» » Қашықтан оқыту: VARK моделі туралы

Қашықтан оқыту: VARK моделі туралы

     
  «Мұғалімнің шеберлігі өзі білген білімін бәрін балаға тез білдіруде емес, еппен білдіруде»  (М. Жұмабаев)
       Алаш ардақтысының  осы сөзі дәл қазіргі қашықтан оқыту жағдайында да өзектілігін жоғалтпай отыр деуге болады. Себебі бұрын-соңды тәжірибеде қолданыста болмаған қашықтан оқыту формасын  жүзеге асыруда мұғалімге шеберлік пен ептілік аса қажет болып отыр. Осы тұрғыда мына бір оқиға еске түседі...
      Бірде  бір тәжірибелі  мұғалімге ата-анасы он жасар баланы әкеліп, баланың оқуға мүлдем қауқарсыз, қабілетсіз екеніне шағымданған екен.  Қанша тырысса да балаға қарапайым есеп шығаруды үйрете алмағанын айтты. Олар түрлі таяқшаларды санату, алма жинату, саусақтарын көрсетіп есеп шығару сияқты мысалдарды үйретсе де, ештеңе шықпады. Бала қосып,  айыра алмайды екен. Мұғалім баламен бірнеше минут сөйлеседі де оны санауға үйреткенше ата-анадан тысқары отыруын өтінеді. Содан кейін мұғалім баланы орнынан тұрып, алдындағы тастардан секіруін сұрады. Бала алдымен тастардан секірді. Содан кейін мұғалім былай деді: «бір секірдің, екі  секірдің, енді тағы екі рет секірші. Сонда сен қанша рет секірдің?»  Ол бірден «4» деп жауап берді. Бала секіріп одан әрі санауын жалғастыра берді. Сол арқылы бір күнде ол қарапайым балалардың жарты жылда игеретін арифметикасын меңгеріп кетті . Ал ата-анасы аң-таң болып отырды.
     Осы оқиғадан шығатын қорытынды – оқушыларды оларға анағұрлым тиімді тәсілмен оқытсақ, оқуы да жеңіл әрі нәтижелі болмақ.
 Бұл оқиғада мұғалім өте аңғарымпаз, дана екенін байқатты. Балаға түсіндіріп беріп оқыту емес, оған ең түсінікті тәсіл  (өзіңе жасату) арқылы үйрету керектігін мұғалім  түсінді. Соған орай мұғалім оқытудың әдістерін оқушылардың ағымдағы қажеттіліктеріне қарай саралап, бейімдеуге тырысты. Оқушы үшін нәтижеге жету анағұрлым жеңілірек болды және үдеріс осылай ұйымдастырылса, сыныптағы оқушылардың көбінің нәтижесі ілгерілейді. Мұны жасаудың бірден-бір тәсілі  ‒ оқушыларды оқытудың жеке стилін тану. Бұл тануды  мұғалім өз тәжірибесі арқылы немесе теорияға сәйкес оқыту стилін өлшеуге бағытталған түрлі сипаттамалар арқылы жүзеге асыра алады.
Осы тұрғыда қашықтан оқыту жағдайында оқушылардың оқуына қолдау көрсету үшін олардың қабылдау мүмкіндіктерін қалай ескеру туралы айтсақ. Сөзімізді мына сұрақпен жалғастырайық:
Оқушы ақпаратты қай кезде жақсы қабылдайды: тыңдаған кезде ме, оқығанда ма?
 Мысалы кейбір оқушылар бар : ... апай, тағы қайталап атып бересіз бе? Кейде апайдың айтқанын бірден жаттап алып ертесіне өзіне қайта айтып беретінмін, ‒ деп айтып жатады. Демек мұндай адамдарда есту арқылы ақпаратты қабылдауы жақсы, ал кейде оқушыға айтқанмен ұға алмай қиналатын тұстарын байқаймыз. Мұндай оқушыға визуалды көмек қажет. Себебі олар көргенін жақсы жаттап алады, қазір де осындай оқушылар әр сыныпта отыр, көргенін ұмытпайтын немесе тәжірибе жасағанда, өзі ұстап көргенде  жақсы қабылдайтын. Осы тұрғыда қашықтан оқыту жағдайында  VARK моделі туралы ақпаратпен бөліскенді жөн санадым.
       Оқушылардың ақпаратты қабылдау мүмкіндіктері ХХ ғасырдың 80 жылдары зерттеліне басталды. Түрлі модельдер қалыптасты. Сол модельдердің ішінде бүгін VARK моделі жайлы айтар болсақ, аббревиатура ағылшын тіліндегі «Visual, Auditory, Reading және Kinesthetic» атауларынан құралған. ҒалымУолтер Барбтың жұмысына негізделген оқыту теориясын білдіреді, алғашында VAK деп танылған теорияны кейіннен Жаңа Зеландияның 40 жылдық мұғалімдік тәжірибесі бар Нейл Флеминг бірнеше жыл зерттеп мағынасын кеңейтті (1987 жылы), ол өз жұмысын жеңілдету үшін жоғары сыныптарда балаларды оқыту тиімділігін зерттейді. Ол күннің бір мезгілінде университеттерде дәріс берсе, келесі мезгілде мектепте жұмыс істеді.   Нейл Жаңа Зеландияның Оңтүстік аралында 100-ден астам орта мектепте тоғыз жыл бойы аға инспектор болып жұмыс жасады. Өмірінде 9000-нан астам сабақты бақылаған екен. Өз зерттеуінде ең алдымен 16 сұраққа негізделген сауалнама ұсыну арқылы оқушыларының қабылдау мүмкіндіктерін анықтап, оны инфографика арқылы ақпаратты қабылдаудың төрт түрін: визуал, аудиал, кинестет, дигиталды анықтап берді.  Мысал ретінде   Нейл Флеминг зерттеуі арқылы бір   мектептің 14-16 жастағы оқушыларының  VARK сауалнамасы бойынша  жауап нәтижелерін ұсынсам.  Осы сауалнама нәтижесінде оқушылардың көбі визуал екендігі анықталған екен.
    Жалпы, қабылдау үдерісінде бұлар күрделі, жоғары сатыда бір-бірімен өзара байланысып жатады. Өзара бір-біріне әсер етуі ‒ табиғи заңдылық. Сөйлеушінің өзін, оның қалпы мен сырт келбетін көруі тыңдауды жеңілдетеді, сөйлеушінің қимыл мәнерін жеңіл ұғынуға мүмкіндік туғызады. Дегенмен, ақпаратты қабылдауда бір сезім мүшесі басымдыққа ие болатынын психологтер дәлелдеген екен. Негізгі идея ‒ бұл әрбір адамда ақпарат алу және әлеммен байланыс үшін жиі қолданылатын басым бір сезім мүшесі  бар. Осы модельдің астарында  – оқушының оқуы оның түсінбеуінде емес, оның қабылдауына сәйкес әрекеттің ұйымдастырылуында деген негіз жатыр. Қазіргі оқушы планшетпен, ұялы телефонмен, ноутбукпен жұмыс жасағанды ұнатады, ендеше, оқуда да біз осы мүмкіндіктерін қолдауымыз керек. Негізгі мәселе – оқушыға берілетін мазмұн олардың қабылдау мүмкіндігіне сәйкесінше етіп дайындалуында. Бұл әрине, қосымша уақытты талап етеді. Дегенмен қашықтан оқыту жағдайында бір мазмұнды оқулықтағы ақпаратқа қоса видео, аудиожазбамен беруге мүмкіндік туындап отыр деуге болады. Мақала соңында айтарым,  Ч.Дарвиннің  «Ең мықты адам емес, өзгерістерге тез бейімделе алатын адам ғана жеңіске жетеді» деген сөзі арқылы қоғамда қандай өзгеріс болса да тиімділігін бағалап, соған қарай бейімделіп, нәтижелі жұмыс жасауға мұғалімдер де толық талпыну керек.

 Жанат ТАҢАТАРҚЫЗЫ,    
«Педагогикалық шеберлік орталығы» Қызылорда қаласы филиалының менеджер-әдіскері
21 мамыр 2020 ж. 572 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031