» » ҚИЫНДЫҚТЫ БІРГЕ ЕҢСЕРЕМІЗ

ҚИЫНДЫҚТЫ БІРГЕ ЕҢСЕРЕМІЗ


Қазіргідей төтенше жағдай уақытында азық-түлік бағасының тұрақты болуы халық үшін өте маңызды. Осы орайда тұрғындарға кәсіпкерлер тарапынан көрсетілетін көмектің жиілегенін айта кеткен жөн. Апта басында жағдайы төмен отбасыларға тегін азық-түлік таратуды қолға алған жас кәсіпкердің бірі Нұржігіт Хамитұлымен тілдесіп, сауабы мол шаруаның жай-күйінен хабардар болған едік.

Ауылдық жерлерден жеткізілетін табиғи өнімдерді қала тұрғындарына қолжетімді етумен қатар ішкі экономиканы дамытуды көздеген Нұржігіттің негізгі мамандығы мұнай-газ саласы екен. Болашақ университетінде білім алған ол ең алғашқы еңбек жолын «Сырдария» ЖШС мұнай мекемесінде геолог болып бастағанын айтады.
− Мамандығым бойынша қызмет ете жүріп, жеке кәсібімді ашу жайлы жиі ойлана бастадым. Алдымен отбасылық кәсіпке айналған Esperenza кафесінің жүйелі жұмыс істеуіне көңіл бөлдім, оған қоса қалалық паркте орналасқан ескі жаздық кафені де өз иелігіме алдым. Бұл орын халық көп шоғырланатын жер болған соң тұрғындарға сапалы қызмет ету үшін бірнеше есе шығын жұмсауға тура келді. Көп ұзамай ескі тамақтану орнын бұзып, екі қабатты жаңа ғимаратта кәсібімізді жалғастырдық. Сол кезде жаздық кафенің табысы төрт есеге артып, тағы бір бизнес саласында бағымды сынамаққа бел будым. Қашанда бала тәрбиесі халқымыз үшін басты орында ғой, сол үшін келесі кәсіп түрі ретінде жеке балабақша ашамын деп шештім. Беймәлім салаға бұрын аса қатты мән бермеген соң, бастапқыда біршама қиындыққа кезіккенім рас. Тіпті бір жыл бойы балабақша қызметіне бөлінген қаржы өзін ақтамады десем де болады, бірақ біз ең алдымен сапаға баса назар аудардық. «Нұр Адина» аталатын балабақшамыздың қазір жұмысы жүйелі. Осы кәсіпті әбден игере келе әрі аумағын кеңейту мақсатында «Гүлсезім Орда» атты екінші балабақшаның да қызметін бастап кеттік. Айта кетейін, отбасымда бәрі жеке кәсіппен айналысады, сондықтан қиын сәттерде әкем мен ағаларымнан кеңес сұрап отырамын, − дейді жас кәсіпкер.
Жиырма төрт жастағы жаңақорғандық Нұржігіт мұнымен тоқтап қалмай, тек ауыл өнімдері сатылатын Ауыл базарын ашуға мұрындық болыпты. Қазіргі таңда ет өнімдерімен қатар мал азығын нарыққа шығарған кәсіпкер жақын арада ауыл адамдары жиі пайдаланылатын көлік құралдарын сататын орталық ашуды жоспарлап жүргенін де тілге тиек етті.
− Еліміздегі төтенше жағдайдың әсері тұрғындарға оңай тимейтіні белгілі, сол үшін азық-түлік бағасын төмендетілген бағада сатуды жөн көрдік. Айталық, осыдан бірнеше ай бұрын талқан, сөк дақылдары 800 теңгеден сатылса қазір 400 теңгеге төмендеді, ал нан бағасы 70 теңгеден 45 теңгеге түсті. Сондай-ақ 10 келі тұз бағасы 500 теңгеден 250 теңгеге арзандады. Осы аптада отызға жуық жағдайы төмен отбасыға көмек ретінде қажетті азық-түлікті тегін таратуды жоспарлап отырмыз, − дейді Нұржігіт.
Шаруаға бейім, тірлігіне жауапкершілікпен қарайтын кәсіпкер әлемдік пандемия салдарынан елімізде дағдарысқа қарсы көптеген дайындық жұмыстары жүргізіліп жатқанын да атап өтті. Бастамасы батыл жігіт әріптестерімен жұмыла қызмет атқарып, қиындықты халықпен бірге еңсеретініне сенім білдірді.

Гүлдана ЖҰМАДИН
17 сәуір 2020 ж. 527 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031