Әріптесіміз лауреат атанды
Республикалық «Ұстаз мәртебесі» газетінің жауапты хатшысы Абай Тағыберген Назарбаев зияткерлік мектебі дербес білім беру ұйымының 10 жылдығына орай өткен республикалық журналистер байқауында лауреат атанды.
Байқау шарты бойынша журналистер білім саласының жаңашыл жүйесіне қатысты талдамалы мақала жазуы тиіс. «Жаңа заманның жаңғырған мектебі» тақырыбын арқау еткен конкурста 50-ге жуық журналист бақ сынаған. Сөз бәйгесінде өзгеден оқ бойы озық шығып, қаламының қарымды екенін дәлелдеген Абай Тағыберген үздіктер қатарынан көрінді. Айта кету керек, үздік жүлделі үш орынмен қатар 5 аймақтың журналистері арнайы лауреат дәрежесін еншілеген. Байқау қатысушылары «Жаңа заманның жаңғырған мектебі» шығармашылық конкурсын жыл сайын өткізіп тұруға ұсыныс білдірді. Олар білім беру саласында мамандандырылған журналистерге, соның ішінде кәсіби сайыс пен тақырыптық тренингке арналған бәсекелестік ортаны құру қажеттін атап өтті. Астанадан жеткен марапатты Қызылорда облысындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің жауапты мамандары табыстап, басылым тілшісіне ұйымдастырушылар тарапынан шығармашылық шабыт пен табыс тіледі.