» » Үйкеле бермеңізші, ағай!

Үйкеле бермеңізші, ағай!

   Мұндай рахатты бұрын-соңды көріп пе едім, әлде көрмеп пе едім, есімде жоқ. Тізем тізесіне тиді де, ойпырмай, бойым балқып, күйім шалқып, әлсін-әлсін тізгінді тартып кеп жіберем ғой. Терезеден сығалаған ай сәулесі екемізге таңдана да, таңғала да, қызғана да, қызыға да, майысеееп қарап тұрған тәрізді. Көз қиығымды салып, оның жұпар иісі аңқып тұрған шашына қараймын. Құдды бір сағымдар арасынан шыққан сұлу сияқты. Еһ, шіркіннің ақ тамағы ше, ай астында оған қараған көзқарасымның өзін ай сәулесі қызғанып, сұқтанып тұрған сыңайлы. Мұндай сезім менде бұрын соңды болған емес. Оның да бойы балқып жатқан болар, шіркін. Мағжанша жырлап, «Бұл ләззаттың бір минутын бермеймін, патша тағы, бүкіл дүние, малына» деп айғайлап жібергім келді. Естіген, көрген жұрт не ойлар дейді бір ойым. Одан үнсіз батайын ләззатқа. Апырмай, қолымыз жанаса кеткенде тоқ ұрып, 220 вөлтің далада қалады-ау. Тана көздері мөлтілдеп, құралайдың жанарындай жасаурайды. Пісте мұрны «едіністівенній» дана ғой, деймін. Мұндай пұшық мұрынды да көрген емеспін. Ерні ше, шие тәрізді... Жей бергің келеді. Әй, көп жесең зиян деп қоямын іштей.
Тағы да тізелер тоғысты, жан алысып, жан берісіп, соғысты. Апырмай, мұндай соғыстан соң тізелер жарылып кетер ме екен, кім білсін?! Біздікі, бірақ сол қалпы. Тағы да соғысты... Ойпырмооой, мұндай соғыс дүнияда болмаған шығар. Томирис пен Македонскийдің де қылыштары бұлай соқтықпаған шығар?! Бүгін біз айта береміз ғой, кеше не болғанын кім білсін?
Еһ, тағы да шалқып барамын. Бойым балқып барады. Сұлудың жұпар иісі аңқып барады. Бұл Аян сонау күн астындағы ақша бұлт боп қалқып барады.
Тарс ете қалды. Автобустың доңғалағы екен жарылған. Қасымдағы қыз бетіме қарап, қолымнан жұлқып оятып жатыр.
– Ағай, үйкеле бермеңізші. Мені қысып тастадыңыз. Тіземнен тіземен тарсылдатып жатырсыз, – дейді ғой.
Сасқанымнан бетіне қарап:
– Ә, сіздің тізеңіз екен ғой, – деппін.
Негізі әдемі қыз екен...
Аян СПАНДИЯР
14 мамыр 2018 ж. 1 886 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031