» » Төтенше жағдайға тыңғылықты әзірлік тосқауыл

Төтенше жағдайға тыңғылықты әзірлік тосқауыл

  Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен облыстық төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі комиссия отырысы өтті. Жиында облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Б.Данилов облыс аумағындағы өндірістік орындар мен тұрғын үйлердегі, орман шаруашылықтары мен шалғай орналасқан елді мекендердегі өрт қауіпсіздік жағдайы және облыс әкімінің орынбасары Н.Байқадамов коронавирус инфекциясына қарсы атқарылып жатқан шаралар туралы баяндады деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
2020 жылдың 7 айында облыс бойынша 321 өрт оқиғасы орын алған. Жалпы өрттің негізгі себептері – электр құралдарын пайдалану ережесін бұзу, балалардың отпен ойнауы, тұрмыстағы және объектілердегі жылыту пештерінің ақауы және басқа да жағдайлардан болып отыр. Бүгінгі күнге облыс аумағындағы өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін 14 мемлекеттік өрт сөндіру бөлімі және 2 өрт сөндіру бекеті жұмыс жасайды. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті 620 қызметкер және 93 бірлік өрт сөндіру автотехникасымен қамтылған.
Облыс басшысы өрт қауіпсіздігін сақтау бойынша бірқатар тапсырма берді.
«Алдағы жылу беру маусымында тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қала және аудан әкімдері өз бюджеттері есебінен әлеуметтік аз қамтылған, көпбалалы, тұрмыс жағдайы төмен отбасылар тұратын үйлерге көмірқышқыл және табиғи газды анықтайтын құрылғылар орнату жұмыстарын жалғастырсын. Облыс көлеміндегі жарылғыш заттар мен аммиактық селитра сақтайтын, оттегі толтыру нысандары мен газ толтыру стансаларына өнеркәсіптік қауіпсіздігі талаптарының сақталуы бойынша жоспардан тыс тексеру жұмыстарын ұйымдастыру керек. Орман және дала өрттерінің алдын алуға арналған күш-құралдардың дайындығын қамтамасыз етіңіздер. Сонымен қатар, Сырдария өзенінің сол жағалауындағы ғимараттар санының өсуіне байланысты өрт сөндіру депосын салу үшін жұмыс жасау қажет», – деді облыс әкімі.
Сондай-ақ қала және аудан әкімдеріне өз аумақтарындағы шалғай орналасқан елді мекендерде құрылған өрт сөндіру бекеттерін кезекшi ауысымға, өрт сөндiру автомобилiне арналған телефон байланысымен, электр энергиясымен, жылумен және сумен қамтамасыз етiлген ғимараттармен қамтамасыз ету үшін қаржы бөлуді және облыс әкімі бекіткен «2021-2025 жылдарға мемлекеттік өртке қарсы қызметі жоқ елді мекендерде кезең-кезеңмен өрт бекеттерін құру» жоспарын іске асыруды тапсырды.
Облыста коронавирус індетін жұқтырған барлығы 3229 адам тіркелген. Науқастардың бүгінгі күнге дейін 93,7%-і (3024) жазылып шықса, аталған инфекциядан облыс бойынша 9 науқас қайтыс болды. Сонымен қатар, коронавирус инфекциясымен қоса, пневмониямен аурушаңдықтың өсуіне байланысты тіркеудің жаңа тәртібі енгізілді.
Күшейтілген карантиндік режимді іске асыру барысында облыста эпидемиологиялық жағдай біршама тұрақталды. Оның дәлелін облыстық медициналық жедел жәрдем стансасына келіп түскен шақыртулар санынан көруге болады. Ең көп шақырту 28 маусым күні түсіп, 2120-ны құраған. Бүгінгі күні шақыртулар саны 52,4%-ке қысқарды.
Эпидмаусым басталғанда облыста барлығы 976 төсек-орын ұйымдастырылған болатын. Шілде айының басында стационарлар жүктемесінің 85%-тен артуына байланысты, төсек орын саны 2405-ке артты.
Қазіргі таңда облыс бойынша төсек-орын тапшылығы жоқ. Алайда қажет болған жағдайда 3000 төсек-орындық 21 инфекциялық стационар қайта ашылатын болады.
Сонымен қатар, үй жағдайында дәрігерлік және динамикалық бақылауды қажет ететін науқастарға медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру мақсатында мобильдік бригадалар ұйымдастырылды. Олардың 38-і қалада, 28-і аудан орталықтарында және 95-і елді мекендерде қызмет атқаруда.
Эпидемияға қарсы іс-шараларға тартылған медицина қызметкерлерін қаржылық қолдау және COVID-19 коронавирустық инфекциясын жұқтырған немесе аталған инфекциядан қайтыс болған медицина қызметкерлеріне біржолғы әлеуметтік төлем қарастырылған. Осы ретте 9988 қызметкерге 2062270,4 мың теңге төленді.
Облыс әкімі коронавирус инфекциясына қарсы шараларды жалғастыруды тапсырды.
«Кәсіпкерлермен келіссөздер жүргізіп, медициналық ұйымдарды қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету мүмкіндіктерін қарастырыңыздар. Облыстағы қажетті дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың жеткілікті болуы және қорғаныш заттарының кем дегенде 30 күндік қоры жасақталуы керек», – деді облыс әкімі.
«СБ» ақпарат
29 тамыз 2020 ж. 292 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031