Салтымызға сақ болайық
Ақсақал, сәл төменірек отырыңызшы, бұл имамның орны еді, деді жас жігіт төрде отырған қарияға өтініш жасап. Орнынан амалсыздан көтерілген ақсақалдың жүзінде реніш табы байқалды. Сәлден соң отыздың о жақ бұ жағындағы имам келіп, төрдегі орынға жайғасты. Тағы бірде кешігіңкіреп келген жас имам дастарқанның басына жайғасып үлгерген жамағаттың, оның ішінде аға буынның бірін орнынан тұрғыза, енді бірін ығыстыра төрге қарай беттеді... Иә, мұндай көріністер сирек те болса, кездесіп қалады. Жалпы, қазіргі заманғы имамның бітім-болмысы қандай болуы керек? Мұсылман қауым төрін ұсынатын «имам» кім деген сауалға берілер жауап та әрқилы. Кейбірі имамдардың жұмысын аса жоғары бағаласа, енді бірі құлықсыз ғана жауап береді. Десек те, ел бірлігі үшін имандылықты ту еткен имамдардың еңбегі қалай болғанда да көпшіліктің қолдауын қажет етеді. Имамның кішіпейіл, мейірімді, ізетті, сабырлы болуы керек екенін өмірден алынған мысалдармен, даналардан қалған ұлағатты сөздермен де сипаттап беруге болар. Бүгінгі ислам дінінің халық алдындағы беделі де имамдардың іс-әрекеті мен жұртшылықпен жылы қарым-қатынаста болуына байланысты екені және мәлім. Бұл орайда, қазақтың «жылы-жылы сөйлесең, жылан інінен шығады, қатты-қатты сөйлесең, мұсылман діннен шығады» деген сөзі де еске түседі. Имамдардың дастарқан басында ғана емес, қоғамда алатын орны Шымкентте «Ұлттық салт-дәстүрлер мен діни рәсімдердің сабақтастығын бірізділікке бағыттау мәселелері» тақырыбында өткен басқосуда да айтылды. Жоғарыдағы мысалдар келтірілді. Дегенмен негізгі әңгіме ұлттық салт-дәстүр мен діни рәсімдердің сақталуындағы аға буынның рөлі, қазіргі қоғамдағы діни рәсімдерді, жоралғыларды жүргізу барысында ысырапшылдыққа жол бермеу мәселелері төңірегінде өрбіді. Айта кетелік, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша өкілдігі – орталық мешіт жанынан құрылған ақылдастар алқасының мәжілісіне зиялы қауым өкілдері, қала, аудан имамдары, үкіметтік емес ұйымдар төрағалары қатысты. Басқосуда көтерілген мәселелер негізі өзге өңірлерде, мысалы солтүстікте нақты жүзеге асырыла бастаған ҚМДБ бекіткен діни рәсімдер мен жоралғылардың бірізділігі еді. Қазағы қалың оңтүстікте діни жоралғыларды бірізділікке түсіру оңайға соқпай отырғаны жасырын емес. Тіпті жаназа мен жерлеу жоралғыларында көршілес ауылдардың өзінде біршама ерекшелік бар. Мысалы, Түркістанда қазалы үйде ас берудің тоқтатылғанына он жылдай болыпты. Бұл үрдіс өзге аудандарда толық қолдау таппай келеді. Сондай-ақ жыртыс беру, қымбат киімдер тарату сынды көпшілік қолдай қоймайтын жоралғылар да тоқтар емес. Бұл орайда жиынға қатысушылар ұлттық салт-дәстүрімізді сақтау, бірақ ысырапшылыққа бармау қажеттігін айтты. Өткен жылы шілдеде Оңтүстік Қазақстан облысында «ХХІ ғасырдың үздік зияткер имамы» атты имамдар форумы өтіп, сол жиында дін өкілдері шариғат және пәтуа мәселелерін негізге ала, марқұмның бір жылға дейінгі ас-су беру мәзірін бекіткен де болатын. Алайда, ол толық орындалмай келеді. Бұл мәселенің кешегі жиында қайта көтерілуі де сөз бен істің үйлеспей отырғанын аңғартады. «Ысырапшылдық пен астамшылыққа, даңғойлық пен кердеңдікке жол бермеу қажеттігі Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында айтылды. «Қазіргі қоғамда шынайы мәдениеттің белгісі – орынсыз сән-салтанат емес. Керісінше, ұстамдылық, қанағатшылдық пен қарапайымдық, үнемшілдік пен орынды пайдалану көргенділікті көрсетеді» делінген мақалада. Яғни әркім көргенділік танытуы тиіс», деген облыс әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібеков қатысушыларды күн тәртібіндегі мәселе бойынша нақты ұсыныстар айтуға шақырды. Жамағаттың есінде болар, ҚМДБ ғұламалар кеңесінің бекітуімен «Жаназа және жерлеу рәсімдері» кітабы жарық көрген болатын. Бүгінгі қоғамда жиі айтылып жүрген өзекті мәселелер қамтылған, ғұламалар кеңесінде екі жыл қаралған осы жинақта қабір басына кесене тұрғызу, тастан белгі қою, мұсылман зиратының талаптары мен қағидалары, діни жоралғылар бір жүйеге келтіріліп, жаназаға қатысты үкімдер топтастырылған. Қайтыс болған кісіні жерлеу, құдайы ас пен садақа берудің әдебі де жан-жақты қамтылған. Негізгі мақсат – ең алдымен, еліміз бойынша діни рәсімдерді бір ізге келтіру, ысырапқа, шариғатқа қайшы әдеттерге жол бермеу. Бұл орайда, діни мамандар марқұмның отбасына көршілерінің тамақ дайындап беруі – сүннет, қаралы үйдің тұрмысы ауыр немесе біреулерге қарызы болса, олардың одан сайын қарызға батып, ас беруі дұрыс емес деп есептейді. Ол үйден ас шығартпау керектігін, тағамды туысқандары, жора-жолдастары немесе көршілері үйінде жасауына болатынын айтады. Сондай-ақ діни мамандардың айтуынша, үшін, жетісін, қырқын, жүз күндігін және жылын беру шариғаттың талабы емес. Алайда, Ханафи мәзһабының ғалымдары оны жаназасына қатыса алмаған алыстағы ағайын-туысқандары көңіл айтып, көрісу үшін жасалатын «мубах» (рұхсат етілген) жоралғылардың қатарына жатқызады. Марқұмның жетісі, қырқы, жылына сиыр немесе жылқы сой деп талап етуге болмайды. Оны бәсекеге айналдыру дұрыс емес. Марқұмның атынан берілетін құдайы асты әркімнің шамасына қарай бергені жөн. Ас үстінде ғибратты әңгімелер мен уағыздар айтылып, жұртты имандылыққа шақырған дұрыс. Құдайы асын беру той емес, жарыса сөз сөйлеу қате. Міне, осындай мәселелермен қатар, басқосуға қатысушылар имамдардың уағызды қысқа айтуы, ортаны ескеруі, мемлекетшіл болуы жөнінде де пікір-ұсыныстарын ортаға салды. Ал жазушы Мархабат Байғұт көпшілікті сөзден іске көшуге шақырды. – Бұл мәселе айтылып та, жазылып та жүр. Бірақ соны жүзеге асыру баяу. Менен де басқалары бар ғой, түзелер, іске асады ғой дейтін бір салғырттық, сүлесоқтық бар. Жүзеге асыру уақыттың, заманның талабы деңгейінде емес. Дегенмен, соңғы 3-4 айда ысырапшылдыққа жол бермеуде кішкене ілгерілеу бар. Осыдан 14 жыл бұрын Шымкентте республикалық деңгейде осындай дөңгелек үстел өтті. Жиынға көп адам қатысты, республикадан өкілдер келді. Біздің облыстан 50 имам, зиялы қауым өкілдері қатысты. Сол кезде дін атын жамылған, қасиетті исламның құндылықтарын жамылғы етіп алған, сол арқылы ұлттық құндылықтарымызға, ұлттық салт-дәстүрлерімізге тамырынан балта шаба бастаған радикалды діни ағымдардың өкілдері қатты жұмыс істей бастаған болатын. Дөңгелек үстелде дін мен дәстүрдің арасына сына қағу, сызат түсіру мақсатында, дін бөлек, дәстүр бөлек, екеуі екі нәрсе деп жұртты шатастырып сөйлегендер де болды. Ондайлар имамдардың арасынан да табылды. Мен жазушылардың жанайқайы ретінде сол жерде дауысымды көтеріңкіреп, қатты сөздер айтуға мәжбүр болдым. «Әлхамдулла, біз мұсылманбыз, бірақ біз қазақ мұсылманбыз, біз араб мұсылман бола алмаймыз. Әлхамдулла, біз мұсылманбыз, бірақ біз қазақ мұсылманбыз, түрік мұсылман бола алмаймыз» деп әдейі барлық ұлттарды атап шықтым. Шынында да біз қазақ мұсылманбыз. Бас июге болмайды, сәлем салуға болмайды, отқа май құюға болмайды дегендердің барлығында ұлттық салт-дәстүрлерімізге қарсы жұмыс істеп, ұлттық қасиеттерімізді жоққа шығарып, ұлтымызды күйрету, қирату мақсаты қойылған. Марқұм Асқар Сүлейменов деген керемет жазушымыз «мен дінге сенбейтін діндармын» деді. Мысалы осыны кейбіреулер басқаша түсінді. Дінге сенбеймін дегені радикалды ағымдарды айтқаны, сол кездегі діннің жағдайын айтты ол. Бексұлтан Нұржекеұлы салт-дәстүр, отбасы туралы романдар жазған, көркемдікке тәрбиелейтін көптеген шығармалары бар. Ол: «менің дәстүрімді мойындамайтын дінді мен де мойындамаймын» деді. Ол қасиетті ислам дінін мойындамаймын деп тұрған жоқ, ол жаңағы ағымдарды айтты. Оны дұрыс түсінбегендер, теріске шығарушылар да, теріс түсінушілер де табылды. Бірақ айналып келгенде адам баласын Алла тағала көркем мінезбен жаратқан, сол көркемдікке тәрбиелейтін құралдың бір түрі мәдениетіміз, ұлттық көркем әдебиетіміз. Ұлттық салт-дәстүрлер ешқашанда бұрынғы замандарда да, қазіргі заманда да қасиетті ислам қағидаларына ешқашан қайшы келмеген. Бүгінде көтеріліп отырған мәселе бойынша көп жұмыс істеу, сөз бен істің бірлігі қажет. Ысырапшылдыққа жол бермеуде әрқайсымыз өзімізден бастауымыз, пейілді, ниетті түзеп, жалған намысты жоюымыз керек, – деді жазушы. Сондай-ақ ол сақалды күтіп ұстау керектігін, Алла сөзінің айтылуы мен жазылуына қатысты ҚМДБ қабылдаған пәтуаны орындау қажеттігін айтып өтті. Иә, «дәстүрлі ислам», «дәстүрлі қазақ мұсылмандығы» жөнінде діни мамандар айтып та, жазып та жүр. Бірақ жұртшылық арасындағы насихаты аздау секілді. Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу орталығының директоры Айнұр Әбдірәсілқызы «Ұлттың рухани тәжірибесі – мемлекеттік идеология негізі» мақаласында «дәстүрлі ислам», «дәстүрлі қазақ мұсылмандығы» деген ұғымдардың негізсіз еместігіне дәлел бола алатын екі қайнар көз барын айтады. «Біріншісі – ислам ілімін жетік меңгеріп, қазақы дүниетаныммен астастыра білген, қазақы мұсылмандыққа негіз болған бірегей ілімдер қалыптастырған ұлтымыздың көрнекті тұлғаларының еңбектері; екіншісі – халқымыздың діни танымын, рухани құндылықтары мен ұстанымдарын танытатын шығармашылық мұралары (ауызша шежірелер, мақал-мәтел, жыр-аңыз, салт-дәстүр, ырым-тыйымдары)», дейді шығыстанушы, құрантанушы ғалым. Осындай ғылыми уәждерді, дәстүрлі исламды негізге ала, айтылған ұсыныс-пікірлерді ескере, ақылдастар алқасының мәжілісіне қатысушылар діни рәсімдер мен жоралғылардың бірізділігі бойынша үндеу қабылдады.
Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,
«Егемен Қазақстан»