Пхеньян мен Сеул теміржолдары қосылады
Пхеньян мен Сеул теміржолдарын қосу шаралары қарастырылады. Бұл туралы қос Корея басшылары Ким Чен Ын мен Мун Чже Ин Корей түбегін ядролық қарудан арылту жөніндегі тарихи саммитте келісті, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі Киодо сайтына сілтеме жасап.
Естеріңізге сала кетсек, 27 сәуірде Ким Чен Ын мен Мун Чже Ин Корей түбегін ядролық қарудан арылту жөнінде тарихи саммит өткізді. Екі ел көшбасшысы 2007 жылдан бері алғаш рет кездесті.
Сондай-ақ, тараптар Корей түбегінің толық ядролық қарусыздануын талқылаған. Мемлекет басшылары бірлескен декларацияға қол қойып, Корей түбегін ядролық қарудан арылтуда бірге жұмыс істеуге келісті.
Бұдан басқа, олар Корей түбегінде «тұрақты және ұзаққа созылған» бейбітшілік құруды және Корей соғысының аяқталуына орай келісім жасасуға ұмтылатындарын айтты.
Оған қоса, Пхеньян мен Сеул теміржолдарын қосу шараларын қарастырады.
Бұған дейін, 17 сәуірде ҚР сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов елімізге ресми сапармен келген Корея Республикасының сыртқы істер министрі Кан Ген Хванға Қазақстанның Корея Республикасы мен КХДР-дың келісімге келуін қолдайтынын және Корейаралық самиттен үлкен үміт күтетінін айтқан болатын.