Отбасы – ұлттың тірегі
Бүгінгі таңда үй ішінде ит асырау салтқа айнала бастады. Бұл – елдің ғұрпында болмаған жағдай. Әрине, мәселе итте емес. Өз отбасы, ошақ қасынан жылылық таба алмай, итпен серік болуды өміріне желеу ететіндердің біздің қоғамға да жұға бастаған қасіретті дертінде. Әр адамға жылылық керек. Тек тәнді ғана жылытатын емес, рухани қуат боларлық берекені де отбасынан іздеген дұрыс.
Қасиетті Құранда мынадай бір аят бар: «Мұса отқа таяп келгенде, оған былай деп үн қатылды: «Ол, сол араға келген сәтте: “Отта әрі оның маңында болған әркімге мүбарак қылынды. Әлемдердің Раббысы Алла пәк” деп дабысталды.» («Нәмл» сүресі, 8-аят). Осы аятты оқығанда, қазақ халқының отбасы, ошаққасы, отан, отағасы деген сөздерді тегіннен-тегін қастерлемейтініне көзіміз жетеді. Бүгінге дейін бабаларымыз отбасын киелі ұғымдардың қатарына қосып келген. Әрбір қазақ құт-берекені де, бақытты да, қуаныш-шаттықты да өз отбасынан тауып келген. Жылдан жыл, ғасырдан ғасыр өтіп бүгінге жеткенде осы бір киелі жеріміздегі құндылықтар бұзылып, бүлініп жатқаны қынжылтпай қоймайды. Біз осыншалық азғындық дертін шекпеген ел едік қой. Бұл қасірет қайдан жұқты? Қазір не көп, толық емес жанұялар көп. Үлкендердің бейғамдығынан бейкүнә балалар қасірет шегуде. Ақылсыз, кездейсоқ үйлене салғандар өздері лаулаған отқа түсіп жатқанымен қоймай, сол отқа шарасыз балаларын да тартып жатыр. Жартылай отбасында жартылай тәрбие көрген балалардың өздері күні ертең қандай қоғамның негізін қалайды?Қарапайым ғана бір мысал айтайын, біздің бір ауқатты ағамыз келіншегіне шетелден екі ит сатып алыпты. Оларды арнайы қарап-баптайтын қызметкерлер бар екен - мыс. Иттер жуынды-шайынды ішпейді, әдейі әзірленген тамақтары, жуынуға арналған бөлмелері бар. Қызметкерлер «айым», «күнім» деп мейірін төгіп, аяулы баласындай мәпелейді. Қорыта келгенде, отбасынан береке кетсе, бүкіл қоғам да азғындыққа ұшырап, тұтасып өмір сүруіне қауіп төнеді деген қорытынды шығады. Расында, алтын ұя – отбасыңда хайуан итпен емес, ата-ана, жаныңа жақын ет бауыр туған-туыс, ағайынмен бірге өмір сүргенге не жетсін?!
Мүслім БӘЙДІБЕК