ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ЖЫҒЫЛМА
Бүгінде жемқорлық жалпақ жұрттың талқысында, көптің де көңілін күпті етіп отыр. Олай дейтінім, белгілі топ жасаған қылмысқа оған қатысы жоқ қоғамды қатыстыру әбестік секілді. Қолы ұзынның құзырына қолы қысқаның құрығы әсте жетпеген шығар…
Енді облыстағы жағдайды тарқатып көрелік. Жуырда облыстық ішкі саясат басқармасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес тақырыбында өткен семинарда ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл (сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) агенттігі облыс бойынша департаментінің Превенция басқармасының басшысы Ғалия Әлімқұлова тың деректер ұсынды.
– Биыл 8 айда сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында 3750 шара ұйымдастырылды. Бүгінде «Ашық бюджеттің интерактивті тақтасы», «Адал ұрпақ», «Адал жол» және басқа да жемқорлықты болдырмауға арналған бірнеше жоба жүзеге асу да. Ал, «Ақмешіт – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жұмыс ауқымы жоғары, – деді Ғ. Әлімқұлова.
Есепті мерзімде аймақта 93 сыбайлас жемқорлық сипатында қылмыс болған. Оның ішінде 48-і парақорлық, 6-ы жүйелі түрдегі жемқорлық, 8-і кіші және орта кәсіпкерлікке заңсыз араласу, 17-сі мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру барысында орын алған. Ең сорақысы, елімізде жыл сайын орта есеппен екі мыңнан астам сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыстық іс тіркеліп, 1000-нан астам адам жауапқа тартылады екен. Бұл өз кезегінде мемлекеттік қызметке де кедергісін келтіріп отыр. Өйткені мемлекет қаржысын жымқыруда заңсыз әрекетке баратындар лауазым иелері екені бесенеден белгілі.
Осыған орай басқарма басшысы жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жоспарының негізгі жеті бағытын атап, қылмыстың жолын кесу амалдарына тоқталды. Мәселен, бюджет саясатының ашықтығы түйткіл сауалдың түйіні болса, «Open Space» жобасы билік пен халық арасын жақындата түсті. Қысқасы, ақша айналасындағы арпалыста шалыс қадамның да шегі болады.
Ерасыл Шәрібек