардық. Жүргізуші ашуланып, «Қайда жүрсіңдер? Орын жоқ енді. Ертерек келіп, орын алып қоймайсыңдар ма?!» деп айқайлап жүр. Біз құқығымызды алға тартып, билетсіз отырған жолаушының тұруын талап еттік. Олар көліктің аздығынан билет алып үлгермеген екен. Билетіміз қолымызда болса да, арымыз шыдамады. Алда 2 сағаттық жол. Ол кісілерді сонша уақыт тұрғызып, біз қалай еркін тыныс алып отырмақпыз? Жүруге 2 минут қалды. Асығыс отырған жолаушыға билетті жарты бағасына сатып, көліктен түсіп кеттік.
Қайтадан кассаға барып, 20 жолаушы ғана отыратын автобусқа билет алуға тура келді. Дегенмен құны екі есе қымбат. Билетті алысымен көлік дәл қазір жүріп кететіндей асығып, ертерек орнымызға жайғастық. Манағы әйел дорбасымен бірнеше рет келді. Табандылығына таң қалдым. Төртінші рет келгенде бір жолаушы газдалмаған су беруін өтінді. Қолындағы аз ақшаны қалтасына аса ұқыптылықпен салып, дорбасын сүйреткен әйел келесі көлікке бет алды.
– Қашан жүреміз? Бір сағат болды ғой күтіп отырғанымызға, – деді бір жігіт жүргізушіге.
– Жарты сағаттан кейін, – деді көзінде қара көзілдірігі бар жүргізуші темекісін тастап.
Терезеден қарағанда көзге бірінші биік ескерткіш түседі. Ат үстіндегі айбынды батыр. Көлік ескерткіштің артында тұрғандықтан кімнің құрметіне қойылғанын көре алмадым. Жанымда отырған апа терезеге қарап, немересіне бірнәрсе түсіндіріп жатыр. Уақытты қысқартайын деп, әңгіме бастауды жөн көрдім.
– Мына автобус жақсырақ екен. Бастысы, терезесі ашық. Бір леп соғып тұр, – деп күлдім.
– Билетінің бағасы да жақсы ғой, – деді апа орамалын түзеп.
– Қазалыға жиі барасыз ба?
– Қызым бар сол жақта. Жұмыс бабымен жүр. Жиі барғым-ақ келеді. Бірақ қаражаттың жоқтығы қол байлайды. Оның үстіне көліктің жайын көрдіңіз.
Бұл кісі мұғалім екен. Өмірін бала тәрбиесіне арнапты. Бүгінде зейнетте. Үстіне киген қамзолы, басындағы орамалы өзіне жарасып-ақ тұр. Нағыз әже. Бірақ жүзінде қаталдық та жоқ емес. Терезеге қарап, бір нүктеден көзін алмайды.
– Қызым, еліңді жақсы көресің бе?
Кенеттен қойылған сұраққа абдырап қалдым.
– Иә, әрине.
– Ендеше манағы сары автобуста тұрмын деп ойла. Жауабың сол қалпында ма?
Мен еріксіз сол сары автобустағы қабағы түйіліп, жан жағына жалтақтап отырған бірнеше баланы еске алдым.
– Көрдің бе? Үндемейсің. Ал енді ойлашы. Күнделікті сондай көлікпен мектепке баратын баланың бойында Отанына деген сүйіспеншілік қайдан болады? Лас жер, шаң басқан орындық, терезедегі жамау-жамау жапқыш. Осындай жерде отырып адам қалай күйзелмейді? Енді елестетші, кең автобус, іші жарық, әрі таза, жүргізушісі сыпайы. Осындай ортаны көріп өскен адам, әрине, жақсылыққа ұмтылады. Қазір меценаттың образы қалыптасқан. Көбінде олар халыққа ескерткіш, аллея, мешіт салып береді. Алла разы болсын. Енді осы образға өзгешелік енгізетін бір кәсіпкер шықса ғой! Яғни халыққа автобус алып беретін. Тас қала соға бергенше, көптің алғысына бөленер еді. Көпке үлгі болар еді. Мемлекеттің қауқары жетпей жатқанына қарағанда бұл салаға да қайырымдылық керек-ау, – деді сәл жымиып.
Мен жан-жағымды бір шолып шықтым. Сары автобустағы айқайласып ұрысқанымыз есіме түсті.
– Журналистпін дедің бе? Барған соң, ұмытпай осы туралы жазшы!
Мен үнсіз басымды изедім.
Әсел БЕГМАН
08 маусым 2018 ж. 1 099 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031