» » Бәс тігу ме? Бас тігу ме?

Бәс тігу ме? Бас тігу ме?

    Қасиетті деп, қаймағы бұзылмаған, қаланың қаттылығынан ада деп бағалайтын ауыл дейтін әдемі дүниенің ішінде карта деген кесір ойын пайда қашан. Айтпақшы, той-домалақтың соңында қырықтан асып, елуге жақындаған ағалар, оның ішінде елдегі «қаймақтарға» ғана (әкім, бас маман, мектеп директоры мен кейбір сауданың құлағын ұстағандар) жарасатын бұл  ойынға  неге қазір жас пен жасамыс құмар болып алған?!
Өзім ауылға жиі барып тұрам. Барғанда қатар-құрбыңнан бөлек, аға буынмен де әңгімелесудің сәті түсіп жатады. Сондағы еститінім мынау. «Кеше бес мың теңге жібердім», «пәленшенің қолы шыққыш екен, үш тұз бен санға толып отырды» немесе «қолым шықпады», «сыпырылып қалдым» т.с.с. «Күліс» деген карта ойынын түсінетін кей адамға бұл сөздер өте таныс. Енді қараңыз, сол ауылда 8-сынып оқитын баладан, 80-ге тақап қалған шалға дейін жантайып жатып карта соғады. Ақшаң бар ма, жас па, кәрі ме, санасу жоқ. Сартылдатып ойнай бер. Жүгенсіздік демей не дейсің мұны?!
Батасын берер қария, ақыл айтар аға дейтін жүрттан күтетінің ақыл емес, ақшаға құмартқан карта болса басқаға не жорық?! Құмар ойындардың ең қорқынышты түріне әуестенгенбіз. Ауылдағы үш картаны санап, «күліс» ойнаса, қалада бұның түрі көп. Соның ішінде покер деп аталатын түрі ойынханаларда үлкен сұраныста. Алдамшы ойыннан байып кеткен ешкімді көрмеппін, есесіне «екі алақан, бір бет» болып, соры қайнағаны жетерлік.
Құмар ойынға жетектелетіндей себеп те көп. Ауылда жұмыс көзі тым аз. Қалада көз тартар ойынхана мен букмекерлік кеңселер толып тұр. Жеңіл жолмен мал табам деп масқара болып жатқаны қаншама? Осы карта мен «ставка» қою арқылы бар табысының басына су құйған бассыздарды да көргенбіз. Сен бас шайқайсың, бармағын тістеп ол жүр. Қоғамдағы көп қасіреттің бірі осы. Соңғы статистикалық мәліметтерге сүйенсек, жылына Қазақстанда 4000-ға жуық адам өзіне-өзі қол жұмсайды. Егер рас болса, мынау енді сорақы цифр! Ал олардың басым бөлігінің өлімі ойынқұмарлықтан болғаны туралы дәлелдер бар. Рас шығар. Психологтар ойынқұмар адамның жеңіліске ұшыраған сайын депрессияға ұшырап, жүйке жүйесіне айтарлықтай зақым келетіні туралы айтудай-ақ айтып келеді.
Сөз соңында. Ауылдағы құрдастарым арасында «Уатцап» желісінде арнайы топ бар. Топтың арнайы аты да бар. Сондағы топта тек карта ойнаушылар тіркелген. Күлетін түгі жоқ. Жазда саябырситын бұл ойын, күз түсіп, қыс басталысымен құлпырып сала береді. Жиылып алып карта соғады. Таң атқанша. Бүгінгі қоғам, әсіресе жастардың көпшілігі құрдымға жіберетін осындай құмар ойынға (карта, кено, спорттық ойындарға бәс тігу, т.б.) құмартып жүр. Бәс тігем деп өміріне бас тіккендерге не айта аламыз? Құмарлық деген құлқынды қалай тыямыз?!
Ержан СОЙЫРҚАС
30 тамыз 2018 ж. 1 604 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031