Балалар лагері мемлекеттік-жекешелік әріптестік негізінде қайта жаңғыртылады
Жуырда аудан әкімі М.Ергешбаев «Шағала» балаларды сауықтыру демалыс орталығына барып, ондағы тынығушылармен жүздесіп, жағдайымен танысып қайтты.
Биылғы жылы Сырдария өзенінде сең жүру кезінде «Шағала» орталығының аумағын су алғаны бәрімізге белгілі. Аудан басшылығының қолдауымен демалыс орталығын қалпына келтіру үшін шұғыл шығындар есебінен 7 млн 588 мың теңге қаржы бөлініп, сәуір-мамыр айларында ауқымды жұмыстар атқарылған еді. Нәтижесінде, демалыс орталығы ағымдағы жылдың 1 маусымынан бастап демалушыларды қабылдады.
Жалпы көлемі 29 гектарды құрайтын көкпен көмкерілген аумақта 30 мыңға жуық әр түрлі ағаштар жайқалып өсіп тұр. Лагерь орталығында екі жатақхана, сексен орындық асхана, медпункт, балалар шомылатын бассейн, душ, жаздық клуб, жасанды футбол алаңы және лагерь дирекциясының кеңсесі орналасқан. Балалардың денсаулығын қадағалау үшін арнайы дәрігер және тіс дәрігері жұмыс істейді. Балалар жатақханасына санитарлық талапқа сай жаңа кереуеттер пайдалануға беріліп, алаңдардағы құрал-жабдықтар толығымен жаңартылған.
Биылғы жаз мезгілінде 125 баладан 7 ауысымда барлығы 875 баланы демалдыру жоспарланып, бүгінгі таңда демалыс орталығында әлеуметтік қолдауды қажет ететін отбасыдан шыққан 140 бала демалуда. Мұнда балалардың уақытын көңілді өткізу үшін 13 үйірме жұмыс істейді және "Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында көпшілік іс-шаралар, танымдық экскурсиялар, спорттық ойындардан жарыстар жиі өткізіледі.
«Салауатты ұлт - ел болашағы» екендігін ескерсек, ширек ғасырдан астам тарихы бар орталықты алдағы уақытта жас өрендеріміздің игілігі үшін жаңғыртып қайта салудың маңызы артып отыр. Осы орайда, «Шағала» балалар сауықтыру лагерін мемлекеттік-жекешелік әріптестік негізінде қайта жаңғыртуға байланысты жобалық жұмыстар қолға алынды.