Қызылорда облыстық сотында жаңа жылдық мерекелік шара
Іс-шараға Қызылорда облыстық сотының төрағасы, алқа төрағалары, аудандық және оған теңестірілген соттардың төрағалары мен судьялары, соттар әкімшісі басшысының орынбасары, бөлім басшылары және сот мамандары қатысты.
Қызылорда облыстық сотының төрағасы Қамбар Нұрышев қатысушыларды жаңа жыл мерекесімен құттықтап, ізгі тілектерін білдірді. «Ғасыр жылнамасында тағы бір жыл тарих қойнауында қалды. Өтіп бара жатқан жыл еліміз үшін бірлік пен береке, тұрақтылық пен татулықтың жылы болды. Мемлекетімізде ЭКСПО – 2017 өткізіліп, басқа да іргелі оқиғалар орын алды. Биыл азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға бағытталған бірқатар заңнамаларға өзгерістер енгізілді. Сондай-ақ, судьяларды іріктеу мен мансаптық ілгерілету жүйесі түбегейлі қайта қаралды. Жаңа 2018 жылдан күтер үмітіміз көп, атқарылар іс те аз емес», деді Қ.Нұрышев.
Мерекелік жиында сот қызметкерлері ұйымдастырған жаңа жылдық көрініс жиналғандарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Сондай-ақ, шара соңы концерттік бағдарламаға ұласты.