БІЛІМ САЛАСЫНДА ЖАҢА СЕРПІН
Өткен аптада өңірлік коммуникациялар қызметінде баспасөз конференциясы өтті. Оған «Назарбаев Зияткерлік мектебі» дербес білім беру ұйымы педагогикалық шеберлік орталығы Қызылорда филиалының директоры София Камалова, №10 дарынды балаларға арналған облыстық «Білім-инновация» лицей-интернаты директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Ләззат Микеева қатысты.
Брифингте София Камалова Елбасы жолдауы білімге бағытталған қолдау екенін жеткізеді.
– Биылғы Жолдаудың ерекшелігі көп. Білім саласындағы елеулі жаңартулар Елбасы тарапынан қолдауға ие болды. Сол жаңашылдықтың бірі - жаңартылған білім беру мазмұнына көшу және білім берудің өзіндік озық жүйесін қалыптастыру. Жаңартылған мазмұнмен жұмыс жасайтын мұғалімдер жалақысының 30 пайызға көбейетіндігі де бізді қуантты. Бұл мұғалім мәртебесі мен еңбегіне деген құрмет. Себебі, жаңартылған білім беру бағдарламаларымен жұмыс жасайтын мұғалімнен үздіксіз ізденіс пен шығармашылық талап етіледі. Және де жолдаудағы тағы бір назар аударатын мәселе педагогтарды оқыту және олардың біліктілігін арттыру жолдарын қайта қарау. Осы тұста атап айтарымыз, әлемдік стандарттарға сай жүргізілетін жаңа форматтағы біліктілікті арттыру курстары жайлы болмақ. Осыған орай, Назарбаев Зияткерлік мектептері Педагогикалық шеберлік орталығы педагогтарды кәсіби дамытудың жаңа моделін әзірледі», – деді София Камалова.
Жолдауда мұғалімдер мәселесіне жіті назар аударылған. Білім беру ісіне толыққанды көңіл бөлмей тұрып, саяси-экономикалық, инновациялық тұрғыда дамуды мақсат етуіміз бекер.
Мөлдір КЕНЖЕҒҰЛОВА