Балалықтың бақытты формуласы
Бүгінгі балалық шақтың формасы өзгеріп кеткен. Рас. Бұрынғымен салыстыруғакелмейді. Бұрынғы 5 жасар баламен бүгінгі 5 жасар баланың ойлау қабілеті мүлде өзгеше. Әсіресе, қалалық елдімекенде. Баласының жеткілікті білім алуына ата-ана қаржыны аямай-ақ салуда. Алдымен, мектепалды даярлық топтары. Кейіннен түрлі үйірмелер, ағылшын тілі, менталды арифметика, шахмат, сурет, қолданбалы өнер... тағысын тағы. Үйірменің атынан аяқ сүрінеді. Қала берді үй тапсырмасын орындату үшін де баланы жекелеген оқу орталықтың табалдырығына «байлап» бердік. Өзгеден қалмасын деген ой баяғы. Сөйтіп, баланың тағдырын бәсекеге салдық. Ана жаққа, мына жаққа апарып, баланың өздігінен ойнауына, ойлауына шек қойдық. Психологтардың пайымдауынша, балалық шақта ең керегі осы – ойын. Бүлдіршіннің өз бетінше ойнап, ойлауы. Шешім қабылдап, тағырықтан жол табуы. Өзгелермен ортақ диалог құруы. Өз қателігінен сабақ алуы. Риясыз қуануы. Алаңсыз асыр салуы. Мұның бәрі бала бойына ойын процесіарқылы қалыптасады.
Бұрын ше? Балалардың таңертеңнен қара кешке дейін ойыны қанбайтын. Арттық міндеттеу жоқ. Күн ұзаққа далада емін-еркін. Үйге келе ата-әжесінің мейіріміне бөленетін. Қазір ондай ойынға да, мейірімге де уақыт жоқ. Баламен өзара әңгімелесу, сырласу да қалған. Себебі қазір жылдамдықпен жарысқан уақыт.
Білім саласындағы бәсекелестік тіпті жоғары. Мамандықтар да, білім саласындағы өзгерістер жыл өткен сайын күрделене түскен. Түрлі реформалар соның көрінісі. Осы реформаға ілескен ата-ана да бүлдіршіннің балалық шағын «ұрлауда». Кезінде Білім және ғылы министрі болған А.Сәрінжіпов «Біз әлемде жоқ мамандыққа баламызды оқытамыз» деп әзілдеген еді. Бүгінгі көрініс тура сол. Кіл күштіде кім күштіні анықтауға көшкендейміз. Ал осы жанталастың тасасында ұмыт қалған баланың бақытты формуласы ше?..