Бейнет тасасындағы бақыт
Он сегіз жасында Қанибай әулетіне келін болып түскен Балымша апа он жылға жуық ата-ененің қолында үлкендердің тәрбиесін көрген. Ол кездегі ауылдың бейнетті тірлігін бүгінгілер біле бермейміз ғой. Алты атқамінер, үш кестетігерге өмір сыйлаған Балымша апа қазір өзі де келін жұмсап, үш немере сүйіп отыр. Өткен жолы ауылға барғанда жасы елуге таяған «алтын» ананың әңгімесін тыңдау бұйырған еді, ал бүгін соны баяндаудың сәті түсіпті.

«Қазіргі жастардың минералды су ішіп, жеміс-жидек жесе де тез ауырып қалатыны бар, ал біздің кезімізде тек үлкен кісілер ғана ауырады деп ойлаушы едік. Тоғыз баланы дүниеге әкелсем де басым ауырып, балтырым сыздаған емес, босанған соң бірден тірлікке араласып кете беретінбіз. Экологияның әсері дейміз ғой, мүмкін жастардың әлсіздігіне сол шаң ауа, құнарсыз, жасанды тамақтың әсері көп шығар» деп сөзін жалғай бергенде апаның бесіктегі немересі жылап қоя берді. Сыртта жүрген жас келін үйге алып-ұшып кіріп, көз ілеспес жылдамдықпен бесікті келесі бөлмеге әкетті. «Қонақтан ұят болды-ау» дегендей қымсына қараған келіннің көз ілеспейтін тірлігіне көңіл сүйсінеді. Сол сәт Балымша апа әңгіменің тақырыбын келін тәрбиесіне қарай жылыстатып жіберді.
«Келінімді қызымдай көремін, өйткені ол да бір отбасының бізге берген аманаты. Келін екен деп үй тірлігіне аяусыз жұмсайтын енелерді де талай көргем, өз басым ондай ойдан алшақпын. Көз тимесін, келінім «орыстың ортасы саналатын» Жезқазғанның қызы болса да, ауыл тірлігіне бірден төселіп кетті. Қайыніні, қайынсіңлілерінің де бабын табады, біздің де айтқанымызды екі етпейді. Қазір заман тәуір, үйге су да, отын да келіп тұр. Бірақ соны ұршықтай үйіріп әкетудің орнына ым-ишараға түсінбей, шаңырақтың берекесін алатын келіндер де бар. Тәңірге мың тәуба, келінімді ауыл адамдарының бәрі мақтайды, сырт көзге адамның жақсы қасиеттері көрініп тұрады ғой» деп Балымша апа келініне сүйсініп қойды.

Әр бала өз несібесімен дүниеге келеді. Бір қозы артық туса, бір түп жусан артық шығады. Балымша апаның бала тәрбиесіндегі қағидасы осындай. Осы кезге дейін «Алтын алқа» иегері болғаны үшін берілетін төлемнен бөлек, мемлекет тарапынан көп балалы отбасы ретінде үш-төрт ай бойы 21 мың теңгеден беріліп тұрыпты. Кейін басқа да кіріс көзі бар деген шешіммен әлеуметтік төлемақы алынып тасталған екен. Балалары қыс, күз мезгілінде балық аулайды. Бірақ үйде мемлекеттік мекемеде жұмыс жасайтын тек Балымша апа ғана. Келіні де жұмыссыз, екі баласы студент, бірі оқу грантында, бірі ақылы бөлімде оқиды.
Ананың бәрі баласы үшін рахат өмір мен тыныштықтан бас тартатыны белгілі. Тоғыз баласы үшін Балымша апа да бәріне көнуге даяр. «Үшінші балам Ақниет мектепте үздік оқыды, бірақ ҰБТ тапсырған уақытта аз балл жинап қалған кезі әлі есімнен кетпейді. Ауданнан қайтар жолда қызымның апайы қоңырау шалып «Ақниет тоқтаусыз жылап келе жатыр, біз барғанда әжесі де үйге келсе дұрыс болар еді. Бір жұбанса, әжесінің айтқанына көнер» деп хабарласты. Сол сәтте қызыммен қосылып өзім де егіліп жыладым. Ер бала болса жекіп жөнге саларсың-ау, бірақ қыздың жаны нәзік. Оның үстіне өзі оқыған бала, аудан, облыстың шарасынан қалыс қалмайтын. Үй жинап жүріп Абайдың өлеңдерін жатқа айтып жүретін. Сол жылы әкесі екеуміз ақылдаса келе университеттің қазақ тілі мен әдебиеті мамандығына ақылы оқуға түсірдік. Ол кезде өзім мектепте от жағамын, әкесі балық қатыру мекемесінде жұмыс істейтін, айлығы бар болғаны отыз мың теңге. Әкесі ай сайын түскен айлығын алмай, үш айда 90 мың теңге етіп жинап Ақниетке салып жіберетін. Менің жалақымды балалардың, үйдің керегіне жараттық, ауыл арасы деген осы, біреуден ілгері, біреуден кейін балалардың бәрін аяққа тұрғыздық. Балалар өскен соң барлық қиындық ұмытылып, есте қалмайды екен. Ақниетім университет бітірген соң жұмыс табыла қоймады, оған көмектесуге қол қысқалығы шама бермеді. Әлі күнге жатсам-тұрсам сол қызымды уайымдап жүремін» дейді Балымша апа.
Бүгінде Балымша апаның Дәурені есепші мамандығын, Дәулеті жүргізушілікті меңгерген, Ақниеті тұрмыста, Бекзат пен Бекжаны студент, Гүлзипаш, Рамазан, Айзере, Кенжебегі мектепте оқиды. Немересінің алды даярлық сыныбына барып жүр. Қазіргі қоғамда бір үйде бірнеше жанның басы біріге қалса, жанжал туатынын жиі айтып жүрміз. Ал Қайсар ағаның үйінде он алты жан тату-тәтті қалыбымен бақытты ғұмыр кешіп келеді. Сырт көз тоғыз баланы дүниеге әкеліп, аяққа тұрғызуды бейнет көретіні рас, бірақ көпбалалы отбасында береке атты бақыттың болатынын қайдан білсін?!
Гүлдана ЖҰМАДИН