Қашықтан оқу қалай болады?
6 сәуірден бастап мұғалімдер мен оқушылар бұрынғыдай мектепке бармайды. Уақытша. Елде төтенше жағдай жариялануына байланысты талап солай. Каникулдан кейін балалардың қалай оқитынын Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте айтты.
Мектептерде 4 бағытта білім беріледі. Оның біріншісі бойынша республикалық «Балапан», «Ел арна» телеарналары арқылы кесте бойынша күніне 8 сағат дәріс жүргізіледі.
– Індет уақытында ұстаздар өздерін тележүргізуші ретінде сынап көріп жатыр. Олар бұған дайын болған жоқ. Сабақтарын әзірлеп, түсінікті әрі бала жалықпайтындай етіп 10-15 минутқа сыйдыру – үлкен емтихан, – деген министр мұғалімдерге алғыс білдірді.
Телевидениенің сигналы жетпейтін елді мекендер үшін Қазақ радиосының ұжымы күш жұмылдырды.
Мектепке баратын бала саны тым аз 1200 ауыл халқы пошта көмегіне жүгінуге мәжбүр. Әйтсе де, алыстағы ауыл оқушылары үшін 4-тоқсанды мектепте оқуға мүмкіндік беріліп отыр.
– Шалғай елді мекендерде шағын жинақталған мектептер бар. Оларда 20, 40, 50 бала білім алады. Осындай мектептерде тиісті карантин шаралары қабылданса, білім ұжымы дәстүрлі форматта жұмысын жалғастырады. Эпидемиологиялық жағдайға байланысты әлі де шешімді қарап, керек болса, түзетеміз, – деді еліміздің бас педагогы.
Бірақ мұндай мектептерде сабақ өткізу уақыты 30 минутқа қысқарады. Сонымен қатар оқушылар екі ауысыммен білім алады.
Қашықтан оқытудың соңғы бағыты интернетке негізделген. Қысқа уақытта бірнеше интернет платформасы, цифрлық ресурс дайындалды. Ендігі жерде мұғалімдердің соларды пайдалана білуі маңызды. Сонда интернет жетпеген, компьютері жоқтар қайтпек? Ауылды айтпағанда, шағын қалалардың өзінде мұндай мәселе бар. Оны шешумен жергілікті әкімдіктер айналысып жатыр.
– 300 мыңнан астам баланың интернеті, техникалық мүмкіндігі болғанымен, компьютері жоқ. Мәселені шешудің бір жолы – мектеп балансындағы компьютерді оларға уақытша беру. Мектептерге қосымша компьютер, планшет сатып алуды бастап кеттік. Ұстаздарды да тиісті құрал-жабдықпен қамту жұмысы жүріп жатыр, – деді А.Аймағамбетов.
Облыстық білім басқармасы да балаларды қашықтан оқыту мүмкіндігін зерделеді. Үйіне интернет тартылған, компьютер, ноутбук, планшет, смартфоны бар оқушылардың есебін жасады. Ондай мүмкіндігі жоқ көпбалалы, бірнеше оқушы баласы бар отбасыларға компьютер, планшет беріле бастады. Басқарма өкілдері оқушылар мен ата-аналардан мектеп мүлкіне үлкен жауапкершілікпен қарауды сұрап отыр. Еске салсақ, бүгінде өңірде 293 мектеп бар, оның 58-і Қызылорда қаласында орналасқан.
Осы орайда министрлік қосымша білім алуға арналған платформалар тізімін ұсынды. Олар: Алматы қалалық Оқушылар сарайының Оқу Zoom технологиялық базасы; Қазақстан Ұлттық электронды кітапханасы – http:kazneb.kz; KazTub онлайн-кинотеатры; Kaztube.balapan блогы; студенттерге арналған Coursera білім платформасы – https:coursera.org; ҰБТ мен қорытынды аттестатқа дайындайтын https://itest.kz/ru; «Филин» иллюстрациялық жануарлар энциклопедиясы – http://www.filin.vn.ua/index.html.
Қашықтан оқыту бойынша елдің барлық мектебінде сынама сабақ болды. Мұғалімдер балалардың жүйеге қалай қосылғанын тексерді. Ал, 2 сәуір күні мұны ата-аналарға үйретті. Ертеңіне сынып сағаттары өтіп, балаларға тиісті ақпарат берілді. Алдағы дүйсенбіде осылайша мектеп те, ата-ана да, құрылғылар да жаңа форматқа дайын болуы тиіс.
Министр уақытша қиындық кезіндегі жүйенің жалақыға әсері жөнінде айтты.
– Қашықтан оқыту форматы жалақыға еш әсер етпеуі керек. Өйткені әріптестеріміз сол баяғы көлемде жұмыс атқарады. Дайындық шаралары әдеттегіден көп болуы да мүмкін. Сондықтан мұғалімдердің жалақысын өзгертпеу туралы тапсырма бердік. Бұл тапсырма арнайы бұйрықта нақты бекітілген, – деді ол.