» » Борсық ұрған сайын семіреді

Борсық ұрған сайын семіреді

    
  Қоғамдық ұйымдар жемқорлықпен, парақорлықпен, сыбайластықпен жан аямай күресіп-ақ жатыр. Бірақ «борсық ұрған сайын семіреді» дегендей, неғұрлым күрес күшейген сайын жемқорлық пен парақорлық белең алып барады. Қаптаған атжалмандарға уландырғыш дәріні жемге қосып тастасаңыз, олардың бәрі бірдей бас салмайтын көрінеді. Әуелі біреуі шетінен дәмін көріп, «құрбандыққа» айналады екен. Қалғандары содан кейін уға жоламайтын көрінеді. Келесі кезекте оларға арнап басқа дәрі жасау қажет. Әр кез сайын у дәріні жаңалап отырмаса, атжалмандар ағзасына удың өзі әсер ете бермейді екен. Десе де біздің шенеуніктер қазір атжалмандардан да бетер болып барады. Олай дейтініміз, облыста жемқорлық фактілері азаймай тұр. Былтыр сыбайлас жемқорлық ісі бойынша 75 қылмыс тіркелсе, 2018-дің жарты жылдығында 91 қылмыс жасалыпты. Қалада – 65, Аралда – 9, Қазалыда – 2, Қармақшыда – 4, Жалағашта – 2, Шиеліде – 6, Жаңақорғанда –3 қылмыс іркелген. Пайызбен шаққанда 21,3 пайызға өскен. Қолда бар ақпаратқа көз жүгіртсек, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында 2 209 іс-шара өткізілген. 2017 жылдың жартыжылдығында – 785 шара болыпты. Бір қызығы, биыл 1424 шара артық өткізілген. Бірақ қылмыс саны азаймайды. Журналистерге баспасөз конференциясын өткізген Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы Абзал Мұхимов істен нәтиже болмағанын атап өтті. «Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу барысында біршама жұмыстар атқарылды. Десе де нәтиже көңіл көншітпейді. «Қоғамдық бақылау картасы» жобасы аясында азаматтардан сенім телефоны арқылы – 77, мессенджерлер мен әлеуметтік желі арқылы – 27, мониторингтік топтар арқылы – 16, жалпы саны 120 өтініш келіп түсті. Есепті мерзімде «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексінің баптары бойынша 23 әкімшілік іс қозғалып, 19 әкімшілік іс бойынша мемлекет пайдасына 1 354 945 теңге өндірілді», –  деді Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы Абзал Мұхимов.
Биыл 10 әкімшілік мемлекеттік қызметші Әдеп кодексінің талаптарын бұзған. Оның 4-еуіне ескерту, 2-еуіне сөгіс, 1-еуіне қатаң сөгіс, 3-еуіне қызметіне сәйкес еместігі туралы ескерту түрінде тәртіптік шара қолданған.
Баспасөз маслихатында фейсбук әлеуметтік желі белсендісі Динара Эшатованың жазбасы талқыланды. Онда мемлекет меншігіне тиесілі «Toyota Land Cruiser 200 VX» (kz 007 РК/11) көлігі жұмыс уақытында қаладағы №2 «Мұрагер» мектебінің маңында тұрғандығын және жеке мақсатта пайдаланылуы мүмкіндігін жариялаған. Аталмыш көлік облыс әкімдігі аппаратының басшысы Мұрат Делмұхановқа тиесілі екен. Эшатованың айтуынша, дәл сол көлік келесі күні басқа номерде сол жерде болған. Ол көліктің номері Kz 345 DKA/11. М.Делмұхановтың жүргізушісі бар кінәні өз мойнына алған.
 – Көлік жүргізушісі Н.Тоқанов өз түсініктемесінде ол мектепке жеке шаруасымен барғанын айтқан. Екінші номерге келер болсақ, сол жерден тауып алғанын, сосын тағып көргенін жеткізді. Ол барлық кінәні өз мойнына алды. ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық Кодексінің 590-бабының 3-бөлігімен (көлік құралына көрінеу жалған немесе қолдан жасалған мемлекеттік тіркеу номерін орнату) 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде әкімшік айыппұл салынды,  – деді департамент басшысы.
Баспасөз мәслихаты кезінде сыбайлас жемқорлық сипаттағы құқық бұзушылықтар қай салада көп екені де айтылды. Олар: мемлекеттік сатып алу, қорғаныс істері, әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамтамасыз ету саласында және ішкі істер органдарында екен.
Мемлекетке тиесілі көлік не себепті жеке бас пайдасына пайдаланылады және мемлекеттік көлікке екінші номер пайдалану не үшін керек? Бір емес, бірнеше рет заң бұзған жүргізуші неге қызметінен босатылмайды? Сауал көп жауап жоқ. Бізді ойландырғаны, сыбайластықтың алдын үшін былтырғымен  салыстырғанда 3 есе артық жұмыс істелген. Яғни көп іс-шара өткізілген. Солай бола тұра қылмыс өршіп тұр? Себебі неде?
Мөлдір САБЫРЖАН
09 тамыз 2018 ж. 1 025 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031