БОЛАР ЕЛДІҢ БАЛАСЫН СӘЛЕМІНЕН ТАНИСЫҢ
Үлкен кісілер бір-бірін көргенде «Ассалаумағалейкум», «Уағалейкум ассалам» деп жылы сәлемдеседі. Ер кісілердің осылайша амандасқаны ілтипаттылық сынай танытады. Бірде көше манында бір топ жас жігіт әңгімелесіп тұр екен. Мектеп табалдырығын бітіріп, оқуға түскен студенттер болса керек, қасына қосылған жолдасына «о братан қалайсың?» дейді. Жүрер-жүрмесімді білмей тұрдым да қалдым. О тоба, біз осылай сәлемдесуші ме едік? Шаңырағына қонақ келсе, әкесі солай сәлемдеседі ме деп, ызаландым. Шынында, бүгінде жастардың сөйлесу, сәлемдесу мәдениеті ерсі көрінеді. Сізге ше?
Күнделікті өмірдегі адамдардың қарым-қатынасы, бір-біріне жылы лебіз білдіруі сәлемнен басталады. Сәлем – ұлттық тәрбиеміздің негізі, әліппесі. «Ассалаумағалейкум» мұсылманша «саған бейбітшілік тілеймін» дегенді білдірсе, бұған «уағалейкум ассалам» сіздің үйіңізге де бейбітшілік тілеймін деген мағына береді. Қазақ халқында сәлемдесудің өзіндік ерекшелігі бар. Тіпті, үйде адам жоқ болса да «ассалаумағалейкүм» деп сәлем беру әдетке айналған. Бүгінде жасыратыны жоқ «привет» немесе «сәлем» деп жалпылама айту үйреншікті жағдай.
Бірде ғарышкер Тоқтар Әубәкіров ғарышқа ұшып, аман-есен елге оралады. Оны Қарқаралы халқы хан секілді күтіп алады. Содан «Шайтанкөлге» келген бетте суға түседі. Туған жерін сағынған ғой деседі достары. Содан не керек, оның арты қиын бір жағдайға ұласады. Ертесіне ғарышкердің үстіне адам көргісіз бір жаралар пайда болды. Дәрігерге көрінген. Жақпаған дәрісі жоқ. Кетер емес. Жара онайлықпен жазыла қоймайды. Бір күні Тоқтар түс көреді. Түсінде бір ақсақал «Әй Тоқтар! Сен менімен амандаспадың ғой!» десе керек. Содан Тоқтар Қарқаралыға дәрігердің қарсылығына қарамай салып-ұрып келеді. Келе сала Шайтанкөлге беттейді. Жоғары көтеріліп, көлді көре сала «Ассалаумағалейкум» деп амандасады. Бір түн түнейді. Түсінде манағы шал риза кейіпте көрініп, Тоқтардың үсті-басын қолмен бір сипап өтеді. Қанша мықты дәрігер емін таба алмаған, әлгі жара жазылады. Міне, сәлемдесудің құдіреттілігі.
Құранда «ассалаумағалейкум» арабша «ассаламу алейкум» – «сізге Құдайдың тыныштығы болсын» деген мағынаны білдіреді. Демек, мұсылманшылықта сәлем берудің негізі – тілек, екі мүмін кездескен жерден бір-біріне Тәңірінің тыныштығын тілеп, дұға етеді. Мұсылмандардың сәлемдесу формуласы Құран аяттарымен және Пайғамбар (с.а.с.) хадистерімен бекітілген» деп жазылған.
Қазақта «Болар елдің баласын сәлемінен танисың» деген аталы сөз бар. Бүгінде бұл сөздің мәнісі қашқандай. Жоғарыдағы «о, братан, қалайсыңды» жалғастыра берсек, сәлемдесуге мән бермейтін ұрпақ қалыптасады.
Мөлдір САБЫРЖАН