» » Құмалақшының қойыртпағы немесе сандырақ сөзге 500 теңге

Құмалақшының қойыртпағы немесе сандырақ сөзге 500 теңге

QOGAM
     Екі көзім жәутеңдеп құмалақшының қолында. Түсі суық, жасы алпыстан асқан қайыстай қара қатын екен. «Я, раббым» деп иегін ішке тартып, бір кекірді де, (онысын әруақ шақырғандағысы деп түсініңіздер) қырық бір құмалағын санамалап, тартып кеп жіберді. Шашылған құмалаққа қарап, қасын керіп сәл ойланды да, сарнай жөнелді.
– Ойбууу! – деді шошыған дауыспен. Жүрегім жарылып кете жаздады. Жаманат хабар айта ма деген ой ғой.
– Не болып қалды, апа-ау?!
– Әй, сен, оның жоғарыдағы дөкей қайын жұртыңдағы көкеңмен онша емес екенсің ғой. Байқа, сол жағына шығып жүрсің.
– Апа, мен әлгі...
– Тұра тұр, сүйреңдемей. Мені қарсы дау айтады деп ойласа керек. Сөзімді аяқтатпастан іліп әкетті.
 – Ауылдан ет, балық, ағарған келсе, ауыз тигізіп тұрмаймысың ондай кісілерге. Сосын әйеліне ара-тұра «пәдәркі» сыйлау керек... Бірді айтып бірге кетті. Ғашығыма қол жеткізе алмай жүрген менде қайдағы қайын жұрт?! Қай сенбіде үйленетінімді сұрайын деп едім апам жолды кесіп кетті. Көңілін қалдырмайын деп үндемедім. Тағы не дер екен? Аңқау елге арамза молда демекші, бұл апам да бүгінгінің оңай мал табуға ұмтылған пендесі.
– Мына жерде өкшең көтеріліп, жол жүресің-ау, әй, емпеңдемей әрі тұр, – деп  құмалаққа қарай ұмтылған мені қолымен қақпайлап. – Піссіміллә, мында жүрегің қуанышты, мәшине мінесің, мәшине көріп тұрмын. Көлік мінетіндей қалтамда қаржы тіреліп тұрмаса да, «аумин» дедім іштей. Машина мінгенді кім жек көрсін. Сөйттім-дағы, соңғы үлгідегі су жаңа 500 теңгелікті алдына қоя бердім. Сірә, көңілі толмады, соңында бата бергенде де сүлесоқтау қайырып, бет сипады. Мен де іштей «жындының сандырағы келер» деген оймен жөніме кеттім.
Иә, осылай болды. «Қойдың өзі менсінбей тастап кеткен, құмалаққа сиынып не көрінді» деп айтыскер Жандарбек Бұлғақов айтпақшы, құмалақшы балгер, көріпкелдер бұрын да, қазір де көп. Таныс не туыстарымның арасынан байқасам, соларға сенушілер жетерлік. Әсіресе ауылдағылар құмалақшыға бірінші барады. Малы жоғалса не денсаулығы сыр берсе, дәрігерден көрі диуананың сөзі өтімдірек болып тұр. Себебін топшыласақ, өздері айтпақшы, «қазіргі доқтырлар түк білмейді» немесе медициналық көмекке жүгінуге қалта көтермейді.
Өз басым жұрттың тәуіпке телміріп, құмалақшының құлаққа тиер жылы сөзіне неге құмар екенін аңдап көрдім. Байқап қарасақ, күйзеліске ұшыраған жандарға психологтар көмегі жетіспейді немесе олардың қызмет көрсетуі қымбат. Екіншіден, одыраңдап тұрған кей дәрігерлердің қылығынан жақсы сөзімен ем іздеп келген науқасқа, біз айтып отырған кейіпкерлердің тәтті сөзі расымен артық. Кез-келген адамның мұңын ерінбей тыңдап, көмек көрсетуге балгер-құмалақшының шебер екені әу бастан белгілі. Жаны қысылып келген адамға жылы сөз ерекше әсер етеді емес пе?!
Түйін. Жақсы сөз жан семіртеді. Көлік мінесің деп, кеудеңе қуаныш сыйлаған құмалақшыға, менің орнымда шын сеніп келген басқа пенде болса, 500 емес 5 мыңды лақтырар еді. Күлеміз-ау. Айта берсең, түйткілі көп бұл тіршіліктің. Тәңірім, түзу жолдан тайдырмасын тек.
Ержан СОЙЫРҚАС
23 тамыз 2018 ж. 1 881 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930