«Брат или брак» фильмі Қазақстандағы кассалық рекордты жаңартты – Құралай Анарбекова
26 қазан күні прокатқа шыққан «Брат или брак» фильмі екі ай бойы еліміздегі кинотеатрлардан көрсетіліп жатыр. Кинокартинаның бас продюсері әрі басты рөлді сомдаушы актриса Құралай Анарбекова сұхбатында фильмнің отандық кинемотографияда кассалық жиын және келушілер саны бойынша рекорд орнатқанын хабарлады.Бұл - отандық актриса Құралай Анарбекованың бас продюсер ретіндегі дебюттік толықметражды кинокартинасы. Актрисаның өзі фильмде Гаухар атты бас кейіпкердің рөлін сомдайды. Ол маңызды жоба болған соң актерлік жағынан да, продюсерлік жағынан да барынша күш салуға тырысқанын айтады.
«Фильмнің 10 апта бойы прокатта болуы біріншіден Corich Group компаниясы ұжымының кәсіби деңгейі деп айтсақ болады. Себебі осы жылы өте жақсы дайындалдық. Сценарий, идея жағынан ғана емес, әу бастан актерлік құрам, маркетинг жағынан талқыладық. Көрермен жүрегінен орын алатын кино түсірдік. Халық жақсы қабылдаған соң осы күнге дейін фильм прокатта жүр. Команда бар күшін салып жұмыс істеді. Маркетингке көп мән бердік. Әрбір бөлшегін, әрбір сәтті әу бастан ойластырдық», - деді фильмінің бас продюсері Құралай Анарбекова.