Автоеріктілер
Еріктілер бүгінгі күннің батырына айналды. Елімізді айтпай-ақ, аймағымыздың өзінде олардың көмегімен көптеген ауқымды іс атқарылды. Төтенше жағдай кезінде жұмыстары тіпті көбейді. Биыл еріктілер жылы деп бекерге жарияланбағанын осыдан-ақ аңғаруға болады. Құп делік, волонтер десе, ерікті жасты еске түсіреріміз анық. Ал автоволонтер ше?
Аты айтып тұрғандай, өз көлігімен ерікті түрде қолдау білдіретін адамды айтамыз. Облыстық жастар ресурстық орталығы автоволонтерлерді бір арнаға тоғыстырды. Олар қарт кісілерді, мүмкіндігі шектеулі жандарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етеді. Одан бөлек, өткен аптада ауруханаларға оттегі баллондарын тасу үшін біршама ерікті өз еркімен жұмыс істеді. Арнайы уатсап тобы арқылы кімге, қандай көмек қажет екенін біліп, дер кезінде қол ұшын созуға дайын жігіттерді көргенде қуанасыз.
Бұл әрине өзге жастарға ой саларлық нәрсе. Көлігі бола тұра, өзгеге қолын созуға ниет білдірмейтіндер көп қой. Ал бұл идея жастарды игілікті іс атқаруға шақырады. "Автоволонтер керек" деген жарнама әлеуметтік парақша арқылы жан-жаққа тарады. Оны белсенді жастар құптай кетті. Сөйтіп өз парақшаларымен бөлісіп, қатарының толығуына үлес қосты. Біз де автоволонтерлермен тілдесейік деп Қызылорда облысының жастар саясаты мәселелері басқармасының ақпараттық-сараптамалық бөлімінің басшысы Гүлнар Сәрсенбайға қоңырау шалғанымызда "бір күнгі істі жариялап, мақтанудың қажеті қанша" деп бас тартыпты. Иә, бір күн өздігінен қол ұшын созды. Бір күн болсын, бір сағат болсын қиналған жанға қолдау білдірді. Мұның өзі мақтауға тұрарлық іс.
Бүгінде облыстық «Жастар ресурстық орталығы» жанынан әлеуметтік дүкен жұмысын жалғастыруда. Қор қаладағы қолы ашық тұрғындардың көмегімен вирусқа қарсы дәрі-дәрмектермен толықты. Орталықтың бөлім басшысы, қайырымдылық көмекті үйлестіруге септесіп жүрген Сымбат Әбдрахманова қазірдің өзінде 100-ден аса тұрғынға қажетті препараттар жеткізілгенін айтты. Оның ішінде 58 қарт адам, 45 мүмкіндігі шектеулі жан бар екен. Ал бұл дәрі-дәрмекті жеткізу автоволонтерлердің жауапкершілігінде.
– «Кең пейілді кемімес». Қазір Сыр жастары – еріктілер қолдан келгенше көмектесуде. Бүгінде олар қайырымдылық шараларының басы-қасында жүр. Бірі ауруханаларға қажетті оттегі баллондарын тасымалдады, енді бірі мұқтаж жандарға дәрі-дәрмек жеткізді. Орталықтағы әлеуметтік дүкеннің ашылғанына көп бола қойған жоқ. Алайда жомарт жандардың көмегінің нәтижесінде біраз жұмыс атқардық. Мейірімділік шарасы әлі де жалғасын табады. «Оң қолың бергенді сол қолың көрмесін». Дегенмен біз әлеуметтік желідегі орталық парақшасына көрсетілген көмекті жариялап жүрміз. Мақсат – тұрғындардың толассыз қолдауы арқылы өзге жандарға ой салу. Барлығымыздың да қолымыздан көмектесу келетінін көрсету. Тек материалдық тұрғыда емес, моральдық тұрғыдан да. Жақсы іс, әрбір жылы сөз – жанға қуат, – дейді ол.
Жоғарыда атап өткеніміздей, көмекті тікелей жеткізуге атсалысатын автоволонтерлар қозғалысында бүгінде 20-ға жуық тұрғын өз еркімен тіркеліп, жақсылыққа жұмылған. Қорға қажетті дәрі-дәрмектерді әкеліп, өткізу қиындық тудырса немесе хабарласқан азаматтың жағдайына байланысты дәрі-дәрмекті тікелей жеткізу қажет болса, автоволонтерлар оны өз көлігімен тасымалдайды. Қуантарлығы, індет уақытында өзгеге көмектесуді міндет деп білетін жастар қатары күннен күнге көбейіп келеді. Қала тұрғыны Жұбан Темірлан да еріктілер сапына жақында қосылған. Сағатбек Сиюов та игі іске кірісті.
Сағатбек Қуанышбайұлы жайлы білмейтін адам аз шығар. Ол қай істің болса да басы қасынан табылып қолдау білдіруге дайын. Белсенді жас жан-жақты. Ойын қоғамға ашық жеткізе біледі. "Жылы жүрек" қайырымдылық қорында да атқарған жұмыстары жетерлік. Қандай іс-шара болмасын Сағатбекті кезіктіреміз. Байқауларда әділ-қазылар ортасында отырады. Енді, міне, елге қиын қыстау сәтте автоволонтер қатарына қосылды. Тепсе темір үзетін жігіттердің қолына смартфон ұстап, көгілдір экранға телміріп уақытын өткізгенде Сағатбек мүмкіндігі шектеулі бола тұра, көлік тізгінін қолына алды. Әлеуметтік дүкендегі дәрі-дәрмекті мұқтаж жанға жеткізуге білек сыбана кірісті. "Менен қандай да көмек қажет болса, көмектесуге дайынмын, – дейді белсенді жас бізбен әңгімесінде.
– Мен қай кезде де қолдау білдіріп, қиналған жанды демеуге дайынмын. Орталыққа автоволонтер керегін біліп, бел ортасынан табылдым. Қажетті дәрі-дәрмекті жеткізуге атсалысамын. Айтарлықтай ауыртпалық тигізбейді. Қарт кісілердің орталықтан әкетуге мүмкіндігі болмайды, сондықтан арнайы автоволонтер штабы құрылды. Жігіттердің ешқайсынан мекен-жайды таппай жатырмын немесе қолым тимей жатыр деген сөзді естімедім. Бәрі де жұмыстарын жауапкершілікпен атқаруда. Осы орайда Сыр өңірінің жастарын қарттарға көмектесуге, ерікті түрде қолдау көрсетуге шақырамын" – дейді ол. Иә, ерікті түрде жұмыс істеу оңай шаруа емес. Бірақ қызықты тұстары көп. Мәселен, жаңадан достар табасыз. Ортаңыз өзгереді. Адамгершілігі жоғары, түсінігі бар жандарға кезігесіз. Шын мұқтаж жандарға дәрі-дәрмек жеткізудің өзі адамға қуаныш сыйлайды, – дейді Сағатбек әңгіме арасында.
Иә, қала тұрғыны Темірлан Жұбан да еріктілер сапына жақында қосылған. Алматыда білім алып жатқан студент бос уақытын осылайша тиімді пайдаланғысы келгенін айтты. Ол жақсылық жасау үшін ең бастысы мейірімді жүрек пен таза ниет болса жеткілікті деп біледі. «Біз – бір елміз. Тілегіміз де бір – індеттен тезірек арылып, жақынымызға жанашыр болу. Біз біргеміз!» дейді Темірлан.
– Алматыда білім аламын. Әлеуметтік желідегі жазбаны оқыған соң, көмектескен жөн деп шештім. Ата-анам да қолдау білдірді. Сосын "мен неге көмектеспеймін" деген ойға келдім. Автоволонтер қатарына бір күнде ойланбастан қосылып кеттім. Барша достарымды, жастарды қатарға қосылуға шақырамын. Қайырымды істе жақын жандарға, елімізге жанашыр бола білейік. Жеке өзіме ерікті болу қиындық тудырып жатқан жоқ. Қайта сауапты істі тындырғаныма қуанамын. Сондай-ақ қашан да қатардан табылуға тырысамын", – дейді ерікті жас.
Аймақта «Квант» ЖШС мекемесінің автобусымен ауруханаларға оттегі баллондарын жеткізу жұмыстары қарқынды жүргізілді. Облыстық жұқпалы аурулар, теміржол, облыстық өкпе аурулар ауруханасына және Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дің жатақханасынан ашылған провизорлық станцияда барлығы 42 дана оттегі баллондары жеткізілді. Бұл – еріктілердің ерен еңбегі.
– Көптен бері парақшама кіріп тұрғаным осы. Вирус талайды құрығына іліп жатыр. Осыған дейін саясатқа балағандар айналадағы жандардан қапыда айырылып жатқанда сан соғып жатыр. Қимастарымызды қидық. Әлемдік пандемия еңсемізді езіп, жанымызды жаншып жатыр. Е-е, вирусы құрғыр осы екен ғой деп есімізді жиып, сақтыққа мән беріп жатқандаймыз. Бұл үлкен сын болды. Бірлігімізге, тірлігімізге сын болды. Өзім де сол жастардың қатарында болған соң біздің Сыр жастарының бірлікпен тірлік етіп, мұқтаж жандарға дәрі-дәрмек, қажетті заттарды жеткізуі – рухымызды көтеретін іс екенін байқадым. Автоволонтерларды да тартып жатыр екен. Бәрекелді дестік. Жарайсыңдар! Кәсіпкер Мағжан сияқты жастарымыздың еліне жаны осындайда ашымағанда қай кезде ашысын?! Замандас! Сен де қатарға қосыл. Біз бірге екенімізді көрсетейік! Жастар орталығы автобусымен 13 оттегі баллоны облыстық жұқпалы аурулар ауруханасы мен 5 корпус жатақханасына жеткізілді. Уатсап желісі арқылы онлайн психологиялық көмек беріліп жатыр. Алла бұл өтпелі кезеңнен аман-есен өтуімізді жазсын, ағайын! Бірлігі бекем елдің ғана тірлігі түзу болады, – дейді журналист Дәулет Қырдан әлеуметтік парақшасында.
«Ел-Арай» қоғамдық қорының жетекшісі Асхат Байдәулетов Facebook әлеуметтік желісінде ауруханаларға оттегі баллондарын тасу үшін автоволонтер керегін жазған еді. Бастапқыда штаб осылайша құрылған.
– Әлеуметтік дүкен бұрын тұрмыстық заттар қабылдап келсе, бүгіннен бастап өздеріңізден артылған, пайдалануға жарамды, мерзімі өтпеген дәрі-дәрмектерді қабылдап, сұраныс жасаған, нақты қажет ететін жандарға тегін таратуды қолға алды. Егер өзіңізден артылса, өзгеге пайдасы тисін десеңіз, қолыңыздағы дәрі-дәрмекті жастар орталығы жанындағы әлеуметтік дүкенге өткізсеңіз, дәрігер нұсқамасы көрсетілген жандарға жастарымыз үлестіруге дайын. Бір-бірімізге көмек қолын созайық, қиын сәтте бірге болайық, – деді әлеуметтік желіде облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Қуаныш Жанұзақов.
Орталық мамандары қарт кісілерге алуға болатын дәрілер тізбегін күн санап жаңартуда. Таусылған дәрінің орнын өзге дәрімен толықтыруда. Сонымен бірде облыстық жастар ресурстық орталығының жеке парақшасында дәрі-дәрмектер тізбегінің жаңаша үлгісі жарияланып тұрады Олардың қатарында цефазолин-акос, тиамина гидрохлорид, грипго, тайлол фен хот, мукалтин, ампицилин, стрептоцид, аспирин физраствор (система), амбро, индамид, тромбопол, келтикан, короним, нормобакт, энтеро, т.б. дәрі-дәрмектер бар. Мұны арнайы автоволонтер көмегімен ала аласыз.
Автоволонтер қай сәтте де қол ұшын созады. Азық-түлікті де қажетті адамға жеткізеді. Қызметіне ақы алмайды, есесіне алғыс алады. Жұмыстары
Қиын-қыстау кезде сөзбен болса да демеу болған адам бәрінен ыстық көрінеді. Ал автоволонтерлер көп адамға ыстық. "Дәрі алуға ұлымды жібердім, бірақ кей дәрілер болмай шықты. Сосын әлеуметтік дүкенде бар екенін естідім. Бәрі жұмысқа кеткен, әкеп беретін адам болмады. Орталық қызметкерлеріне ұлымның жұмыстан келгенін күткеннен басқа амалым жоғын айтып едім, көп жасағырлар өздері жеткізіп салды. "Апа, түк уайымдамаңыз. Біз сіздерге жеткізіп береміз. Қандай дәрі керегін, мекен-жайыңызды айтсаңыз жеткілікті. Осындай жағдайлардың алдын-алу үшін автоволонтер штабы құрылды" деп айтып мені бір қуантты. Дәрімді үйіме дейін жеткізіп берді. Алғысымды жеткіздім, Алла бұл індетті тездетіп жеңуге жазсын", – дейді Айткүл есімді 2 топтағы зейнеткер.
Адам жаны қиналғанда жан-жақтан көмек сұрайды. Анам салқын тиіп сәл науқастанып қалды. Дәрігер дәрі жазып беріпті. Азанда кеткеннен қас қарая бір-ақ қайтты. Оның үстіне тізімдегі кейбір дәрілер жоқ. Фейсбуктегі жастар орталығының парақшасына көзім түсті. Ішінде мен іздеген дәрілер бар екен, әсіресе амбро. Содан не керек, ұятты жиып қойып орталықтың директоры Бауыржан Мәстековке хабарласып, жағдайды айттым. "Мөлдір, түк қам жемеңіз, қажетті дәрілеріңізді орталықтан ала аласыз" деп қуантты. Содан не керек, тізімде көрсетілген дәрілердің біршамасын ағама табыстадым. Сөйтіп әлеуметтік дүкеннің қызметін мен де пайдаландым.
– Біз дәрі-дәрмекті зейнеткерлерге, мүгедектігі бар жандарға, мүмкіндігі шектеулі мұқтаж жандарға береміз. Біз ерікті түрде дәрі-дәрмекпен, азық-түлікпен қамтамасыз етуге шықтық. Осы жұмысты жұмыла атсалысуға әрекет етіп жатырмыз. Алла сәтін салып, бұл індеттен айықтырса басқасы маңызды емес. Автоволонтерлерді де орталықтан алып кете алмаған жағдайда жеткізіп беруге арнайы құрдық. Бүгінде қатары 20-ға жуықтады. Бұйырса, тағы да қатарын көбейтемін деген ерікті жастар табыла жатар. Автоволонтерлерден мәселе болған жоқ, болмайды деп үміттенемін. Қажетті дәрі-дәрмек болса хабарласуларыңызға әбден болады. Жастардың елмен бірге екенін жеткізгіміз келеді, – дейді Жастар ресурстық орталығының директоры Бауыржан Мәстеков.
Мақаланы орталық басшысының сөзімен аяқтауды жөн санадық. "Біз біргеміз". Бұл – Сыр жастарының басты ұраны. Біз қашанда, қай уақытта да қол ұшын созамыз. Бұл – біздің міндет".
Мөлдір САБЫРЖАН