Халықаралық автошеру – Қызылордада
Мәскеу қаласының Қызыл алаңынан бастау алған «Зов предков» халықаралық автошеруі Қызылорда қаласына келіп жетті. «Достық үйінің» алдынан қарсы алған қызылордалықтар қонақтарға ерекше сый-құрмет көрсетті. Автошеру қатысушылары алдымен қазақы дәстүрге сай түрлі астан дәм татты. Мұнан соң «Достық үйінің» мұражайымен танысты.
Автошерудің негізгі мақсаты – Ресей Федерациясындағы көпэтносты халықтың азаматтық бірлігін нығайту және Ресейдің Өзбекстан, Қазақстан, Моңғолия, Қытай, Корей Республикасымен халықаралық байланысын дамыту. Халықаралық автошеру өткізу Еуразия кеңістігінің мемлекеттері арасындағы достық қарым-қатынасын орнату мен экономикалық, мәдени және гуманитарлық серіктестікті кеңейту үшін өте маңызды. Экспедицияға қатысушылардың арасында Ресей және Корей қоғамдық мекемелерінің басшылары, саяхатшылар, тілшілер және фотографтар бар.
Халықаралық автошеру «Ресей халықтарының Ассамблеясы» жалпыресейлік қоғамдық мекемесінің ұйымдастыруымен Мәскеу қаласынан бастау алған болатын. Арнайы жабдықталған 10 көлік жеті мемлекет аумағын, соның ішінде Солтүстік және Оңтүстік Кореяны, барлығы 30 мың километр жерді аралап өтуде (бағыты Мәскеу - Ташкент - Нұр-Сұлтан - Ұлан-Батыр - Пхеньян - Пекин - Сеул - Мәскеу).
Қонақтардың қатысуымен баспасөз-конференциясы ұйымдастырылды. Онда «Қоғамдық келісім» КММ директоры Уәлихан Ибраев қонақтарға алғысын білдіріп, сәт сапар тіледі.
– Сыр елі – Алаштың анасы болған құтты мекен. Біздің өңірде түрлі ұлт пен ұлыстың өкілдері ынтымақтастықта өмір сүріп келеді. Шерудің мақсаты да ұлттар татулығын арттырып, елдің бірлігін нығайту. Бұл ретте, сіздерге алғысымызды білдіреміз. Сәтті сапар болсын! – деді ол.
Өз кезектерінде автошерушілер де қонақжай қазақ халқына деген ризашылықтарын жеткізді.
Баспасөз-конференциясынан кейін автошеруге қатысушылар Корей халқының батыры Хон Бом Доның ескерткішіне гүл шоғын қою рәсіміне қатысты.
Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ.
Суретті түсірген
Нұрболат НҰРЖАУБАЙ.